Өткен сенбі күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойына арналған «Ғұмыр-дария» атты ән мен жыр кеші өтті.
Кешті облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ринат Нұрақбаев жүргізді.
Айта кету керек, «Баласағұн» орталық концерт залының кіре берісіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітап көрмесі қойылған. Сондай-ақ, «Алатау» фольклорлық ансамблі Мұхтар Шахановтың әндерінен радио-фон концертін өткізді.
Сахна шымылдығы ашылып, LED экран арқылы жазушы туралы айтылған қазақ және шет ел зиялыларының қанатты сөздері оқылды.
Ән мен жыр кеші М.Шахановтың «Танакөз» поэмасы желісіне қойылған композициямен ашылады.
Концерттік бағдарламада К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы мен жас өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Ақынның «Туған күн кешінде», «Жұбайлар жыры», «Махаббат елі», «Өмір-өзен», «Арқалықтың ақ таңы», «Мен саған ғашық едім», «Әке туралы жыр», «Айналайын», «Баба Түркістан», «Бала махаббаты» әндері орындалып, жас өнерпаздар ақынның жырларын жатқа мәнерлеп оқыды.
Әрі қарай сахна төріне Мұхтар Шаханов және облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шақырылды.
Алдымен сөз алған облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы ақынның мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, ақынның иығына шапан, басына құндыз бөрік кигізді. Ал, ақын Мұхтар Шаханов жиналған қауымға алғысын білдіріп, әрқашан шындықтан айнымайтын, шыншылдықты ту ететін адам ғана биік шыңды бағындыратынын жеткізіп, жыр шумақтарынан үзінді оқыды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»