Basty bet

Шаруалар 15 жаңбырлатып суғару қондырғысын алады

Ауыл шаруашылығы саласы қашанда ел экономикасының драйвері.
Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып, саланы дамыту мақсатында Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Мәселен, “Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.
Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын” деген болатын. Ондағы негізгі міндеттер: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету; миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру; агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру.
Аталған мәселелер аясында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі, тәжірибелі маман Сәбит Нұрлыбаевпен сұхбаттасқан едік.

-Сәбит Әмірханұлы, Мемлекет басшысы айтқандай, біздің ауданда да мамандардың тапшылығы мәселесі бар. Бұл мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
-Иә, ауыл шаруашылығы саласында маман тапшылығы мәселесі бар. Әсіресе, механизатор, агроном мамандары тапшы. Қазіргі таңда механизатор болып еңбек етіп жүрген жандар негізінен орта және егде жастағылар. Ал, жастар арасында бұл мамандыққа деген қызығушылығы барлар өте аз.
Бүгінгі таңда шаруа қожалық жетекшілері трактор айдауға ынтасы бар жастарды өз қаражаттарына оқытып, оларға жағдай жасауда. Тіпті, механизаторларға үй салып беріп жатқандар да бар.
Сонымен бірге, Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінің шәкірттері дуальді оқыту бағдарламасы арқылы да шаруа қожалықтарда механизатор болып жұмыс істеп, тәжірибе жинауда.
Ал, агроном мамандығына келсек, егілген өнімнен сапалы әрі мол өнім алу үшін бұл мамандықтың рөлі зор. Алайда қазір көп шаруалар мамандардан кеңес сұрап, тәжірибе жинақтай келе бүгінде өздері агрономның да жұмысын атқаруда. Дегенмен, әрине білімді маманның орны бөлек.
Шаруалар агроном маманына айлық жалақы төлегісі келмейді. Сол себептен жас мамандар ауылда тұрақтамайды. Оның үстіне жоғары оқу орындарында агроном мамандығында грантқа қызығып көбінде қыз балалар оқуда. Жалпы қазір барлық мамандықта біліміне, қабілетіне қарай емес, кездейсоқ оқып жатқан жастар көп. Өкініштісі, олардың көбі оқу бітірген соң өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Оларға тек дипломы бар деген ат қана керек сияқты.
Ветеринарлық дәрігер мамандығына келсек, бүгінде бұл мәселе ауданда біршама шешілген.
-Ауданда қанша гектар суармалы жер бар? Жалпы суармалы егістік жерлер қалай пайдаланылуда? Су үнемдеу технологиясын енгізген шаруалар қанша? Аталған мәселе бойынша биылға қандай жоспарларыңыз бар?
-Жалпы аудан бойынша 8 374 гектар суармалы жер бар. Егін шаруашылығындағы бүгінгі күнге мәселе судың жетіспеуіне байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу. 2020 жылы барлығы 1 903 гектарға енгізілген жалпы суармалы алқаптың 22,7% құрады. 2021 жылы суармалы жер көлемін тағы да 736 гектарға ұлғайту көзделуде. Оның 680 гектары тамшылатып және 1 959 гектары жаңбырлатып суғару арқылы суғарылады деп жоспарлануда.
2021 жылға дейін “Дарқан”, “Даниял”, “Зылиха”, “Жаңаталап”, “Дәулет” шаруа қожалықтары мен “Гамбург” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологияларын енгізген. Алдағы уақытта су үнемдеу қондырғылары көптеп ендірілген жағдайда, мал шаруашылығын дамытудағы мал азығын дайындау жолдары шешіледі.
Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, жайылым жер жетіспейді. Сондықтан “Гамбург” ЖШС сауынды сиырларынан сүтті жақсы алу үшін малды фермадан сыртқа шығармай-ақ, жаңбырлатып суғару қондырғысы арқылы күнделікті малды азықпен қамтып отыр.
Ал, биылғы жылға «ТАРАЗ» ӘКК» АҚ арқылы Қызыларық ауылдық округінен “Асқар”, “Нұр-Әділет”, “Мерсейіт”, Жетітөбеден “Қожа-Ахмет”, “Береке”, Ақсай ауылдық округінен “Азамат”, Нұрлыкент ауылдық округінен “Төлеген”, Шақпақ ауылдық округінен “Бауыржан”, Ақтөбе ауылдық округінен “Закир” шаруа қожалықтары бір-бірден, сонымен бірге Ақтөбе ауылдық округінен “Абзал”, “Тоқтаев” шаруа қожалығы үш-үштен (барлығы 15 дана) жаңбырлатып суғару қондырғысын алуға ниет білдіріп отыр.
Сондай-ақ, “Гамбург” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін 1 253 гектарды жаңбырлатып суғарып отырса, биыл тағы да 250 гектар жерге жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатуды жоспарлауда.
-Диқандардың үстіміздегі жылға жоспарлары қандай? Қандай дақылдарға субсидия төленеді?
-Ауданда жалпы егістік жерлердің көлемі – 95 447 гектар. Оның ішінде 9 700 гектарына күздік бидай себілген. 28 мың гектарына жаздық арпа, 300 гектарға дәндік жүгері, 2 660 гектарға картоп, 80 гектарға қытай бұршағы, 21 950 гектарға майлы дақылдар, 685 гектарға көкөніс, бақша өнімдері, 3 700 гектарға таза жоңышқа, 750 гектарға сүрлемдік жүгері егу жоспарланып отыр. 674 гектар жер сүрі (пар) қалдырылған.
Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне сәйкес, субсидия барлық сатып алынған тұқымдарға элита, І репродукциялы дақылдарға беріледі. Ол үшін шаруалардың барлық егістік жерлері «Минагро» электронды жүйесінде тіркеуде болуы және сатып алынған тұқымдар ғылыми зерттеу институттарынан, тұқым өндіруші тәжірибе мекемелері және тұқым өндіруге рұқсат берілген шаруашылықтардан толық қажетті құжаттары болуы қажет.
-Техникалардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы қандай?
-Техникалардың дайындығы 100% деуге болады.
-Шаруаларды кепілдендірілген дизель отынымен қамту мәселесі қалай шешілуде?
-Аудан бойынша 2021 жылдың көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендерілген дизель отынын тарату қызметтерін атқаратын операторды таңдау үшін ағымдағы жылдың 26 қаңтарында өткізілген комиссия отырысының шешімі бойынша “Аққайың” ЖШС таңдалған болатын. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарына жалпы 2 417 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген.
-Егін шаруашылығында маңызды мәселенің бірі – сапалы тұқым мен тыңайтқыш мәселесі…
-Аудан шаруашылықтарын жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету үшін “Сансызбай” шаруа қожалығы тұқым шаруашылығы қатарына өтіп, 2021 жылы бірінші репродукциялы 50 тонна мақсары және 70 тонна арпа дақылдарын сататын болады.
Тұқым сапасын арттыру мақсатында Түркістан облысы, Қарабау тұқым шаруашылығынан 5 тонна мақсарының элиталы тұқымы, Алматы облысынан 10 тонна арпаның элиталы тұқымын алу үшін келісімшарт жасалды. Шаруаларға мол әрі сапалы өнім алу үшін элита немесе І репродукциялы тұқым егу туралы айтылып, түсіндірілуде.
Қаншама еңбекпен, қаншама қаржы жұмсап егілген соң одан мол өнім алған әрине, ең бірінші шаруалардың өздері үшін маңызды. Оны шаруалар өздері де түсініп, көз жеткізуде. Алдағы уақытта барлығы сапаға жұмыс істейтін болады деп ойлаймыз.
Минералды тыңайтқыш мәселесіне келсек, жердің химиялық картограммасынсыз тыңайтқыш берілмейді. Алайда онымен тиянақты айналысатын облыста фирмалар болмай тұр. Сондықтан бұл мәселеде біраз қиындықтар бар.
Негізі 50 пайыз субсидиямен тыңайытқыштар беріледі.
-Әңгімеңізге рақмет! Диқандарымыздың жұмысына сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close