Basty bet
Әзілдері жарасқан аналар
Қарасаз ауылдық округінде барға қанағат ететін Қаракөз Құралбаева және Эльвира Безчасткина қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылып, елді мекеннің тазалығана атсалысуда. «Жұмыстың ауыр, жеңілі жоқ» деген олар табылған жұмысқа қуанып, ел арасында жүргендеріне риза. Олар қоғамдық жұмыстарды атқару арқылы өздеріне дос-жаран тауып, ұжымдық татулық орныққанына қуанады. Нәзік жанды аяулы аналар желдің өтіне, күннің суығы мен ыстығына қарамастан әрдайым жұмыстан табылып, айналаны күл-қоқыстан тазартады.
Қаракөз Әкімжанқызы мен Эльвира Александрқызы үнемі бірге жүреді. Бірге берілген елді мекеннің аумағындағы тазалық жұмыстарын әзілдері жарасып, бітіріп тастайды. Жұмыстары таңғы сағат 09.00-ден басталып, кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Оларға ауылдық округтің әкімі мен бас маманы Бақыткүл Жексекеева жетекшілік етеді. Олардың нұсқаулығымен тапсырылған жұмыстың үдесінен шығып, жауапкершілік танытады.
Еңбекқор аналардың бірі, 48 жастағы Қаракөз Әкімжанқызы Т.Дүйсебайұлы ауылының тумасы. Оның ата-аналары да нағыз еңбек адамдары болған. Әкесі Әкімжан Құралбаев Шопан ата пірін күтіп-баптаса, анасы Сейдімкүл Исабекова колхозда үздік сауыншы болған. Жолдасынан 35 жасында айырылған ол жеті баланы адал еңбектің арқасында жеткізіп, өз орындарын табуға күш салған.
Қаракөз Әкімжанқызының бала күнгі арманы шаштараз болу еді. Осы арманымен «Аспара» колледжіне оқуға түсіп, өзі ойлаған мамандықты меңгеріп шығады. Ол біраз уақыт шаштараз болып жұмыс істеп жүріп, одан қол үзіп қалады. Кейіннен жұмыссыз жүргенде Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде тігінші мамандығын оқиды. Өмірлік серігі Марат Өмірбеков көпбалалы отбасынан шыққан. Екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Бірі 7 сыныпта оқыса, бірі 4 сыныпта оқиды.
-Жолдасым үлкен әулеттен шыққан. Ата-енеміз өте жақсы адамдар. Атамыз ауыл шаруашылығына ден қойып жылқының басын көбейтіп, атакәсіпті дамытып отыр. Күйеуім атамның жеке фазендасында малды күтіп-баптауға көмектеседі. Ал, мен өткен жылдан бастап қоғамдық ақылы жұмысқа орналастым. Уақтылы келіп, кетіп, берілген тапсырмаларды орындаймыз. Ауланың шашылған жерін жинап, елді мекеннің көркеюіне үлесімізді қосудамыз. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбек ете білу қажет. Біз үшін бұл жұмыс қиын емес. Қайта қуанамыз, уақтылы айлығымызды аламыз. Барлығымыз бір ауылдың тұрғынымыз. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан күліп-ойнап жүріп жұмыс істейміз, – дейді Қаракөз Әкімжанқызы.
Ал,Эльвира Александрқызы өте көңілді жан. Әдемі әзілімен әріптестеріне көңіл күй сыйлайды. Қазақ тілінде таза сөйлеп, ойын еркін жеткізеді. Қазақ ұлтының ортасында өскен ол достарын да осы жақтан тапқан.
Ол Жетісай ауданында 1977 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Александр механик, ал анасы еңбек адамы болған. Олар 1990 жылы Қарасаз ауылына қоныс аударған. Бала Эльвира ауылдағы А.Пушкин атындағы орта мектепке қабылданып, орыс сыныбында мектепті тамамдайды. Оның – мамандығы тігінші. Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінің түлегі.
Жолдасы Александр Любавич екеуі Қарасаз ауылында енесі Вера Ивановнамен бірге тұрады. Аделина есімді қыздарынан екі немере сүйіп отыр.
-Қоғамдық ақылы жұмысты өткен жылы Қаракөзбен бірге бастадым. Алты ай жұмыс істеп, жалақы алып қуанып қаламыз. Күнделікті жұмысқа асығамыз. Барға қанағат етеміз. Бізге осы төлеген айлықтары жетеді. Жұмыс істеу мен үшін ақша табу емес, адамдардың ортасында болу үшін, олармен етене араласу үшін керек. Бір мезгіл үйдегі күйбең тірліктен босап, әріптестеріңмен сырласып қайтасың. Бір сөзбен айтқанда, әйел адамының күйзелістен шығуы үшін жұмысы, қасында сырластары болу керек. Өйткені, таңертең үйден жайсыз көңіл күйде шықсақ, осында келіп бір сәтте барлығын ұмытып, кешке үйге ештеңе болмағандай қайтамыз. Әріптестерімізбен бірге туған күнде, тойларда жиналып, қуаныштарымызды бөлісеміз. Мұның барлығы жұмыстың, еңбектің арқасында, – дейді ол ағынан жарылып.
Мұндай көңілді, жан-жағына шуақ шашып тұратын, жүрегінде кеңдік, қанағаты бар жандарды көргенде кімнің болса да көңілі көтерілері сөзсіз. Өздерін нәзік жанды екендерін бір сәт ұмытып, отбасы қамы үшін отқа да, суға да түсуге дайын аяулы аналармыз еңбектен ешқашан қашқан емес. Ер адамдармен бірге қолдарына күрек алып, су кешіп, белдері қайысқанша ауыр жұмыстарды бірдей атқарады. Осындайда әйел азаматының төзімділігіне, қарапайымдылығына, қайраттылығына қайран қаласың.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»