Basty bet
2021 жылы мемлекеттік көмек қалай төленеді?
Ауданымызда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдемелері бойынша жұмыс жасалуда.
Ұсынылған жаңа ұстанымдар бойынша 4 және одан жоғары балалары бар көпбалалы отбасыларға табысын есептемей отбасының бала санына қарай берілетін мемлекеттік жәрдемақы төленуде.
Отбасының әрбір мүшесіне төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептелінеді. Жан басына шаққандағы орташа табыс АӘК тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
Сонымен қатар, АӘК алушы отбасылардағы 1-6 жастағы балаларға азық-түлік жиынтықтары және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығының кепілдендірілген әлеуметтік топтамалары, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6-18 жастағы балалар үшін тиісті жылдың 31 тамыз жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларына жылына бір рет берілетін мектеп формасы немесе спорттық киім жиынтығы және жылына бір рет берілетін мектепке қажетті құралдар жиынтығы кепілдендірілген әлеуметтік топтамаларын беру жалғастырылуда.
Бүгінгі таңда, кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы таңдау үшін Әлеуметтік қызметтер порталын іске асыру аясында кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы таңдауды жүзеге асыру жұмыстары атқарылуда.
АӘК тағайындауда отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК тағайындалмайды. Еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарға бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы аясында АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады.
2021 жылдың І тоқсанына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау елімізде COVID-19 инфекциясының белең алуына байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушылармен тікелей байланысты болдырмау мақсатында көрсетілетін қызметті жаңа кезеңге 2020 жылдың 31 желтоқсандағы жағдайы бойынша 2021 жылдың І тоқсанына ІV тоқсанның табысын ескере отырып, автоматты түрде ұзартылды.
2021 жылдың І тоқсанына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін Жамбыл облысы бойынша кедейлік шегінің мөлшері 21 699 теңгені құрап отыр. Яғни, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері, отбасының жиынтық табысын жан басына шаққанда орташа кірісімен жоғарыда бекітілген кедейлік шегінің айырмасы ретінде айқындалады.
Жиынтық табысты есептеу барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесіне» сәйкес, жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан алған бір айдағы табысы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем емес мөлшерде есепке алынады.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға яғни, қайтарымсыз грант алған отбасылардың төлеген бірыңғай жиынтық төлемі, отбасының жиынтық табысына есептелмейді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы кәсіпкерлік қызметті дамытуға мемлекеттік қолдау алғаннан кейінгі алты айдан кейін түскен табыс есепке алынады.
Жаныгүл Махмудова,
аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі