Basty bet
Басты мақсат – медициналық көмек пен оның сапасын жақсарту
немесе МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар мұны жақсы түсінуі тиіс
Өткен аптада Жуалы ауданына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын, ондағы қалыптасып отырған проблемалар жөнінде тұрғындарға жан-жақты түсіндіру үшін облыс орталығынан МӘМС жүйесіне жауапты мамандар келіп, халықпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын арттыру, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі бойынша өткізілген кездесу жиынына Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мурзақасымов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Ғайни Аймағанбетова қатысты. Жиынға Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтерінің әкімдері және тұрғындары шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Жуалы ауданындағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды тарту бағытындағы жұмыстарды аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков баяндады. Баяндамашы өз сөзінде, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды және аталған жүйенің негізінде қолға алынған шараларды кеңінен айтып, сұрақтарға жауап берді.
Келесі сөз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мурзақасымовқа берілді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында медицина саласына әсіресе, ауыл тұрғындарының медициналық сапасын арттыруға көптеп көңіл бөліп отырғанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Сондықтан бүгінгі сіздермен кездесудегі мақсатымыз – ел тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, оның сапасын көтеруге атсалысу. Бұл – өте маңызды.
Денсаулық сақтау саласы еліміздің негізгі салаларының бірі. Өйткені, халықтың денсаулығы жақсармай, ұлттың сапасы да артпайды. Саланың жұмысын жандандыру үшін ең бірінші білікті кадрлардың қажет екені белгілі. Өңірдегі кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді.
Жергілікті атқарушы органдардың грантымен оқып, оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл жұмыс істеу міндеттемесімен ағымдағы жылы өңірге резидентура бітірген 16 дәрігер жұмысқа келді. Оның ішінде, 2019 жылы оқуға түскен сегіз акушер-гинеколог, төрт анестезиолог-реанимотолог, 2020 жылы түскен екі неонатолог, екі невропатолог дәрігер бар. Кадрлар қажеттілігіне қарай аудандарға бөлінеді.
Облыстағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысына келер болсақ, 2022 жылы жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23 нысанның аяқталуы жоспарлануда. Ал 2023 жылға ауылдық жерлердегі бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында 11 нысанының, 2024 жылы 19 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Осының нәтижесінде, 26 000 астам азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізілуі қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Тұрғындарға шұғыл әрі жоғары технологиялық медициналық көмекті «алтын сағат» қағидасын жоғалтпай көмек көрсету мақсатында облысқа қарасты үш ауданда көпбейінді ауданаралық ауруханалары жаңғыртылады. Бұл ауруханаларда травматология, 2-3 деңгейлі инсульт орталығы, перинаталдық орталық немесе босандыру бөлімі, хирургиялық бөлім, реанимация және интенсивті терапия және медициналық реабилитация, қайта қалпына келтіру бөлімдері ашылады. Бұл 340 469 астам адамға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жуалы ауданындағы денсаулық сақтау нысандары туралы айтсам, ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Бәйтерек және Күреңбел ауылдарында ауысымына 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылыстары жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына 2023-2024 жылдар аралығында Жуалы ауданында сегіз нысанның (2023 – 3 нысан, 2024 – 5 нысан) құрылысы енгізілді.
Дені сау ұлт. Еліміздің негізгі байлығы да осы ұлттың амандығы және денінің саулығы. Осы орайда «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасының» шеңберінде шалғайдағы ауылдық елдімекендерде тұратын тұрғындарды профилактикалық медициналық қарап-тексерулер жүргізіліп жатыр. Онда скринингтік тексерулер, аууруларды ерте анықтау жұмыстары балалар мен ересектердің арасында жүргізіледі. Бұл профилактикалық тексерулердің ерекшелігі, 18 жастан бастап 70 жастың аралығындағы тұрғындарды қамтиды.
Атап айтатын болсам, мұндай қарап-тексерулер барысында 18-70 жас аралығындағы ерлер мен әйел азаматтар артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын және мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтауға тексеріледі.18-70 жас аралығындағы ерлер мен әйел азаматтар қант диабетін ерте анықтауға, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер респираторлық ауруларды (тыныс жолдарын) ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер енгізілді.
18 бен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер асқазан-ішек жолдарының және созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау енгізілді. 55 жастан 70 жас арылығындағы тұрғындарды аталық безінің катерлі ісігіне тексеру жүргізіледі.
Дәстүрлі скринингтік тексерулер, қант диабеті, глаукомаға 30 жастан бастап тексерсе, қазіргі жас мөлшері 18 жастан басталуда. Бұл тұрғындардың бастапқы кезеңдерде ауруларды анықтау, алдын алу және қажетті емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында жүзеге асырылады. Ауру анықталған тұлғалар диспансерлік бақылауға алынып, тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде бұл іс-шара өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізеді. Аталған профилактикалық тексеру түрлеріне әрбір тұрғын жергілікті тіркелген емханаға барып тексеріле алады.
Қорыта айтқанда, адамның денсаулығы өзінің қолында. Сондықтан, медицина саласында жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, денсаулыққа баса мән бергендеріңіз жөн. Ұлттың сапасын арттыруға барлығымыз атсалысуға тиіспіз,- деді Хамит Саттарқұлұлы.
Жиында қаралған негізгі мәселелер туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Ғайни Аймағанбетова жан-жақты айтып, тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық көмек туралы және аталған жүйеге қалай тіркелуге, сол арқылы медициналық көмекті қалай алуға болатыны туралы түсінік берді.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің жанынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, 2016 жылы арнайы Заң қабылданғаннан кейін барлық облыста аталған қордың филиалдары ашылды. Қор қызметкерлері негізінен медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және оның сапасына мониторинг жасау мақсатында жұмыс істейді. Халықпен кері байланыс жасау, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жасау мәселесі де біздің ұдайы назарымызда болады.
Бұл бағытта Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсам, облыс көлемінде 72 медициналық ұйым тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның 36-сы жеке меншік ұйым. 72 ұйыммен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы қомақты қаражатқа келісім-шарт жасасып, жұмыс істеуде. Оның ішінде, тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық көмек жүйесінің шеңберінде қызмет көрсетіледі.
Қор жұмысының басым бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқықтарын қорғау. Жыл басынан қордың ресми кері байланыс арналары – 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, қордың сайты және телеграмдағы Saqtandyry-Bot арқылы және денсаулық сақтау министрінің блогы мен денсаулық сақтау министрлігінің веб-сайтына облысқа қатысты 14 019 өтініш түсті. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өтініш көлемі 5 644-ке азайып отыр.
Дегенмен, облыс тұрғындары медициналық ұйымдардарға көмектің сапасы мен қолжетімділігіне шағым қалдыруын жалғастыруда. Есепті кезеңде қорға 295 шағым түссе, оның төртеуі Жуалы ауданынан түсті. Жиі түсетін шағымдарға тоқталсам, олар негізінен көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына, консультациялық-диагностикалық қызметтерді күту мерзіміне, яғни қызметтерді алуға жолдаманың берілуіне, ақылы негізде ТМККК және МӘМС пакеттеріне кіретін қызметтерді көрсетуге, медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелері мен стационарларында көрсетілетін қызметтердің сапасына, дәрілік препараттардың берілмеуіне немесе жеткіліксіз қамтамасыз етілуіне байланысты болып отыр.
Халықты міндетті әлеуметтік медициналық (МӘМС) жүйесімен қамту бойынша қор мамандырының және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері тарапынан жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, облыс бойынша сақтандырылғандардың үлесі – 76,1%, бұл 923 658 адамды құрайды. МӘМС жүйесінде Жуалы ауданында сақтандырылмағандардың саны – 16 479 адамды құрап отыр. Бұл халықтың осы бөлігінің, яғни сақтандырылмаған жағдайда, МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерге қолжетімділігін шектейді. Алайда, олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы.
Сақтандырылмағандардың құрамын санаттарға бөліп, талдайтын болсақ, олардың 70%-ға жуығы соңғы 12 ай ішінде төлем жасамаған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болып табылады. Осы тұрғыда, сақтандыру мәртебесін алудың жаңа механизмін енгізу МӘМС жүйесіндегі көпшілік күткен және тиімді өзгерістердің бірі болып табылады. 5 қыркүйектен бастап бір жыл бұрын алдын ала сақтандырылу мүмкіндігі пайда болды. Бұл тұрғыда өткен 12 айдың қарызын өтеу міндетті емес.
Жаңа механизм бойынша алдын ала бір жылға сақтандыру мәртебесін қалай алуға болады? Ендігі кезекте сіздерге осы мәселе туралы ақпарат берейін. Сақтандырылатын азамат әр айға жеке-жеке 3 000 теңгеден, яғни 12 мәрте төлем жасауы керек. Есептесек,12 айға 36 000 теңге шығады. Бұдан бөлек, ескеретін жайт, 12 айға бір төлеммен аударуға болмайды. Себебі жүйе әр айды бөлек-бөлек есептейді.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктің, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» мекемесінің филиалдары арқылы төлеуге болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесі сақтандырылған азаматтарға қандай мүмкіндіктер береді? Енді осы мәселе туралы толығырақ айтамын.
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмек алады. Оған салалық дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер (рентген, УЗИ, КТ, МРТ және т.б.), жоспарлы емдеуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау кіреді.
Сондай-ақ, төлемдерді уақтылы төлемейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Мұндай азаматтардың ішінен дербес төлеушілердің үлесі – 2,2%-ды, ал бірыңғай жиынтық төлемін төлеушілер (БЖТ) – 5,4%-ды құрайды. Егер азаматтың өткен кезеңдер үшін берешегі бола тұрып және бүгінгі күні медициналық көмекке мұқтаж болмаса, ол берешекті өтемей сақтандыру мәртебесіне ие болуына мүмкіндігі бар. БЖТ-ны төлеу кезінде ағымдағы кезеңнен бастап төлегенде, үшінші айдың басында сақтандырылған мәртебесі пайда болады. Яғни, кем дегенде қатарынан үш ай төлемдер болуы тиіс. Бұл соңғы 12 айдағы қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін ыңғайлы. БЖТ төлеушілері үздіксіз сақтандыру мәртебесіне ие болу үшін бір ай бұрын төлеуі қажет. Себебі, БЖТ төлем келер айға жасалмаса, келесі айдың басында сақтандыру мәртебесі жоғалады. Осыған байланысты бірыңғай жиынтық төлемді бір ай бұрын төлеу ұсынылады. Бұл жағдайда ең бастысы, үздіксіз төлем жүргізген дұрыс болады. Өйткені БЖТ-ның бір немесе екі реттік жасалған төлемі МӘМС аясында медициналық қызметтерді алуға құқық бермейді.
Атап өтетін жайт, жұмыс беруші қызметкерлер үшін жауапты болып табылады. Соның ішінде, олар МӘМС жарналары мен аударымдарын уақтылы төлеуі тиіс. Әр азаматқа сақтандыру мәртебесін тексеріп, төлемдердің болуын нақтылауы қажет. Сақтандырылудың ең тиімді әрі оңай жолы «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасын жүктеу немесе Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы тексеру. Төлемдердің сомалары мен кезеңдерін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы да тексеруге болады,- Ғайни Төленқызы.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын арттыру, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі бойынша кездесу жиындары Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде және Көктөбе ауылдық клубында өткізілді. Жиынға ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден ауыл әкімдері және медицина мекемелерінің мамандарымен қатар ауыл тұрғындары келіп қатысты. Ендігі кезекте МӘМС жүйесіндегі сақтандыру бағытындағы шараларға ауылдық округтің әкімдері де көмек-қолдау көрсетіп, жергілікті жерлерде тиісті ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізулері қажет.
Қосымша айта кететін болсақ, медициналық сақтандыру жүйесінің басты қағидаты – жинақталған қаражатты қазақстандықтардың ортақ игілігіне айналдыру. Осы орайда азаматтардың қорға аударған қаражаттары жинақталмайды. Тұрғындар осыны білген дұрыс. Қорға жинақталған қаражат – күллі қазақстандықтардың ортақ табысы болып саналады. Әлбетте, адамдардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Жылдап емханаға бармайтын денсаулығы мықты азаматтар да баршылық. Олардың есебінен қор қаржысы молайса, ертеңгі күні ол күрделі операцияға зәру бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтардың ынтымақтасуы дегеніміз осы.
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана бастады. Cебебі жекеменшік клиникалар және емхана, ауруханалармен медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар осы жылдан бастап бекітілді. Ендігі кезекте сақтандырылмаған және әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлемеген азаматтар амбулаторлық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдалана алады. Ең бастысы, халық өз денсаулықтарын өздері нығайтулары тиіс. Бұл мәселеге мемлекет баса назар аударып отыр.
Медицинасы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, онда елдің дені сау ұлт болып қалыптасуына үш топ жауапты. Оның біріншісі – мемлекет болса, екіншісі – жұмыс берушілер, ал үшіншісі – халық. Осы үш топтың күші біріккенде ғана денсаулық саласындағы қордаланған мәселелерді оңынан шешіп, саланы дамытуға болады.
Денсаулық – зор байлық. Бұл салада ең алдымен тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық берілуі қажет.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»