Basty bet
Вакцинациялау кезіндегі қауіпсіздік мәселелері
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жығы 27 қаңтардағы №3 қаулысымен халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау кезінде қауіпсіздік сақтау ережелері бекітілген .
Еліміздің аймақтарындағы КВИ және респираторлық инфекцияларға эпидемиологиялық қолайсыз ахуалды ескере отырып, емханалардың кіреберістеріне дене қызуын түйіспесіз өлшеуді және КВИ ауруын растайтын симптомдардың бар-жоғын бақылайтын сүзгі орнату, келушілердің қолдарын өңдеуге арналған санитайзерлер орнату көзделеді. Профилактикалық екпе алу мақсатында медициналық мекемеге келген адамдар медициналық қорғаныш бетперде киіп, келушілермен арақашықтығы кем дегенде 1,5 метр болады. Ауру симптомдары анықталған жағдайда, оларға бетперделер беру және дәрігердің тексеруін күту үшін бөлек бөлме қарастырылады. Аталған емделушілердің басым қызмет алу құқығы болады.
КВИ-ға қарсы халықты иммундауды ұйымдастыру кезінде вакцинациялауға жататын адамдардың тізімін жасау, вакцинациялауға жататын адамдарды екпеге шақыруды ұйымдастыру, бұл ретте уақыт аралықтары мен емханаға келгенде физикалық арақашықтықты сақтау мәселелеріне мән беріледі. Сонымен бірге екпе алған адамдар екпеден кейін физикалық арақашықтық талаптарын сақтай отырып, арнайы бөлінген бөлек, жақсы желдетілген бөлмеде 30 минут бойына медициналық бақылауда болады. Бұл ретте КВИ-ға қарсы екпе алған адамдарға «КВИ-ға қарсы вакцинациялау жүргізілген. Медициналық бақылау уақыты 30 минут!» деген белгісі бар арнайы таңбалау бейджі, сондай-ақ КВИ-ға қарсы вакцинациялау туралы жадынамалар мен ақпараттық материалдар беріледі.
Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар екпе жасау үшін уақытша қарсы көрсетімдер болып табылады. Бұл жағдайда вакцинация сауыққаннан кейін 2-4 аптадан соң, жіті ішек аурулары кезінде вакцинация денсаулығы қалпына келгеннен кейін жүргізіледі.
Иммундау жүргізілер алдында әрбір егілушіге КВИ-ге қарсы екпе туралы хабарланады, профилактикалық екпе, иммундалғаннан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, екпеден бас тартудың салдарлары туралы толық және шынайы ақпарат ұсынылады.
Вакцинациялау алдында әрбір екпе алатын азамат арнайы сауалнама толтырады.Ал әйелдерге арналған арнайы графада жүктіліктің бар немесе жоқтығы туралы міндетті түрде сұралады немесе екпе алушы әрбір әйелге жүктіліктің бар болуы ықтимал болғанда арнайы тест жасалады .
Әрбір егілетін адамға ерікті ақпаратталған келісім немесе профилактикалық екпеден бас тартатыны туралы жазбаша түрде толтырылады.
Екпеден кейінгі кезеңдегі медициналық бақылау екпе алғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта және үш күннің ішінде жүргізіледі. Екпеден кейінгі кезеңде белсенді бақылау барысында кез келген қолайсыз сезіну фактісі анықталғанда немесе медициналық көмекке жүгінгенде иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық жағдайлары туралы мәліметтерді дәрігер немесе фельдшер медициналық құжаттамаға енгізеді.
Вакцинациялаудан кейінгі алғашқы үш тәулікте қысқа мерзімді жалпы (қалтыраумен, дене қызуының көтерілуімен, артралгиямен, миалгиямен, астениямен, жалпы әлсіздікпен, бас аурумен, шаршаумен сипатталатын ұзаққа созылмайтын тұмауға ұқсас синдром) және жергілікті (екпе жасалған жердің ауырсынуы, гиперемия, ісіну) реакциялар болуы мүмкін. Бұл жағдайлар өзіңізде байқалса қорқудың қажеті жоқ, өйткені бұл симптомдар ешқандай емсіз өз бетінше бір-екі күнде өтеді. Өте сирек жағдайда жүрек айну, диспепсия, тәбеттің нашарлауы мүмкін. Аллергиялық реакциялар, невралгия, неврологиялық бұзылыстар болуы ықтимал.
Вакцинациялағаннан кейін 3 күннің ішінде егілген жерге су тигізбеу, саунаға, моншаға бармау, спирттік ішімдіктер ішпеу, шектен тыс физикалық жүктемелерден аулақ болу қажет.
Егілген жер қызарғанда, іскенде, ауырсынғанда гистаминге қарсы препарттар, ал дене қызуы көтерілген жағдайда стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер қабылдау дәрігердің тағайындауымен жүргізіледі.
Вакцинадан кейінгі кезеңге қатысты туынданған барлық мәселелер жөнінде емханаға аймақтық дәрігерге телефон арқылы хабарласып, қажет болған жағдайда жедел медициналық жәрдем қызметін (103) шақыртыңыз.
Айгүл АЙТБАЕВА,
аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің м.а.