Basty bet

«Дәстүрлі дін» ұғымын түсіндірудің кейбір қырлары

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД-елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.
Бұрын қазақтың тілі мен дәстүрін әсіресе, одан мүлдем бейхабар, мәдениеті басқаша қалыптасқан жандарға үйрету керектігі өзекті болса, қазіргі қазаққа бірден-бір жанашыр деген дін ғалымдары мен қызметкерлерінің өзін қазақтың дәстүрі мен тіліне үйрету өте орынды іс екендігі белгілі. Оның екі себебі бар: біріншіден – олардың көпшілігі дінді жеткілікті деңгейде игергенімен, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен, тілінен бейхабар болып жататын жағдайы бар; екіншіден – қазақтың мәдениеті мен дәстүрін, мемлекеттігін жоққа шығарып жүргендердің негізі өзге елдің мәдениетімен уланғандар болса, қазіргі ондай адамдар дін оқығандардың арасында да бой көрсетіп қалуда. Себебі, олардың дені дінді шет елде үйреніп, өмірлік көзқарастары мен ғылыми пікірлері сол жақта қалыптасқандықтан, көп жағдайда өз ұлтының ұлттық болмысы мен мәдениетінен, мол тілдік мұрасы мен әдет-ғұрыптарынан бейхабар қалып жататыны бар. Ал, осы олқылықтың орнын «есесіне, мен дінді жақсы білемін» деген максималистік ой басады. Ал, негізінде, өзінің ұлтына, еліне деген менсінбеушілік, өткеніне өштікпен қарап, болашағына сенбеудің арты жақсылыққа апармайтындығы белгілі.
Тәуелсіздік таңы атқан соң өткенімізді еске түсіріп, жоғымызды түгендеп, етек-жеңімізді жинап, енді ел боламыз ба деп жатқанда, ұлтты алға бастайды деп үміт артқан, имандылықты ту еткен жас буынның кейбірінің кешегі қазақылығын мансұқтап, өзге елден үйренген кейбір діни дәстүрлерді таңсық көріп, талғамсыз ала беруі жанға батады, қабырғаны қайыстырады.
Ұлтымыздың басқа ұлттардан өзіндік ерекшелігі бар екендігі, туыстан да, елден де асып, ешқайда бармайтындығын сезінді. Әрі мұның шариғатқа, дін талаптарына қайшы емес, жымдасып жататындығын көз жеткізді. Осы тұрғыда бұрынғы ғасырларда ғұмыр кешкен қазақтан шыққан діни сауатты кісілер мен қайраткерлердің даналығына бас иіп, солар салған таптаурын сүрлеудің ізін тапты. Сол себептен де әрбір істің мәніне толық қанық болған ата-бабаларымыз ұлттық құндылықтарымызды ислам мұраттары мен астарластырып, қиюын келістіріпті. Соның арқасында қазақ қазақ болып сақталып келеді.
Дін мен дәстүрдің үндесуі осыдан XIII ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні арқылы әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына көңіл бөлген. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор.
Жалпы дәстүрлі діндер дегеніміз – белгілі бір этникалық қауымдастықтың мәдени-тарихи дамуындағы орны мен рөлінің болуы; ұзақ өмір сүру және діни дәстүрді белгілі бір аумақта, белгілі бір этностар арасында кейінгі ұрпаққа беру, күнделікті өмірде, мерекелер мен рәсімдер жүйесінде, мифологияда, ойлау түрі мен тәсілінде, мәдениетте, психологияда терең тамыр жайуын айтамыз. Оларға : ислам және православие діндерін жатқызуға болады.
Тиісінше, дәстүрлі емес діндер белгілі бір этностың өткен дәуірлерінен мұра болып қалмайды, оның руханиятына тән емес, күнделікті өмірде, мәдениетте тамыр жайған жоқ, бірақ олардың тарихи отанынан уағызшылардың миссионерлік қызметі нәтижесінде таралды.
Дәстүрлі діннің негізгі белгілеріне келсек: дәстүрлі діннің ең әуелі Жаратушы тарапынан бастау алатын, тиісті пайғамбарлар арқылы адамзатқа жеткізілген, діннің негізгі қайнар көзі жалпы танылатын әрі формасы ретінде көрінісі табатын, барлық тарихи кезеңдерде көптеген халықтардың өмірінде дәстүрлі түрде орын алған, негіздері мен қағидаттары, сондай-ақ мақсаты мен міндеттері жалпы адамзаттың өзіндік игілігіне арналған Жаратушының заңдарының жиынтығы. Тарихи кезеңдерімен дәстүрлі діндердің көптеген халықтардың, оның ішінде, әуелі отбасылық, әулеттік, рулық, тайпалық құрылымдардың, сондай-ақ өзіндік тарихымен қалыптасқан ұлттардың тарихында, өмірінде орын алуы.
«Әлемдік дін — бұл дін, яғни белгілі территорияда кең таралымға ие болады және белгілі әлеуметтік қауымдастықта, әр түрлі әлемнің елдері мен түрлі континенттерінде сипат алады.
Әлемде белгілі нақты өлшемдер орын алған, яғни әлемдік діннің белгілі біp түріне лайықтандырылады. Бұл стандарттар ЮНЕСКО тарапынан ұсынылады. Осы орайда, БҰҰ ЮНЕСКО тарапынан үш дін әлемдік дін ретінде саналады. 1. Христиан. 2. Буддизм. 3. Ислам. Аталған діндер әлемдік діндер болуымен қатар, дәстүрлі діндер ретінде есептеледі. Сонымен бірге ұлттық дін болып табылатын діндерді (мысалы, иудаизм) дәстүрлі дін ретінде саналады. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер деп аталған діндерді атайтындығы жалпыға белгілі. Осы орайда, айтар жайт, Қазақстан Республикасында өткізіліп жүрген әлемдік және дәстүрлі діндер съездері халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың қатарына жатады деуге болады.
Қорыта келе, дана халқымыз – «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» – деп атап өткендей діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» деп заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Құран-Кәрімде Алла Тағала ешқашан да әр ұлттың өз салтына тыйым салмаған: «Ей адамдар ! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық»,- дейді. Бұл аяттардың астарында ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен салт-санасына құрметпен қарау жатыр. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық. Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Еліміздегі дәстүрлі Ислам діні Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына қарсы емес, керісінше игілігіне, ел бірлігіне қызмет ету керектігін түсінуіміз қажет.

Мұстафа АЙДАРХАНҰЛЫ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын
зерттеу орталығының» инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close