Basty bet

Ғасырға бергісіз ұлы істер жылнамасы

1997 жыл
Қияға көз тіккен Қазақстан барысы

Қысқа мерзім ішінде орасан зор тарихи маңызы бар іс атқарылды – еліміздің ұлан-ғайыр шекара белдеуінде қауіпсіздік орнап, көрші елдермен арадағы татулықты, бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен халықаралық-құқықтық іргетасы берік саясат салтанат құрды. Мемлекеттік құрылыстағы басты жетістік – Конституция айқын да анық мемлекеттік билік жүйесі. Елде инфляцияны ауыздықтауға, алтын-валюта қорын құруға, оң сауда теңгеріміне, қаржы тапшылығын төмендетуге, нақты секторда жалақыны көтеруге қол жеткізілді. Әзірге айтарлықтай ауқымды болмаса да, өндірістің ұлғаюы, халықтың банктік салымдарының өсуі байқалды, тұтыну нарығы тауарлармен толтырылды.
Бірінші кезектегі экономикалық міндеттердің қатарына жылдық инфляцияны 4–6%-ке төмендету, экономиканы 3–5%-ке көтеру, сонымен қатар шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдай туғызу кірді. Сонымен қатар, кейінге ысыруды көтермейтін мәселелерді шешуді, атап айтқанда, жалақы мен зейнетақыны кешіктіруге жол бермеуді, жұмыссыздық деңгейін төмендету міндеттері тұрды.
Наурыз айында арнайы құрылған Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік жұмысқа кірісті. Қажетті ақпарат жинақталғаннан кейін ұзақ мерзімді стратегия құруға арналған методологиялық база жасау қажет болды. Бұл орайда, мемлекет халықаралық тәжірибеге жүгінді. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының қолдауы арқасында Гарвард университетімен байланыс орнатып, стратегиялық жоспарлау жөнінде семинар өткізудің мүмкіндігі туды.
Сәуірде қазақстандық мамандар тобы Гарвард университетіне жоғары лауазымды қызметкерлерге арналған семинарға аттанды. Осы семинар материалдарына және Қазақстанмен жұмыс істеуге ықылас танытқан әлемдік деңгейдегі жекелеген сарапшылардың көмегіне сүйеніп, болашақ стратегияның әдістемелік негізі қаланды.
1990-жылдың екінші жартысында, ел енді ғана ұзаққа созылған дағдарыстан шыға бастаған шақта, тұрақты экономикалық даму белгілері де, ұзақ мерзімге жоспарлаудың нақты негіздері де әлі байқалмаған болатын. Мемлекет кірістері мардымсыз болатын: қара алтынның жыл сайынғы экспорты небәрі 3,5 миллион тоннаны құрады, 1996–1997 жылдары мұнайдың бір баррелі 19–20 доллар еді, 1998 жылы тіпті 12 долларға дейін түсті. Прагматикалық таным-түсінік елді ертеңгі жеңістер туралы ойлауға емес, күнделікті күнкөрісті күйттеуге мәжбүрледі. Бірақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұнымен келіскісі келмеді. Дегенмен, 1990-жылдың екінші жартысында дағдарыстың «шарықтау сәтінің» жақындап келе жатқаны анық сезілді.
Маусым айында енді ғана астана болуға дайындалып жатқан Ақмола қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының алдағы жиырма-отыз жылға арналған бағдарламасын құруға тапсырма бергенін алғаш рет ресми түрде жариялады және жуық арада осы бағдарламаны Қазақстан халқының назарына ұсынуға уәде берді. Қоғам стратегияны үлкен үмітпен күтті.
10 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030: барша қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты бағдарламалық Жолдауын жариялады. Бұл күн болашаққа батыл көз тастаған халқымыздың ауқымды істерге бел шеше кірісуден еш тайқымайтын тау қопарарлықтай қайраты мен саяси ерлігінің күткендегіден де асып түскенін көрсетті.
Кейіннен бұл туралы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Ол уақытта бүкіл әлем экономикалық даму жолында үлкен секіріс жасаған «азиялық жолбарыстар» – Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзияның табыстарына қайран қалып жатқан еді. Мен бейнелік қуаты солардан кем түспейтін теңеу тауып, елімізді қазақы ұғымға сәйкес, аспантаулардың қарлы шыңдарын мекендейтін текті, есті, қуатты, әбжіл, киелі тау барысына баладым» деп жазды.
«Қазақстан-2030» стратегиясының басты мақсаты – халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет құру болатын. Стратегия қабылданған жылы азиялық қаржы дағдарысының күрмеуі де шешілді. Бұл жағдай ұзақ мерзімге жоспарланған стратегияның құндылығын арттыра түсті. Міне, осылайша жаңа стратегия қоғамға, бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды.
2030 стратегиясында ұзақ мерзімге жоспарланған жеті негізгі бағыт бөліп көрсетілді. Олар: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның тұтастығы; қазіргі нарықтық қағидаларға сәйкес шетел инвестицияларының жоғары қарқыны және ішкі қорлардың көмегімен экономиканы одан әрі көтеру; денсаулық, білім беру мен қазақстандықтардың әл-ауқаты; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекетті нығайту.
Бұл басымдықтар мемлекет бюджетін қалыптастыруға ықпал етті, стратегияның әрбір тармағы жылдық, үш және бесжылдық жоспарларды жүзеге асыруға байланысты нақты әрекеттерді көздеді. Сонымен, зейнетақы, жәрдемақы мен бюджеттік қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеу, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар үшін үстемақы мөлшерлемесін төмендете отырып, 100 миллион долларға несиелендіру; мектептерді, соның ішінде алдымен ауыл мектептерін, компьютерлендіру сияқты мәселелер алдағы жылдағы ел мен қоғамның таяудағы міндеттері болып белгіленді.
Сонымен қатар, алдағы 1998 жылы жалпы республикалық саламатты өмір салтына арналған бүкілхалықтық қозғалыс бастау және тұрғын үй құрылысының ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға кірісу міндеті тұрды. Күнделікті мәселелерді жаһандық мақсаттарды ескере отырып шешу қажет еді, осылайша тактика стратегиямен берік байланыста болды.
«Қазақстан-2030» стратегиясы халыққа дамудың тың, озық үлгісін ұсынды. Елдің алыс келешегіне бастар алдын ала болжанған, кең, айқын жолдың көкжиегі ашылды. Бұл – үнемі әлемдік дамудың соңынан еріп отыратын ескі сүрлеу-соқпақтан батыл түрде бас тартып, тыңнан жол салу еді.
Қазақстан бұрынғы КСРО-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері арасында бірінші болып аса ауқымды стратегиялық жоспарлауға кірісті. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі тек бірнеше жыл өткен соң ғана осындай ұзақ мерзімді бағдарламаның қажеттігін түсініп, осы үлгіге ойысты.
20 қазанда Президент «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды.
8 қараша күні қалаға Қазақстанның мемлекеттік символдарының эталондары: Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады.
10 желтоқсанда Ақмолада Президенттің төрағалық етуімен өткен Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысында астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды.

(Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан)

Таңдаулы материалдар

Close