Basty bet

«Заманмен сырлас, уақытпен үндес басылым!»

аудандық газет 85 жылдығын атап өтті

Өткен жұмада ауданның айнасы, төл басылымымыз Жуалы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған «Заманмен сырлас, уақытпен үндес басылым!» атты мерекелік кеш өтті. «Райхан» мейрамханасындағы кешке «Жаңа өмір» газетінде еңбек еткен және жұлдызы биік Жуалыдан түлеп ұшқан, бүгінде елімізге танымал журналист-жазушылар, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, облыс әкімінің бас инспекторы, Қазақстан Журналистер Одағының Жамбыл облыстық филиалының басшылығы, аудан басшылары, газет ардагерлері мен бірқатар тұрақты оқырмандар мен штаттан тыс тілшілер қатысты. 85 жылдық белесінде алғаш рет өткізіліп отырған мерейтой, яғни, аудан халқының мәдени-рухани өміріндегі елеулі мереке аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының қолдауымен, бөлім, мекеме басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің, сонымен бірге шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкерлердің демеушілігімен атап өтілді. Мұны аудан басшылығының тарихқа, мәдениетке, өнерге, оның ішінде сөз өнеріне деген құрметі деп білген жөн.Мерекелік кешке қатысушылар алдымен «Архивтегі сарғайған беттер сөйлесе…», «Естеліктер ешқашан ескірмейді», «Жанға шуақ сыйлаған жарқын сәттер» тақырыбымен жабдықталған көрмемен танысты. Көрмеге архивтен алынған аудандық газеттің 1960 жылдан бергі тігінділері, сол жылдары еңбек еткен редакция қызметкерлерінің жұмыс барысындағы суреттері, тәуелсіздік алған жылдардан бергі газеттің дамуы, яғни бұрынғы ақ-қара түсті газеттер, ауданның айтулы оқиғаларына арналған арнаулы нөмірлер, түрлі-түсті болған кішкентай форматтағы газеттер және қазіргі D2 форматтағы түрлі-түсті газеттер мен редакция қызметкерлерінің жұмыс барысындағы қызықты сәттерінен суреттер қойылды.
Көрмемен танысып жүрген қонақтардың құлағы газеттің тарихына арналған радиомонтажда болды. Осындай әсерлі сәтте әсіресе, Алматы қаласынан осы тойға арнайы ат терлетіп келген жерлестеріміз, елімізге танымал жазушы-журналистер Мырзахан Ахметов, Доқтырхан Тұрлыбек, Қасым Әзімханұлы, Талғат Айтбайұлы ерекше сезімде болды. Әріптестеріміздің туған жер, «Жаңа өмір» – қара шаңыраққа деген құрметі, сағынышы барлығымызды тебірентті.
Мерекелік кешті аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, аудандық Алқа билер кеңесінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы, ардагер ұстаз, қадірменді қария Әбілқасым Ергебекұлы және Бауыржан Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренұлы ашып, игі тілектерін жеткізіп, ақ баталарын берді.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінің әншілері Мадина Свамбаева мен Мәлік Мықтыбеков ақын-сазгер Мырзахан Ахметовтың «Жуалым» әнін әуелете шырқады.
Кеш қонақтары мен газет ұжымын аудандық төл басылымның мерейтойымен құттықтау үшін және газет қызметкерлерін марапаттау үшін сөз аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаевқа берілді. Ербол Сәкенұлы аудандық газеттің ауданның қоғамдық өміріндегі орны мен рөліне тоқталып, газет ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып бірқатар қызметкерлерді аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапаттады.
Келесі кезекте аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі Шынаргүл Әбдікерімова құттықтау сөз сөйлеп, ол да Жуалы ауданының Құрмет грамотасы мен аудандық мәслихаттың Алғысхатын тапсырды.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова да жүрекжарды лебізін білдіре келіп партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқаны үшін «Жаңа өмір» газетінің 85 жылдығына орай редакция қызметкерлеріне марапат тапсырды.
«Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әнші-термешісі, бірқатар байқаулардың лауреаты Мәлік Мықтыбеков ақын Нұржан Әліштің «Жаңа өмір» газетіне арнау жырын домбырамен орындады.
Кезек 85 жылдыққа орай дайындалған деректі фильмге берілді. Фильмде газеттің тарихынан азды-көпті сыр шертіліп, онда аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы 85 жылдық тарихы бар газеттің аудан өміріндегі орны туралы, ал газеттің 1994-2016 жылдар аралығындағы бас редакторы Мейірбек Мәтенов өзі басшылық еткен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы газеттің жағдайы жайлы айтса, Кеңестік кезеңде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет еткен Лидия Ходкевич газеттің рөлі туралы әңгімеледі. Газеттің бөлім меңгерушісі Гүлмира Дембаева редакция жұмысының бұрынғы сәті мен бүгінгі дамыған техника заманындағы жұмысын салыстыра баяндады. Қайнап жатқан редакция жұмысы, баспаханада басылып жатқан газет, жалпы газеттің бір нөмірін шығару үшін атқарылар жұмыс туралы қысқаша сюжет көпшіліктің көңілінен шықты.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Бірлікұлы газет ұжымын торқалы мерейтойымен құттықтай келе, редакция ұжымына аудандық полиция бөлімінің Алғысхатын табыс етті. Ал, аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы газеттің қаржылық бақылау маманы Әбуғали Әбделіұлы мен есепші Қарлығаш Шымырханқызын Алғысхатпен марапаттады.
«Бұл басылым – бәрімізді қанатты қалам әлеміне ұшырған айлағымыз!»
Келесі құттықтау сөздің кезегі кештің құрметті қонақтары ауданның Құрметті азаматы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы, ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мырзахан Ахметовке, жазушы, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбекке, республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистикасының қайраткері Қасым Әзімханұлына, публицист-жазушы, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері Талғат Айтбайұлына, аудандық газеттің 1994-2016 жылдар аралығындағы редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мейірбек Мәтеновке беріліп, олар аудандық басылымға, онда жұмыс істеп жүрген шығармашылық ұжымға деген жүрекжарды лебізін білдіріп, өздері еңбек еткен тұста естерінде қалған жарқын естеліктерін айтып берді.
– Бұл басылым – бәрімізді қанатты қалам әлеміне ұшырған айлағымыз. Сондықтан бұл шығармашылық ұядан Әміртай Бөриев, Манап Бөлекбаев, Жаңабек Тоқпанов, Рақымбай Сатаев, Жақсылық Жүнісов, Мақұлбек Рысдәулет, Толымбек Әлімбекұлы, Талғат Сүйінбай, Алпысбай Шымырбайұлы, Гүлжәмилә Райымбек, Бауыржан Үсенов, Талғат Сейтәлиев, Ақылжан Мамыт, Дәулет Төлепбергенов, Баймахан Әлімбеков – тағы да қайсы кісілерді айтайын, көп… Бәрімізді баптап ұшырған «Жаңа өмір» болатын. Осы газетте Әбдіғапар Айтақов, Амангелді Ормантаев, Әбдібек Қоңырбеков сынды қалам қайраткерлері қызмет істеген. Біреу есімін білсе, екіншілері білмейтін, әйгілі жыр дүлдүлі Қуандық Шаңғытбаевтың сәт сапар сөзімен «Мәдениет және тұрмыс» журналында бір топ өлеңдері басылған ақын Данияр Ниетбаев та біраз жыл қызмет істеп, өлеңқұмар жастарға қамқорлық жасаған. Өкініштісі, ол ерте қайтыс болып кетті. Мен сонау студенттік кезімде аудандық, облыстық газеттердің тігінділерін ақтарып, ол кісінің жырларын жинаған едім. Кейін кітап етіп елге ұсындым.
«Жаңа өмірдің» редакциясында қызмет істейтін қаламгер іні-қарындастарымыз ағалардың дәстүрін жалғастырып, қаламға құмартқан ұл-қыздарды тәрбиелеп жатыр екен. Біз осыған қуанамыз. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді өз сөзінде қаламгер, «Жыл он екі ай» балалар альманахының редакторы Талғат Айтбайұлы.
Редакцияда әр жылдары жұмыс істеген газет ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Газеттің бас редакторы Берік Жұмабайұлы «Жаңа өмір» газетінде тілшіліктен бастап, редактордың орынбасарына дейін көтерілген журналист Ақылжан Мамытты, тілші, бөлім меңгерушісі болып істеген Жамбылбек Шоқыбасовты, Мырзай Нұрабаевты, журналист-жазушы марқұм Амангелді Ормантайдың жары Күләйша Шілдебайқызын, бұрынғы баспашы Виктор Гончаровты, корректор Орынкүл Сартайқызын, аудармашы болып еңбек еткен Ризакүл Нышанқызын, фототілші Жиден Керімбекұлын ортаға шақырып, оларға сый-сияпаттар табыс етті.
Әрі қарай кеш қонақтары – облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің бас редакторлары Көсемәлі Сәттібайұлы мен Бекет Момынқұл, облыс әкімінің бас инспекторы Нұрболат Сатымқұл, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, «Жамбыл-Тараз» газеті бас редакторының орынбасары, «Жаңа өмір» газетінің 2017-2018 жылдардағы редакторы Бекнұр Мейрамбайұлы және «Жамбыл» телеарнасы директорының орынбасары Нұржан Мергенбай, «Арай» газетінің тілшісі Саятхан Сатылған, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Жамбыл облыстық филиалының кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің заңгері Дина Орынбекқызы, «Знамя труда» газетінің бас есепшісі Индира Бауыржанқызы, тілшісі Людмила Мельник газеттің 85 жылдық мерейтойына байланысты шығармашылық ұжымға ізгі тілектерін білдірсе, облыстық «Арай» газетінің тілшісі, жас ақын Нұржан Қадірәлі «Жаңа өмір» газетіне арнаған өлеңін оқып берді.
Ал, Дина Орынбекқызы газеттің бөлім меңгерушісі Гүлмира Дембаеваға «Еңбек Даңқы» төсбелгісін тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
Абылайхан СӘРСЕН,
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close