Qoǵam
Ісмерлігі мен іскерлігі үйлескен жан
Мейіркүл апаның туындыларынан ұлттың келбетін көруге болады
«Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Өйткені, жұмыс сапарымен ауыл-аймақты аралағанда он саусағынан өнер тамған небір өнерлі жандарды кездестіреміз. Қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап, өнер мен қолөнердің дамуына үлес қосып отырған ардақты аналар мен қадірменді қарияларды жолықтырып, бір марқайып қалатынымыз бар. Ауыл-аймақтардың ұйытқысына айналып, ел анасы, ауыл ағасы атанған өмірден көпті көрген жандармен сұхбаттасамыз. Олардың бірі бойындағы өнерін жасырып жүрсе, бірі көпшіліктің арасында өнерімен талайларды тамсандырып, сүйсіндіруде.
Қазақи қаймағы бұзылмаған Билікөл ауылдық округінен де мұндай жандарды көптеп кездестіруге болады. Соның бірі тігінші, зейнеткер Мейіркүл Шығанбаева саналы ғұмырын ісмерлікке, тігіншілікке арнаған жан. Ісмердің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, ең бастысы, мұқияттылығы мен ұқыптылығын оның өз қолынан шыққан бұйымдарынан анық байқауға болады. Тігінші Мейіркүл апа негізінен түрлі құрақ көрпелер, тоқыма бұйымдары, көпшіктер, алаша, жамылғылар, киіз үй бұйымдары, қыз жасауларын шебер жасайды. Түрлі-түсті маталарды түсіне қарай асқан үйлесімділікпен орналастырып, көздің жауын алатындай дүниелер тігеді. Апаның қолынан шыққан әрбір бұйымнан ерекше ықылас пен сүйіспеншілік байқалады.
Ол бүгінде отағасымен 51 жыл отандасып, мәуелі шаңырақтың отанасы атанып отыр. Ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнген деген осы емес пе, 17 немере сүйген аяулы әже, ардақты ана. Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Мейіркүл Жазықбайқызы 23 жыл аталған елді мекендегі кітапханада жұмыс істеп, тұрғындармен етене араласқан екен. Жолдасы Еділбай Шығанбаев зоотехник болып еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған қадірлі ардагер. Екеуі өмірге үш ұл, екі қыз әкеліп, қанаттандырып, бүгінде олар өмірден өз орындарын тапқан. Тұңғыштары Гүлжан Алматы қаласында жеке кәсіпкер. Анасының жолын қуып, тігіншілікке бет бұрған. Ал, ұлдары Ержан, Талант, Саржан кәсіпкерлікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Кенжелері Айжан болса, ұстаздық жолды таңдап, Алматы қаласында медициналық университетте жұмыс істейді.
-Неге екенін білмеймін, әкем 12 жасымда маған тігін машинасын сатып алып берді. Бала күнімнен бойымдағы осы бір қасиетті байқаған ата-анама алғысым шексіз,- деп бастады әңгімесін Мейіркүл апа. -Бала кезімде-ақ қолыма түрлі маталарды алып, өзімнен кейінгі сіңіліме көйлек тігіп беретінмін. Анамның маталарын алып, қиып-қиып, пештің астына тығып қоятынмын. Анамның мінезі салмақты, сабырлы кісі еді. Менің бұл қылығымды көрсе де ашуланбайтын. Аналық жүрекпен баласының өнерін қолдағаны шығар, бәлкім. Содан бері қолымнан ине-жіп, мата мен қайшы түскен емес.
Осы әулеттің босағасын келін болып жаңадан аттаған кезімде өзіммен қатарлас түскен бір топ жас келіндер біздің үйге жиналып, мен оларға көйлек тігетінмін. Біреуі ас әзірлеп, біреуі басқа тірлік істеп, уақытты ауызбіршілікте қызықты өткізетінбіз. Ол кезде көбінесе, қыз-келіншектерге көйлек тіктім. Адамның түр-тұлғасына қарап жарасымды көйлектер пішіп, тігіп беретінмін. Кейіннен уақыттың талабына қарай бұл сұраныс заман көшінен қалып қойды. Тігінсіз күнімді босқа өткізбейтін мен үшін басқа іспен айналысу керек болды. Содан мен құрақ құрап, қыз жасауын жасап, тоқыма тоқуға бет бұрдым.
Қазақ жөн-жоралғыларға, салт-дәстүрлерге өте бай халық. Біле білгенге, мұның әрқайсысының астарында терең мағына жатыр. Қыз өсіріп отырған ана міндетті түрде қыз жасауын жасап, артынан апарар дүние-мүлкінің сәнін келтіру үшін қиыстырып ою ойып, құрақ құрайды. Әрбір ана осы көрпелердегі ою-өрнек арқылы өзінің перзентіне жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді. Осы уақытқа дейін ағайын-туыстардың ұзатылатын қыздарына жасауларын жасап, өзімнің үлесімді қосып келемін. Еңбегіме ақы алған емеспін. Өйткені, әулеттің қыздары менің де қызым.
Зердесінде зейіні бар адамның қай-қайсысы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғарады. Мен қазақтың ұлттық өнері қөлөнерді дамытып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін де көп еңбектенемін. Көбінесе, оюларды қиып, құрақтарды астарлап тігемін. Ісіңнің берекелді әрі нәтижелі болуы үшін әрбір мата қиындысының өлшемін өлшеп отырамын. Қошқар мүйіз, ши құрақ, жұлдызша, қызғалдақ, тағы да басқа құрақ түрлерін көрпе мен көрпеше беттеріне түсіремін.
Заман көшінен қалмау керек. Күнделікті тұрмыста керекті заттардың барлығын қолдан жасап алуға болады. Мәселен, жас келін түсірерде шымылдық іліп, дайындық жасаймыз. Сондай шымылдықтардың түр-түрін әзірлеймін. Біреуін өз немереме дайындап отырмын, – дейді ол.
«Шебердің қолы ортақ» демекші, ісмер Мейіркүл апа ысырапшылдыққа жол бермейді. Жаны әдемілікті, тазалықты, еңбекқорлықты сүйеді. Ойына, қиялына ерік беріп, түрлі бұйымдарды әзірлейді. Қайда жүрсе де тігін машинасын өзімен бірге ала жүреді. Көңілінен шыққан, көздің жауын алған қолөнер бұйымдарын өзгеше тігуге тырысады. Тігінші бос уақытында ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, әжелік қызметін де қоса атқарып келеді. Немерелерінің зерек болуы үшін түрлі ертегілердің кейіпкерлерін мата бетіне түсіріп, ертегі оқып береді. Дәстүр сабақтастығы деген осы болар, келіні Сәуле Сүйінбаеваға да құрақ құрауды үйреткен.
-Өмірімнің мәні – құраған құрағымда. Қазақта «жамасаң, жамыласың» деген жақсы сөз бар. Кез келген затты кәдеңе жаратып, керекті дүниеңді өз қолыңмен жасап алуға болады. Бәрі де қызығушылықтан басталады. Қолөнер өмір көшінен ешқашан қалмайды. Халықпен бірге жасасып, дамып отырады. Тек ұқыптылықты, төзімділік пен шыдамдылықты бойыңа дарыта білсең болғаны.
Міне, қыстан аман-есен шығып, елмен көрісіп, Ұлыстың ұлы күні Наурызды да қарсы алғалы отырмыз. Әр үйде жаңарудың, жылулықтың, сыйластықтың лебі еседі. Енді амал жасап, тіршіліктің қамымен ерінбей еңбек ету керек. Әр шаңыраққа Наурыз мерекесі жақсылық пен молшылық алып келсін, – деп Мейіркүл апа мерекеге орай аналық ақ тілегін білдірді.
Мейіркүл Жазықбайқызының өмірлік серігі оның өнеріне әрқашан қолдау білдіріп отырады екен. Жұбайының болмысын осы өнері арқылы таниды. «Мейіркүлдің құраған құрағын, тіккен көрпесін бірден танимын. Оның ұқыптылығын, еш ерінбейтінін қолөнер бұйымдарынан білемін. Тігісі ерекше. Әрбір саниметріне де дейін өлшейді. Ол үйде құрақ құрамай отыра алмайды. Осы ісінен жанына рахат табады» дейді Еділбай Шығанбаев.
Абай атамыз айтқан бес дұшпанның бірі – ысырап болса, өнердің бұл түрі сол ысырапшылдыққа жол бермейді. Құрақ – қызық, әрі құнды өнер. Ол ұзақ ізденісті, ыждағатты қол еңбегін қажет ететін іс. Шеберлікпен қоса табандылықты талап етеді. Қазақ халқының қолөнерінің аса қымбат, қайталанбас сұлулығын, ғажайып көркін ісмер Мейіркүл Жазықбайқызының өнерінен көрдік. Оның өнерінен бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімін, мінез-құлқын, өзінің тілін, дәстүрін жоғалтпауы керек деген ой түйдік.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев