Basty bet

Ел ынтымағы мен ауызбіршілігінен айнымасын

Алғыс айту – Мәңгілік елдің ұлттық біртұтас идеясы. Мұның арқауында еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың ынтымағы, береке-бірлігі жатыр. Осы бірліктің біртұстағы сонау сұрқия саясаттың салдарынан қақаған қыстың күні вагонга жегіліп, жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқымен араласып, сіңісіп кетуінен басталады. Өйткені, қазақ халқы басына түскен қиын күндерде жанашырлық танытып, үйсіз-күйсіз қалған, бөтен елге келген халықты жатсынбай қарсы алды.

Тарих беттерінен, әдеби шығармалардан сол кездегі ұлттардың тағдырдың аяусыз соққысына ұшырап, бір сәтте туған Отанынан жырақтап қалғанын оқыған болатынбыз. Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген біз елімізде ұлттар достығын көріп, бір аулада асыр салып ойнап өскен жастармыз. Көлбастау ауылында бала күнімізде орыс, әзірбайжан ұлтының өкілдері көршілес-қоралас болып, бірлік пен татулықта өмір сүрді. Ауылда әлі де сол жақсы үрдіс сақталып отыр. Бір-бірінің қуанышымен бөлісіп, ақ дастарқан басында игі тілектерін айтып, ата-аналарымыздың ауызбіршілікте болғанын көріп біз де өсіп жетілдік. Көршілердің балаларына қазақ тілін үйретіп, қазақша сөйлесіп, бір-бірімізбен бауырдай болдық. Міне, осындай татулықты көріп өскен ұрпақ болашақта достықты жалғайтын алтын көпір іспетті болары сөзсіз.
Бірлігі жарасқан Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында 217 әзірбайжан, 172 орыс және 20 өзге де этнос өкілдері тұрады. «Менің туған жерім, елім – Жуалы» дейтін Бахор Мажитқызы 1955 жылы Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Мажит және анасы Сура ел қатарлы еңбек етіп, колхоздың жұмысына белсене араласқан. Үздік жұмысшылардың қатарында болып, тыл жұмысына да қатысқан. Қазақ халқымен бірге аштықты көріп, сұрапыл соғысты да бірге өткерген. Өмірін еңбекке арнаған қария өмірден ерте өтсе, анасын жер қойнауына тапсырғанына бір жылдың жүзі болыпты.
– 1934 жылы Нахчиваннан жер аударылғанда анам жеті жаста болған. Алғашында осы Жуалыдан түсіріліп, кейіннен Шыңбұлақ ауылына қоныстанған. Әзірбайжандардан бөлек, армянь, шешен ұлттары да жер аударылып келіп жатқан. Бір-бірін түсінбейді. Тілдері басқа. Бірақ, қазақ халқының бауырмалдығы біздің ата-бабамыздың осы жерге сіңісуіне ықпал еткен. Бір-бірлерімен ымдап сөйлесіп, түсінісіп, қиындықпен бірге күрескен. Әкемнің айтуынша, ол аштық кезінде 11 отбасын аман алып қалыпты. Қыстың соңғы күндері қардың астынан күзде себілген бидайды қазып, теріп алып, соны қайнатып ботқа істеп, тамақтанған. Содан бірнеше отбасының өмірін сақтап қалған екен.
Алты ағайындымыз. Екеуі қайтыс болып, қазір төртеуіміз қалдық. Бала күннен еңбек етіп, адалдықта, достықта тәрбиелендік. Шыңбұлақ ауылында тұрғанда сол жердегі жергілікті тұрғындармен бірлігіміз мен татулығымыз жақсы болды. Одан кейін мен 1971 жылы Шымкент қаласында училищені оқып, тігін фабрикасында жұмыс істедім. Ауылға қайта оралып, Жаваншир есімді азаматқа тұрмысқа шығып, отау құрдық. Жолдасымның өмірден озғанына да 20 жылдың жүзі болыпты. Жолдасымнан ерте айырылып балалар өзіме қалды. Жалғызбасты болғандықтан ұлымды оқыта алмадым.
Өмірімнің 35 жылын саудаға арнадым. Яғни, аудандық тұтынушылар одағында сатушы болып жұмыс істедім. Тәртіп пен талап өте қатал. Сауданың бір тиынына дейін жауап бересің. Қаталдық бар жерде адалдық та бар. Сондықтан біз еңбек еткен жылдары тек жақсы жұмыс істеп, адал еңбек етуді ойладық, – дейді Бахор Кулиева.
Бейнетінің зейнетін көріп отырған Бахор Мажитқызы әлі де тың. Үйде немерелерінің тәрбиесіне атсалысып, шаңырақтағы татулықты орнатып отырған жан. Ол өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, бүгінде сегіз немере сүйіп отыр. Қыздары Зарниар,Чакар тұрмыс құрып, өмірден өз орындарын тапқан. Ал, қолындағы ұлы Жамил орыс ұлтының өкілі Ирамен көңіл жарастырып, отау құрған.
Бүгінде олар көпұлтты отбасына айналған. Олардың Руслан, Русалина, Руфина есімді ұл-қыздары бар. Келіндері Ира Кулиевтердің шаңырағына келін болғанына 16 жыл болған. Жолдасы екеуі жастайынан бір-бірін жақсы танып, үлкен өмірге қадам басқан. Ол осы шаңырақтың дінін ұстанып, салт-дәстүрлерін үйреніп, келіндік міндетін атқаруда. Бір отбасының жайлылығын қолға алған Жамил Жаванширұлы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол: «біз осы Көлбастау ауылында туып- өстік. Ауылдағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте оқып, түрлі қоғамдық шараларға қатыстық. Қатарластарымызбен тату-тәтті болып, достық қарым-қатынаста болдық. Қазір де көршілерімізбен ауызбіршілігіміз, татулығымыз жақсы. Бір-бірімізге қонаққа барып, әсіресе, ұлттық мерекелерді бірге қарсы аламыз. Той-жиындарда, беташар, құдайы тамақтарда қол ұшын беріп, көмегімізді аямаймыз»,- дейді.
– Ата-анамның қазақ еліне, жеріне, дарқан көңіліне үнемі айтып отыратын алғысы менің жүрегімде ойып тұрып орын алған. Қазақ халқының арқасында біздің мәдениетіміз, тіліміз, дәстүріміз сақталып қалды. Сол себепті қазақ халқына алғысым шексіз. Осы өлкеде дәстүріміз бен ұлттық құндылығымызды жоғалтпай өмір сүріп келе жатырмыз. Елбасының дара саясатының ықпалымен біз секілді талай ұлттың ұрпақтарына бір шаңырақтың астында білім алып, жұмыс істеп, бақытты өмір сүруге мол мүмкіндік беріліп отыр. Бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Бірлік, ынтымақ болса, жетістік те, жарқын болашақ та болады. Сондықтан бір-бірімізге, көршілермізге, айналамыздағы жандарға алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз, сыйластығымыз. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеген қазақ халқына алғысымды айтамын. Елімізде бірлік пен татулық мәңгілікке ұласып, тыныштық пен бейбітшілік орнай берсін, – деп Бахор Мажитқызы аналық ақ тілегін арнады.
Міне, ұлттардың достығын нығайтатын Алғыс айту күні – адамдардың бір-біріне құрметі мен қадір-қасиетін арттыратын күн. Ел ынтымағы мен ауызбіршілігінен айнымасын десек, ата-бабамыздан қалған сара жолмен жүріп, береке-бірлікті ту етейік. Бірлігіміз бен ынтымағымыз арта берсін! Еліміздің өсіп-өркендеуіне, тәуелсіз ел болып қалыптасуымызға атсалысқан барша қазақстандықтарға біз де алғыс айтамыз!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close