Basty bet
Заң талаптары түсіндірілді
«Достық» мәдениет үйінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Президентін сайлау науқанын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Оған ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің комиссия құрамы мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Семинар-кеңесті аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, сөз кезегін облыстық аумақтық учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке берді.
-Бүгінгі семинар-кеңестің мақсаты – жалпыхалықтық сайлау Президент сайлауының ерекшеліктерін, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуір күнгі Қазақстан халқына Үндеуінде «Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.
Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деген болатын. Сондықтан біз комиссия мүшелері сайлаудың заң аясында ашық әрі әділ өтуіне жауаптымыз.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру орнында денсаулығына қарай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Міне, осы және тағы да басқа маңызды мәселелер бар. Сол себептен, біз сіздермен арнайы кездесіп, қажетті мағлұматтарды беруге, сұрақтарыңызға жауап беруге келіп отырмыз,- деді Серғали Өмірзақұлы.
Семинар-кеңестің негізгі бөлімінде облыстық -аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов барлық сұрақтарға кеңінен, сайлау кезінде өз тәжірибесінде орын алған жағдайлар және олардан қалай шығуға болатындығын жан-жақты түсіндірді.
Семинар барысында қатысушылар Талғат Жамаловқа көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, көптеген қажетті мағлұматтармен қанықты.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»