Basty bet

Әз-Наурыз – барша тіршіліктің бастауы

Наурыз – пейілдің кеңейіп, мейірімнің молаятын, өз-өзімізге есеп беретін рухани жаңғыру айы. Наурыз нышандары көшпелі қазақтың күнделікті тұрмыс салтына еніп кеткені ежелден белгілі.
Ежелгі түркілер Наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні отты алаулатып жағып, Жаңа күнді жарықпен қарсы алған. Ондағы мағына барлық жамандық атаулы, пәле-жала ескі жылмен қалсын деген ниетпен өздерін аластау. Ежелгі шығыста Наурызды қарсы алуда қолданылған бұл дәстүрді дінге қайшы деген пікірлер де бар. Бірақ белгілі этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлы Наурыз мерекесінің ешқандай отқа табынуға, құлдыққа қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысады. Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар да бұл мейрамды қазақ халқы ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке.
Расында, күн мен түн теңелетін, тіршілік атаулы шаттыққа кенелетін Наурыз есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан жаңа жылымыз, төл мерекеміз. Оның түркілік тамыры тым тереңде жатыр.
Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төл мерекелеріміздің ұлығы – Наурыз екені көпшілікке аян. Кеңестік кезеңде бүкіл халық болып тойлауға тыйым салынғанына қарамастан, әз-Наурыз ел жадынан толықтай өшкен жоқ. Ауылдық жерлерде көне көз, ескі құлақ ата-әжелеріміздің бастауымен әрқандай тәсілдермен арагідік аталып өтіп тұрды. Ұзақ жылғы үзілістен кейін төл мерекеміздің қайта жаңғырып, бағы жанған кезі Тәуелсіздік алар қарсаңға сай келді. Сол тұста халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков: «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды»,- деп Әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды екенін айтып қана қоймай, оның бүкілхалықтық сипат алып, ресми мереке болып орнығуына көп күш салды.
Қазақ халқы үшін Наурыздың орны бөлек. Халқымыз бағзы замандардан бері Әз-Наурызды сағына күткен. Бұл күні үлкен-кіші, кәрі-жас тайлы-таяғымен жұмыла жиналып бас қосқан, өткенге салауат, барға береке айтқан. Асқақ армандары мен үкілі үміттерін келер күнге ұштастырған. Алдан тек жақсылықтар күткен. Өткенді саралап, болашағын болжаған. Өйткені Наурыз – мереке атаулының ұлығы, жылдың басы, тіршіліктің бастауы, күн мен түннің теңелген, тіршілік атаулының жанданып-жасанған, жер-дүниенің түлеп-түрленген, мал-жанның өсіп-өнген күні. Бұл мейрам – дін мейрамы емес, діл мейрамы. Сондықтан да дана халқымыз осынау күнді – Ұлыстың ұлы күні деп ардақтап, оны қай кезде де еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне балаған.
Халқымызбен қайта қауышқан Наурыз мерекесімен бірге еліміздің бағзыдағы бай тарихы, мәдени мұрасы, ана тілі қайта түледі. Ұлт жадынан өше бастаған, көмескі тартқан ұғым-түсініктер жаңғырды. Бастысы еліміздің ұлттық санасы оянып, рухы көтерілді. Осының бәріне де Наурыздың қосқан, қосып келе жатқан және қоса беретін үлесі ерекше деп білемін.

Рүстем ҚАЙЫПБЕКОВ,
Жуалы ауданының мемлекеттік
архивінің архивисі

Таңдаулы материалдар

Close