Basty bet

«Кез келген басшыға халықтың қолдауы қажет» аудан басшысы Жетітөбе ауылдық округіне барған сапарында осылай деді

Өткен жылдан бастап Жамбыл облысының жергілікті атқарушы орган басшыларының арнайы жұмыс алгоритмі бекітілген болатын. Осыған сәйкес ағымдағы жылы да аудан басшылары, округ әкімдері жергілікті жердегі проблемалармен жіті танысып, оның шешілу жолдарын да қарастыруда.

Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмі негізінде Жетітөбе ауылдық округінде болып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен, сонымен қатар, тұрғындардың өтініш-тілектерімен жақынырақ танысты. Аудан басшысын округке қарасты Тасбастау ауылындағы бастауыш мектептің алдынан Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаев, ауыл қариялары қарсы алды. Аудан әкімі Н.Ергебеков мектептің жағдайымен таныспас бұрын ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына назар аударды.
Ауылдың қадірлі ақсақалы, еңбек ардагері Шаймерден Шәрденов тұрғындарға алдымен таза ауызсу, табиғи газ қажеттігін айтып, осыдан бірер жыл бұрын салынған ауылдағы Б.Үсіпбаев көшесінің жолы әр тұстан қайтадан ойылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Тасбастау бастауыш мектебі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің бір ғимаратта ыңғайсыз орналасқанын айтып, ФАП-ты өз алдына бөлек орналастыру қажеттігін еске салды.
ФАП-тың медбикесі Айгүл Ізбасарованың айтуынша, жылыту қазандығын, ғимараттың іші-сыртына жөндеу жұмыстары қажет.
Келесі кезекте аудан басшысының назарына округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы бұрынғы ескі әмбебап дүкенді күрделі жөндеуден өткізіп, спорт үйірмелерін ашу, №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің жылыту қазандығын ауыстыру мәселелері ұсынылды. Әкімнің округке жұмыс сапары Қоңыртөбе ауылында жалғасып, мұнда Д.Пахомов атындағы орта мектептің жанынан салынып жатқан оқу кабинеттері мен спортзалдың құрылысы сынға алынды. Таратып айтар болсақ, құрылыстың басталғанына біраз уақыт болған. Бас мердігер «Ай-Дин Тараз құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан көрінеді. Ғимараттың іргетасы енді ғана қаланып біткен. Оқу кабинеттері іргетасының іші шағалмен толтырылса, біз барғанда спортзалдың едені топырақпен толтырылып жатыр екен. Мұны көрген аудан әкімі Нарбай Ергебеков серіктестіктің басшысы Ғалым Есдәулетовке бірқатар сын-ескертпелер айтты.
-Құрылыс жұмыстары өте баяу жүруде. Іргетастың ішін топырақпен толтырып жатырсыздар. Бұл талапқа сай емес. Ертең топырақ шөгеді. Оның үстіне бұл спортзал. Жұмысшылардың ешқайсысында медициналық бетперде жоқ. Әлде карантин талабының сіздерге қатысы жоқ па? Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталады. Соған дейін құрылыс жұмыстары сапалы аяқталуы қажет. Мен сіздерден аудан әкімі ретінде сапалы жұмысты талап етемін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жұмыс сапары барысында Қоңыртөбе ауылдық клубы, кітапхана, медициналық пункттің де жұмыстары сараланды.
Ауыл тұрғыны Шаяхмет Қайыпов аудан әкіміне бірқатар проблемаларды айтты. Ол ауылда тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, электрик маманының қажеттігін еске салды. Ауыл ақсақалы көтерген мәселені мұқият тыңдаған аудан басшысы округтің жаңадан сайланған әкіміне ақсақалдар, ауыл белсенділері, тұрғындар тарапынан қолдау қажеттігін айтты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close