Basty bet

«Жаңа өмір» – ақыл-ойдың және даналықтың қоймасы!

Жуалы ауданының төл басылымы – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетін үзбей оқып, газеттің тұрақты оқырманы болып келе жатқанымызға да жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Бәрі де кешегідей көз алдымда. Уақыттан жылдам, уақыттан бағалы не бар екен мына дүниеде?! Күнделікті қарбалас тіршілікпен арпалысып жүріп, уақыттың қалай жылдам өтетінін кейде сезбей де қалатанымыз бар. Біз үшін қымбат та, аяулы басылым төл газетіміздің жарық көргеніне биыл 90 жыл толғалы отыр екен. Бұл – газет тарихындағы айтулы белес.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері төл газетке өлеңдерім тұрақты жарияланып келеді. Жаңылмасам, сол жылдары ақын-журналист Мырзахан Ахметов газеттің әдебиет бөлімін басқаратын. Өлеңімді алғаш газет бетіне жариялап, тұсауын кескен де қаламдас азамат Мырзекең болатын. Ол кісіге алғысым шексіз! Тұрақты оқырман ретінде содан бері менің де шығармашылық қуатым өсе түсті. Оқырмандардың және мектепте бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің жылы лебіздері қиялыма одан сайын қанат бітірді. Содан бері міне 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Газетте жарық көрген сол алғашқы өлеңімнің тақырыбы да, көп жерлері ұмыт болыпты…
«Жаза алмасам өлеңім айып менен,
Шыға алмасаң жарыққа өлең-жырым.
Қалай ғана жүремін байыппенен,
Өлеңімді неге мен тығып келем.
Өз туымды қалайша жығып келем?
Балапандай сарыауыз өлеңім-ау,
Неге ұшырмай ұяңда бұғып келем?» деген жолдары ғана ойымда қалыпты. Қазіргі уақытта төл газетіміздің жаңа заманға сай жаңарып, жаңаша келбетке ие болып өсіп-өркендеп келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ауданның тарихына және оның заңды мақтанышына айналған төл басылымның бұл күндері бет-бейнесімен қатар мазмұны да байып, өзіндік айтары бар іргелі басылымға айналып отыр. Елге танымал қаламгерлердің дені «Жаңа өмірде» кемелденіп, осында шеберлігін шыңдап, шығармашылықтың биік шыңына жету үстінде.
Газеттің қазіргі ұйымшыл ұжымы да өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, өңірдің рухани кеңістігіне адал қызмет етуде. Мамандардың барлығы дерлік өз ісінің нағыз майталман шеберлері. Шығармашылық ұжым қасиетті өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігін қамтумен бірге, арнаулы беттермен, түрлі айдарлармен, жас ұрпақ тәрбиесін және отбасы құндылықтарын газетте үзбей жариялауы оқырмандардың тарапынан оң бағасын алуда.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезеңде адамдардың, әсіресе, жастар жағының газет-журнал, кітап оқуға деген құштарлығы өте төмен. Олар көбінесе газет оқығаннан гөрі әлеуметтік желілерге шұқшиғанды артық көреді. Рас, қазіргі заманды бұрынғымен салыстыруға келмейді, бірақ ұялы телефонсыз тірліктің бітпейтіні айдан анық. Бірақ әрбір нәрсенің өз орны бар емес пе?! Солай екен деп құндылықтарды бір шетке ысыра салуға бола ма екен? Бұл – өте толғақты мәселе.
Осы жақында ғана жоғары білімі бар келіншектің: «Газетке жазылу не үшін қажет? Бар іздегенің интернетте тұр ғой. Газетке қаншама қағазды ысырап қылудың керегі не?» демесі бар ма? Әлгінің сөзіне таңдана отырып, қатты қынжылдым. Алаш ардақтысы, ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген жоқ па еді? Осы қанатты сөздің тереңіне үңілсек болар еді.
Жаңаша жаңғырған мазмұны да байып, келбеті де айқындала түскен төл басылымның әрбір қадамына, жеткен жетістігіне шын қуанып, тілеуін тілейікші, ағайын! Әсіресе, жылына екі мәрте жүргізілетін аудандық газетке жазылым науқаны кезінде оқырмандардың және өңір тұрғындарының тарапынан белсенділік пен жанашырлық қажет. Руханиятты сыйлаған, оны төрге оздырған азаматтар осылай етсе керек-ті…
Өзіміздің төл газетіміз, сүйікті басылым – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің терең тарихқа, ізденістке толы шежірелі 90 жылдық мерейтойы құтты болсын. Басылымның абыройы асқақтап, таралымы да еселеп артып, онымен бірге сүйіншілейтін жағымды жақсы жаңалықтар көп болсын дей отырып, сүйікті газетіме деген ақ тілегімді төмендегі өлең жолдарымен жеткізгім келеді.
«Жаңа өмірім» – Жуалының айнасы,
Ақыл-ойдың, даналықтың қоймасы.
Айтары айқын, берері мол басылым,
Оқырманға тиетін көп пайдасы…

Тұнып тұрған тұғырлы шежіресің,
Ақиқатын тарихтың сен білесің.
Куә болып бәріне өткен шақтың,
Оқырманды шындыққа сендіресің.

Қуанамын, көбейсе таралымың,
Оқырманға таныттың саналы ұғым.
Биік-биік белесті бағындырды,
Шеберлігін шыңдаған сан алыбың.

Жаңалыққа, жақсы істерге жаршысың,
Аз да болса үлес қоссам – арлы ісім.
Тамызғандай болар едім теңізге,
Ізгіліктің жалғыз түйір тамшысын.

Өмір-керуен, бәрі бастан өтер шын,
Сан ғасырдан ғасырларға жетерсің.
Келер ұрпақ жалғастырып ізіңді,
Ұлттық рухты зау биікке көтерсін!

Айғақтаған өңірімнің
тіршілігін, тынысын,
Көңіл тербер жанарымның нұрысың.
Мерейлі боп, жариялап жаза бер,
Туған елдің тасқындаған ырысын.

Ақыл-ойдың, даналықтың кемесін,
Алға тартып, өркендеумен келесің.
Абыройың асқақтап, тұғырлы бол,
Құтты болсын, 90 жылдық белесің!

Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардақты ана, ардагер ұстаз
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close