Basty bet

Ас атасы – нан

немесе наубайханашылардың жанайқайына қашан құлақ түреміз?

Жау жағадан алғанда, бөрінің етектен тартатыны несі, осы? Әлем жұртшылығы коронавирустық індеттен туындаған пандемиямен күресіп жатқанда, биылғы құрғақшылық та жығылғанның үстіне жұдырық болуда. Жалпы әлем елдері қазір түрлі табиғи апаттардан, өрттен, су тасқыны, басқа да қиыншылықтардан орасан зардап шегуде.

Қуаңшылық біздің елімізде де байқалып отыр. Қуаңшылықтың салдарынан егістік алқаптағы егіннің біраз бөлігі шықпай қалып, шаруалар қауымының тығырыққа тіреліп отырғаны әрқайсысымыздың жанамызға батады, әрине. Жаз бойы аспаннан тамшы тамбай, алқаптардың кенезесін кептірген құрғақшылық алынуы тиіс астық көлемін күрт азайтып отыр. Мәселен, ауданымыздағы нақты егілетін масақты дақылдар 39174 гектарды құраса, оның 10098 гектарын күздік бидай құрайды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда дақылдардың 82% орылып, орта есеппен 12,4 центнерден,яғни, соңғы жылдармен салыстырғанда,өнім көлемінің екі есеге төмендегені байқалып отыр. Ендігі кезекте астық көлемінің жылдағыдан төмен болуы нан бағасының көтерілуіне әсер етпей ме? Аудан тұрғындарын нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайханалардың бүгінгі жай-күйі қандай деген заңды сұрақтар туындайды?
«Ас атасы – нан» демекші, әлеуметтік азық-түлік саналатын ұн өнімдерін көпшілік көптеп тұтынатыны белгілі. Сондықтан бүгінгі маңызды мәселемізді жоғары да аталған сұрақтар төңірегінде өрбітіп, аудандағы бірнеше наубайханалардың жұмысын қолға алып отырған азаматтарды сөзге тарттық.
Аудан орталығындағы Б.Сафинов көшесіндегі «Құрмашев» жеке кәсіпкерлігі күніне 600-дей нан пісіреді екен. Кәсіпкерлік жұмысын инженер-механик Лесхан Асқарұлы қолға алған. 2000-шы жылдары ашылған наубайханада екі адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмыстары таңғы сағат 08.00-ден басталады.
Кәсіпкер дүкендерге нанды 75-80 теңгеден өткізуде. Нанның салмағы 600 грамды құрайды. Аудан ішіндегі азық-түлік дүкендерінен бөлек, Диқан, Нұрлыкент, Көктөбе ауылдарындағы дүкендерге де жеткізіледі. Кәсіпкер айына еліміздің солтүстік өңірінен 15 тоннадай бірінші сұрыпты ұнды әр қапшығын 7 200 теңгеден сатып алады.
-Мен осы салада еңбек етіп жүргеніме 30 жыл болды. Кеңес үкіметі кезінде еңбек жолымды осы саладан бастадым. Кәсіпкер болу үшін үш нәрсе бойыңнан табылуы керек. Бірінші денсаулық, екінші білім және тәрбие. Адамның басына іс түскенде, қиыншылық пен қуаңшылық қос бүйірден қысқан кезде кімнің-кім екені білінеді. Меніңше, бағаны тұрақты ұстап тұру, көтеру – ол тікелей сатушыға байланысты. Адамның ниетіне, пейіліне байланысты.Сондықтан мен нанның бағасы қымбаттамайды деп ойлаймын.
Кеңес үкіметі кезінде бір бөлке нанның салмағы 700 грам болатын. Ол тұста мемлекет тарапынан арзандатылған ұн беріліп, наубайханаларға көптеген көмектер көрсетілетін. Ал, қазір наубайханаларға үкімет тарапынан арзандатылған ұн берілмейді.Ашығын айтқанда, наубайханашыларға көмек көрсетілмейді.
Тағы бір айта кетерлігі, біз дүкендерге нанды 80 теңгеден өткізсек, дүкен иелері оған тағы үстеме қосып сатады. Олар қаншадан саудалайды, оны өздері біледі. Міне, ең алдымен осы мәселені реттеу керек. Себебі, нан бағасының жоғары болуы қарапайым халыққа үлкен ауыртпашылық. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін өте қиын.
Сонымен бірге, маған орталық базардан нан сату үшін арнайы орын белгілеп берсе, нан бағасын тұрақты ұстап тұрар едім. Наубайханада пісірген нандарды нан сататын дүңгіршіктің сөресіне қойып, базардағы бағаның тұрақсыздығына өз септігімді тигізер едім. Бұл салада бәсекелестік орнату керек. Сол кезде дүкен сөресіндегі бағалар тұрақты болады деп есептеймін. Әсіресе, нанның бағасы. Міне, наубайханашыларға осындай көмек, қолдаулар керек,- дейді жеке кәсіпкер Лесхан Құрмашев.
Ал, аудан орталығындағы «Бақыбеков» наубайханасында алты адам жұмыс істейді. Наубайханада күндігіне 13 қап ұннан 1000-1700 дана бөлке нан пісіріледі. Кәсіпкер «Ақсарай», «Тимур» жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа тұрған. Ұн Тараз қаласынан жеткізіледі. Наубайханашы нанды сауда орындарына 85 теңгеден өткізеді. Әлеуметтік дүңгіршегінде күндігіне 100-200 нан 75 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, бұл наубайхана ауданның барлық елді мекендерімен қоса, білім беру және мектепке дейінгі мекемелерді және әскери бөлімді нанмен қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн.
Наубайхананың иесі Доғдырбек Бақыбековтің айтар өз уәжі бар. Ол наубайханаларға тиісті көңіл бөлініп, қолдау көрсетілмейтінін айтып шырылдайды. Пайдаға емес шығынға батып, наубайханашылар жетім баланың күйін кешіп отырғанын айтып қынжылады.
– Наубайхана төңірегінде мәселе шаш етектен. Қайсыбірін айта береміз. Өйткені, біздің проблема шешілмейді. Қазіргі таңда наубайханаларға көңіл бөлінбейді. Мемлекет тарапынан бұрындары дотация берілетін. Қазір мұндай көмек жоқтың қасы. Арзандатылған ұнның берілмегеніне де биыл екі жыл болды. Бір нанды пісіріп шығару үшін оған қаншама шығын кетеді. Жарық, газ, мына жалға алып отырған ғимарат бар.Ғимаратты жөндеуден өткізіп, жаңа қондырғыларды сатып алу қажет. Тіпті, кейде наубайханада жұмыс істейтін адам таппай қаламыз. Кәсібімізді кеңейтіп, жаңартайық десек, не мемлекеттік қаржы ұйымдарынан алты пайызбен несие де берілмейді. Міне, мәселе қайда жатыр?
Біз тәулігіне 24 сағат жұмыс істейміз. Мейлі, тұрғындардың алғысына бөленгенім маған жетіп жатыр. Дегенмен, нан өндірісінде кәсіпкерлерге қолдау мен көмек керек. Азық-түліктің ішіндегі нан бағасы мен оның проблемасы бірінші орында тұруы керек деп есептеймін. Себебі, ата-бабамыз «Ас атасы – нан» деп бекерге айтпаған. Біз нанның қадірін білмейміз. Нанның құндылығын ешкім ойламайды.
Биыл елімізде қуаңшылыққа байланысты егіннен төмен өнім алынуда. Жақында Қазақстанның солтүстік, орталық өңірлерінде болдым. Ондағы шаруалар да егіннің жылдағыдан төмен екендігін айтуда. Біздің ауданның масақты дақылдары тек мал азығына арналған. Нан пісіруге негізінен жоғары сұрыпты ұн қажет. Біз әлі ұнның немесе нанның қымбаттауы туралы болжам жасаған жоқпыз, – дейді Д.Бақыбеков.
Бүгінгі таңда ауданымыздағы үш диірменнің ешқайсысы жұмыс істемейді. Аудандағы нан шығаратын төрт наубайхана («Бақыбеков Д.Т», «Құрмашева Ж.С», «Сейдалиева.О»,«Нұрдана») қазіргі таңда күніне 3350 дана бөлке нан пісіріп сатса, облыс орталығынан күніне 3000 дана нан жеткізіледі. Сонда барлығы 6 350 дана бөлке нан (төрт тоннаға жуық) өндіріледі. Аудандағы 230 азық-түлік дүкенінде, оның ішінде 130-ы Б.Момышұлы ауылында сатылады. Ал, Жамбыл облысында арнайы мәліметке сүйенгенде, І сұрыпты нанның орташа есеппен бір адамға шаққанда «минималды» тұтыну нормасы күніне 200 грамм (айына 5,9 келі, жылына 70,7 келі) болса, ауданымыздың тұтыну нормасы (01.07.2021 жылғы ахуал бойынша ауданда 52 990 адам құрап отыр) 10 598 келі болады екен.
Ал, 6350 дана бөлке нанымыз орташа 4000 келі болса, шартты түрде аудан бес тоннадай нанды қажет етеді. Сонымен қатар, ауданымыздағы бес-алтысауда нүктесінде 1000-ға жуық тандыр нанжәне 10281 аулада қандас ағайындар нан пісірілуде.
Нанның бағасына келсек, аудандағы төрт наубайхана бір бөлке нанды дүкендерге 78-85 теңгеден өткізсе, Тараз қаласынан келетін бір бөлке 90 теңгеден өткізіледі екен. Ал, дүкен иелері оның үстіне 10 теңге үстемақысын қосып, нәтижесінде аудан тұрғындарына жергілікті нан 90-95 теңгеден, ал тараздық өнім 100 теңгеден сатылуда.
2021 жылдың осы мерзімге дейін мемлекет тарапынан наубайханаларға берілетін арзандатылған ұн белгісіз себептермен берілмеуде. Наубайханалар бүгінгі таңда аудан дүкендерінен 50 келілік бір қапұнды 7500 теңгеден сатып алуда.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандары, наубайхана иелері денанның қымбаттауына әзірше негіз жоқ екенін айтады. Наубайханалар 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін нан өнімін барынша қалыпты ұстауға тырысып, әлеуметтік маңызды мәселеге де зор үлес қосып отырғанын көпшіліктің біліп жүргені абзал!
Нан өндірісінде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің сын-ескертпелері мен ұсыныстарына, жанайқайларына жергілікті атқарушы органдар дер кезінде құлақ түріп, назар аударса, біз көтеріп отырған маңызды мәселенің түйіні тарқар еді. Қорыта келгенде, наубайханашылардың мәселесіне үнемі назар аударып отыруымыз қажет-ақ…

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close