Basty bet
Күлханым әженің балдай тәтті қымызы
Қазақ халқының ерекше қадір тұтатын жануарының бірі – жылқы. Қазақта Қамбар ата – жылқының иесі деп саналған. Сондай-ақ жылқыны күш көлігі ретінде пайдаланып, жаугершілік заманда атқа мініп жауға шапқан. Қазақта «Малдың патшасы – жылқы», «Ер қанаты – ат» сынды жануардың қадір-қасиетіне орай айтылған сөздер көп. Себебі, жылқыны мінсең көлік, жесең ет, ішсең нағыз пайдалы сусын.
Елімізде жылқы шаруашылығымен, қымыз дайындау кәсібімен айналысатын біршама кәсіпкерлер бар. Соның бірі 35 жылдан аса уақыт қымыз кәсібімен айналысатын нағыз маман – Күлханым Бектұрғанова. Ол Түркістан облысы Түлкібас ауданы Күмісбастау ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол Жуалы ауданына қарасты Б.Момышұлы аулында тұрады.
Күлханым Рүстембекқызының қысқаша еңбек жолына тоқтала өтсек, ол сегіз жылдық білім алып әрі қарай комсомол бригадасында сақпаншы болып жұмыс істейді.
Күлханым Рүстембекқызы 1966 жылы Жуалы ауданына келін болып түседі.
Қай саланы болсын тез меңгеріп алатын еңбекқор жан 1967 жылы Ленин колхозында картоп егіп, егін шаруашылығында аянбай еңбек етеді. Ал, 1970 жылы Үлеков фабрикасында сегіз жылдай киім тоқумен айналысқан. Фабриканың жабылуына байланысты жұмыссыз қалып, 1987 жылдан бастап жұбайы екеуі балаларын асырау үшін қымыз дайындау кәсібімен айналыса бастайды. Жұбайы Кеңес үкіметі тарағанша трактор жүргізушісі болған екен.
-Екі биеміз бар еді. Бір биемізден күніне 10-12 литр шамасында қымыз сауамыз. Бір күнде екі биеден 24 литрдей қымыз алып, соны сататынбыз. Сол кездің өзінде құрамы таза деп, біздің қымызды өңірге танымал, қаржы бөлімінің басшысы болған Қалдыбай Ахметов сынды азамат арнайы үйге келіп, қымыз ішетін. Кейде тапсырыс түнгі уақытта көп түсетін, сол кезде марқұм жолдасымыз екеуміз түнімен бие сауып, қымыз дайындайтынбыз. Күбіге құйылған қымыз дайын болуы үшін санап отырып күбімен 1200 рет пісетінбіз. Күнделікті күбіні пісу үшін кәдімгі қара күш керек болатын. Ол қазір ғой, арнайы қозғалтқыш (мотор) бар, күбінің өзін автоматтандырып қойдық. Бүгінде бізге тек ауданнан емес, облыс көлемінде арнайы тапсырыс беріп алатындары да бар, – дейді еңбекқор әже.
Қымыздың өзіндік дайындау тәсілі бар. Оның ерекшелігі күбімен 1200 рет пісуі мен құйрық майды қосуында. Себебі, құйрық майды қосса, ол тамақты жырмайды. Әрі дәмі де тіл үйіретіндей дәмді, жұмсақ болады, – дейді қымызшы.
Кейіпкеріміз қазір өзінің қымыз дайындау үрдісі мен сырын келіні Инабатқа да үйретуде. Бұл ападан келінге қалар мұра іспеттес.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде, «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Расында баланың адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз.
Айта кету керек, Күлханым әже 15-ші тамызда мерейлі 75 жасқа толады екен. Ол бес ұл мен екі қызынан көрген 24 немере, төрт шөберенің сүйікті әжесі атанып отыр.
Бос уақытында немерелеріне қазақтың түрлі ертегілері мен жазушылардың, соның ішінде қазақтың біртуар жазушысы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Абай Құнанбайұлының Қара сөздерін, шығармаларын оқып беріп, нағыз қазақи тәрбиені беріп отырған жайы бар.
Немересі Шаттық пен Парасаттың «Абайдың» өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқығанын көріп сүйсінесің. Елдің болашағын білімді әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген осындай бүлдіршіндердің қолында болатынына сеніп, үлкен үмітпен тапсыра аласың.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлттық сусынымыз қымыз өндірісінің дамуына өз үлесін қосып отырған Күлханым әжейге айтар алғысымыз шексіз.