Basty bet

Тұрғындар тілегі – басты назарда

Аудан әкімі Олжас Қаржауов өткен аптаның соңында Қарасаз ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Ол сапар барысында округ орталығы – Қарасаз ауылдық округіндегі бірқатар әлеуметтік-мәдени объектілерді аралап, тыныс-тіршілігіне, проблемаларына жете қанықты.

Қарасаз халқының саны мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жөнінен аудан орталығынан кейінгі ірі округтің бірі болып есептеледі. Округке қарасты бес елді мекендегі 780 аулада 3495 адам тұрады. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан өңірде 16 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешуде. Кәсіпкерлік саласында 137 жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласында бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 230 шаруа қожалығы аймақ экономикасына өз үлесін қосып келеді.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызы ауылға кіреберісте аялдаған аудан әкімінің назарына Қарасаз ауылының жаңа Бас жоспарының жобалық сызбасын ұсынды. Олжас Есалханұлы жобалық сызбадағы ауылға сол жақ кіреберіс қапталдан бөлінген жаңа тұрғын алаптағы жер телімдерінің орналасуы мен оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту мәселелеріне назар аударды.
Ауылдағы А.Пушкин атындағы орта мектеп өңірдің байырғы оқу орнына жатады. 640 орынға шақталған мектепте бүгінде 547 оқушы білім алады десек, оларға 72 ұстаз білім нәрін құюда. Мұнда жақын маңдағы ауылдардан 168 бала тасымалданып оқылады.
Пайдалануға берілгеніне 45 жылға жуық уақыт өткен білім ордасындағы басты проблема үш қабатты типтік мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Электр сымдары мен тақталар ескірген, ауыстыру қажет, терезелері жартылай жөнделген, қабырғасының кей тұстарының сылағы түсіп, іргетастың үстіне қаланған кірпіштері опырылып тұр. Мектеп директоры Нұридин Нұрғабылов аудан әкіміне ғимаратты күрделі жөндеуге ЖСҚ дайындалып, облыстық білім басқармасынан қажетті қаражаттың сұратылғанын айтты.
«Қарасаз» бөбекжай-балабақшасында кәріз жүйесі жиі істен шығады. Себебі, бірер жыл бұрын жол жөндеген мердігер ұйым жолдың астынан өтіп, арғы беттегі орталықтандырылған жүйеге жалғанып жатқан кәріз жүйесін бітеп кеткен. Қызметкерлер жиі істен шығатын кәріз жүйесін өздері тазартып, амалдап жатқанын айтады. Мәселенің мәнісін тыңдап алған Олжас Есалханұлы ауылдық округтің және тиісті саланың басшыларына жағдайды тездетіп түзетуді жүктеді.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауылдағы қараусыз қалған ескі саябақтың орнында да болды. Мұнда іс жүзінде сүреңсіз жағдай қалыптасқан. Бір кездері төңіректің сәнін келтіріп тұрған тал-дарақтар күтімнің жоқтығынан жабайы тартып, бей-берекет өсіп кеткен. Кейбіреуі қурап қалған. Саябақтың ортасынан өтіп жатқан жолды бойлай телефон желісінің сымы салбырап тұр. Жолдың екі қапталында орналасқан спорт және футбол алаңдарының қоршауы көзге қораш көрінеді. Олжас Есалханұлы округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызына саябақтың аумағын қоршап, абаттандырып, заманға сай тұрғындардың мәдени-тынығу орнына айналдыру үшін қажетті жобалау-сметалық құжаттамалар дайындау қажеттігін ескертті.
Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясына төрт медициналық пункт қарайды. Мекеменің тыныс-тіршілігімен аудан басшысын аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева таныстырды. 2017 жылы іске қосылған денсаулық сақтау объектісі 25 келушіге арналған. Мұнда 13 адам жұмыс істейді. Өткен 2020 жылы дәрігерлік амбулаторияға қарасты аумақта коронавирусқа шалдыққан 13 науқас тіркелсе, олардың барлығы дерлік қажетті ем-домын қабылдап, сауығып кеткен.
Олжас Есалханұлы жұмыс сапарының соңында қалыптасқан дәстүрмен ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жиын өткізді. Емен-жарқын пікір алмасу үстінде ауыл жұртшылығының ұсыныстары мен сауалдарын ықылас қойып тыңдады. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов ауылдағы көше жолдарының жөндеу көрмегеніне 35-40 жылға жуық уақыт болғанын еске салды. Оған қоса, жауын жауғанда көшелердегі лайдан аяқ алып жүргісіз.
– Жақында 21,0 млн. теңге жұмсап, су тоғанын жөндеді. Жөндеді деген аты ғана, топырақты төрт жағынан үйді де кетті. Одан ауылға су да келмейді. Бейбітшілік көшесінде суағар науа орнатты. Әр ауланың тұсында көпірге жұқа арматурадан торша жасады. Біз тұрған жер қала емес, торға малдың аяғы түссе, сынады» деген ескертуімізге құлақ аспады. Сонымен тоғыз миллион мұнда, 21,0 миллион анда желге ұшты. Сол қаражатқа үш көшенің жолын жөндеуге болар еді», – деді Сағындық Құралбайұлы.
Олжас Қаржауов оған жауап ретінде жұмысқа кіріскелі бері елді мекендерді аралап, жағдайда зерделеу барысында жұртшылық тарапынан ауыл-аймақты көркейтуге бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалмайтынына қатысты жиі шағымданатынын айтты.
– Біз осыған байланысты соңғы үш жылда ауданда жобалау жұмыстарын жасаған жобалаушы ұйымдардың өкілдерін жинап жатырмыз. Өйткені, құрылыс жұмысында болсын, жобалауда болсын, бірыңғай стандарт жоқ. Әр өңірде әртүрлі. Оны бірізділікке түсіруіміз қажет. Ауданда бір карьер жоқ. Ауылда тұрып тасты, құмды, топырақты қаладан тасу деген ешбір ақылға сыймайды. Сол үшін сметаға қосымша 19-20 теңге қосылады. Сондықтан сметаның құнын арзандатып, объектінің пайдасын арттыруымыз қажет.
Тағы бір айта кететін мәселе, тұрғындар ауыл сыртындағы жайылым туралы жиі шағым айтады. Көршілес Түркістан облысы Сайрам ауданындағы бір ғана Қарабұлақ ауылы Қазақстанға еттің 40 процентін беріп отыр. Олардың барлығы жайылымды пайдаланып отырған жоқ. Жем-шөбін шабындықтан дайындайды. Малды қолға қаратып, бордақылаудың арзан әдіс-тәсілін меңгерген. Міне, солардан үйретін нәрсе көп.
Біздегі сиыр орта есеппен 6-7 литр сүт береді. Иесінің жері болса жақсы, болмаса, жем-шөпті сатып алады. Сонда не пайда? Малдың басын ұстағанға тоқмейілсіп отыра береміз бе, – дей келе аудан әкімі шаруалардың арасында жерді ортақ пайдаланып, кооперативке бірігуге ниет білдіргендер болса, әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.
Жергілікті қоғамдастық мүшесі Есімхан Сеңгірбаев та көше жолдарының тозығы жеткенін айта келе, «ауылдағы Жамбыл атындағы көшені жөндеуден өткізсек, жыр алыбының биылғы 175 жылдық мерейтойына тамаша тарту болар еді» деген ұсынысын білдірсе, ауылдық округ билер кеңесінің төрағасы, төбе би Нұртаза Омаров көше жарығына қатысты өкпе-ренішін жеткізді. «Көршілес Түркістан облысының Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал жаққа барсақ, түні самаладай жарық. Біздің ауылдарымызда тас түнек. Жол бойында жарықтандыру шамдары мен жаяу жүргіншілер жолының жоқтығынан былтыр бір қонағымызды көлік қағып кетті» деді ол.
Ауылдық округтің алқабилер мүшесі Асанбай Борашев Ақбастау ауылында Интернет жылдамдығының сапасы сын көтермейтінін ашына айтса, жергілікті қоғамдастық мүшесі Айдарбай Пошқаев ауызсу құбырлары құдықтарының бірі биік, бірі аласа жерде, дұрыс орнатылмағанын, қақпағы пластмассадан жасалғанын, оны жолдың үстіне қоюға болмайтынына қынжылыс білдірді.
Жиында қарасаздықтар ауызсу мәселесі қажытып тұрғанын айтты. «Операторлар электр қуатын үнемдейміз деп, сорғыны жиі өшіреді. Таңертең балалар мектепке жиналған кезде, түсте ас дайындап жатқанда, су келмей қалады» деген тұрғындар сауалына жауап беру аудан әкімі орнынан тұрғызған «Жуалы-су» мекемесінің басқарушысы Қуанышбек Болысбаев ондай жағдайдан хабары жоқ екенін айтып ақталды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары жарықтың да жиі өшетініне наразы.
Ауылдық округ Аналар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Айгүл Омарова ауыл сыртындағы жайылымды пайдалану мәселесін көтере келе, оны шөп көктеп шықпай жатып, ерте бастан тұяқты малға таптатпау қажеттігін айтып, ауыл тұрғындарына үндеу тастады.
Басқосуды қорыта келе, аудан әкімі Олжас Қаржауов жиында көтерілген әрбір мәселенің атқарушы билік үшін маңызды екенін айта келе, оны шешу жолдары басты назарында болатынын жеткізді.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close