Basty bet

Көпбалалы аналар наградаға ие болды

Көктем лебімен ілесе келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордасы – Нұр-Сұлтан қаласынан ауданға жақсы жаңалық келіп жетті. Ол – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларының тағайындалғаны туралы жағымды хабар. Демографиялық өсімнің еліміздегі басым мемлекеттік саясат екенін ескерсек, перзенттің көбеюіне, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне өздерінің ұшан-теңіз үлестерін қосып отырған әйел-аналардың қоғамдағы орны өзгелерден ерекшеленіп тұрады. «Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деп халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазып қалдырғандай, баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіретін Аналар қауымы қандай сый-құрметке болсын лайық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 05 ақпандағы №504 Жарлығына сәйкес Жуалы ауданынан 15 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған болатын. Оның ішінде «Алтын алқа» иегері – екеу.
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залына жиналған аналар қауымы ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын тікелей қосылым арқылы онлайн тамашалады. Өңір басшысы өз сөзінде облыстағы әйел аналардың, қыз-келіншектердің облыс экономикасына қосып отырған қомақты үлесін атап өтіп, басқосу барысында жиынға қатысқан қыз-келіншектердің де пікірлеріне зейін қойды. Облыстың аудандарынан жиналған аналарды мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.
Жуалы ауданынан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын иеленген аналарға Президент марапатын аудан әкімі Олжас Қаржауов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков салтанатты жағдайда тапсырды.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен салтанатта аудан әкімі Олжас Есалханұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Әкім өз сөзінде әйел-аналардың қоғам дамуына, ел экономикасына, ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлестерінің қомақты екеніне тоқталып, көпбалалы аналарға наградаларын тапсырды. Сонымен қатар, ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер қыз-келіншектер мерекеге орай Жамбыл облысы әкімінің, Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен және аудандық мәслихаттың Алғысхаттарымен марапатталды.
Жиын соңында «Алтын алқа» алқасымен наградталған көпбалалы ананың бірі, Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Раушан Назарбековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Қайрат ауылының азаматы Айзат Әбеев екеуі 18 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, отбасында бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Отағасы Айзат Әбеев жеке кәсіпкер болса, өзі №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның педагог-психологы болып жұмыс істейді екен. Үйдің тұңғышы Индира Айтбатыр жоғары оқу орнын бітіріп, Нұр-Сұлтан қаласында ІТ саласында жұмыс істейді. Ең кенжелері Осман Айтбатыр екі жаста. Көпбалалы, алтын құрсақты ана халқымыздың бай-қуатты болып, өсіп-өніп, жас ұрпақтың көбейе беруіне тілектес екенін жеткізді.
* * *
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні аудан әкімі Олжас Қаржауов Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болып, екі бірдей ақ жаулықты ананы құттықтады.
Аудан басшысы ең алдымен Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылының тұрғыны, 99 жастағы көпбалалы ана, тыл және еңбек ардагері Айткүл Тәжібаеваны Аналар мерекесімен құттықтап, кейуананың деніне саулық, отбасына амандық тілеп, сый-сияпат жасады.
10 баланы жарық дүниеге әкеліп, «Алтын алқа» алқасын иеленген қарт ана өзін құттықтап келген аудан әкімі Олжас Есалханұлына аналық ақ батасын беріп, өз кезегінде тұрып жатқан үйін жөндеуге көмек сұрады. Аудан басшысы қарияның тұрмыс-тіршілігімен таныса келе, көмек қолын созатынын жеткізді. Айта кету керек, ғасыр жасаған ана ортаншы ұлы Қуанышбек пен келіні Толқынаймен бірге тұрады. Келіні де «Алтын алқа» алқасын алған көпбалалы ана.
Аудан әкімі О.Қаржауов Қошқарата ауылдық округінің ең қарт тұрғыны, 96 жастағы тыл және еңбек ардагері Райхан Үсенбекованың да шаңырағына барып, ақ жаулықты қарт ананы Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Райхан әжей де өзін құттықтай келген аудан басшысына аналық алғысын жеткізіп, бата-тілегін арнады. Қиын жылдарда туып, өмірде көп бейнет көрген қарт ана бүгінде немересі Дидар мен келіні Шолпанның шаңырағында тұрмыс кешуде.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close