Basty bet
Басшылар есеп берді
Nur Оtаn партиясының аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшылары өзі басқарып отырған мекемелердегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің жай-күйі, жемқорлық тәуекелдерін азайту, басқа да атқарылған шаралар туралы жүйелі түрде есеп беріп отырады. Кеңес мүшелері есепті тыңдап, ол бойынша ұсыныстар мен ескертпелер қамтылған тиісті қаулылар қабылдайды.
Кеңестің таяудағы кезекті отырысында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов пен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов есеп берді.
Отырысты партия аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын баяндау үшін сөзді аудандық полиция бөлімінің бастығы Мергенбай Қойкеновке берді. Ол сыбайлас жемқорлықпен күресуге және заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар туралы шолулар жеке құрамның назарына үнемі жеткізіліп отыратынын, нәтижесінде полиция қызметкерлері тарапынан мас күйінде автокөлік жүргізген, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен тәртіп пен заң бұзушылықтың орын алмағанын атап көрсетті. Осы мақсатта бөлімше бастықтары қарамағындағы қызметкерлерді қызметте және қызметтен тыс уақыттарда қатаң бақылауда ұстайды. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеген.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жай-күйі туралы баяндамасы тыңдалды.
Кеңес мүшелері бөлім басшыларының есептерін тыңдай келе, бірқатар сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлық жауаптар алды. Қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»