Basty bet

Демократия – даму даңғылы

Ауданда саяси науқан – ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өтті

 

 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау мәселесі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаеватың саяси реформаларының маңызды тұстарының бірі екені даусыз. Бұл туралы Президент өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жолдауында атап көрсетіп, тапсырма бергені белгілі. Сонымен қоса, осыған орай өткізілген кеңесте де: «Бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік»,- деп атап көрсете отырып, саяси науқанның маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.

Сонымен, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлаудың ерекшелігі, жергілікті атқарушы биліктің басшысы жергілікті халықтың тікелей сайлауы арқылы тағайындалуында болып отыр. Бұған дейін ауыл әкімдерін сайлау процесі аудан әкімінің ұсынысы арқылы, жергілікті мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы жүргізіліп келгені белгілі. Президент тапсырмасымен биыл бұл үрдіс жаңаша сипат алып отырғанын баса айтуымыз қажет. Әлбетте, ауыл әкімдерінің сайлауы жөнінде ел арасында көптеген пікірлер айтылуда. Дегенмен, «Көш жүре түзеледі» десек, тәуелсіз Қазақ елі демократиялық даму даңғылына кезең-кезеңімен бет алып келе жатқаны анық.

 

***

Халық көптен күткен ауыл әкімдерінің сайлауы да өз деңгейінде өтті деген сенімдеміз. Осы ретте, 25 шілдеге белгіленген саяси науқанға Жуалы ауданында дайындық ертерек басталып кеткенін айта кеткеніміз жөн сияқты. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау заңдылықтарын қадағалау, оның ішінде, сайлау учаскелерінің жұмыстарын реттеу, саяси партиялардың атынан ұсынылған кандидаттарды тіркеу, саяси науқанға қатысты тағысын тағы жұмыстар белгіленген заңдылықтар аясында атқарылды.

Сонымен, бұл жолғы сайлаудың барысында біздің ауданда барлығы төрт ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Атап айтқанда, саяси науқан ауданға қарасты Боралдай, Қарасаз, Мыңбұлақ және Қызыларық ауылдық округтерінде өтіп, жергілікті тұрғындар ауылдық округтің әкімі лауазымына кандидат болып тіркелген 12 азаматтың ішінен ауылға жанашыр, іскер әкімге лайықты азаматты таңдады деген үміттеміз.

Сайлау күні таңертеңгі сағат 08.00-де Қарасаз ауылындағы мәдениет үйінде орналасқан 190-шы сайлау учаскесіне барғанбыз. Сайлау учаскесінің төрағасы Нұриддин Нұрғабылов ауылдық округтің орталығында барлығы 1550 сайлаушы тіркелгенін айтып, сайлаушылардың барлығы саяси науқанға шақырылғанын жеткізді.

-1550 сайлаушының 46-сы мүмкіндігі шектеулі азамат. Ал 26-сы үйден дауыс беретіндер. Үшеуі мал қыстауындағы малшылар. 15-і алғаш дауыс беретін азаматтар. Сайлау учаскесінде жеті мүше бар. Саяси науқан алдын ала белгіленген барлық санитарлық талаптарға сай өтуде. Қорғаныш құралдары, басқа антисептикалық материалдар жеткілікті. Келушілерге санитарлық талаптар түсіндірілуде. Мұндағы саяси науқанның өту барысын «Nur Otan» партиясы атынан және бір партиялық емес байқаушы (кәсіподақтар ұйымынан) жіті бақылауда,- дейді сайлау учаскесінің төрағасы.

Халық саны жағынан болсын, жаңа заманға сай кәсіпкерлік пен шаруашылығы жағынан болсын, өркендеп, қанат жайған аудандағы алдыңғы қатарлы ауылдық округтердің бірі – Қарасазға іскер басшы қажет-ақ. Бұл – ауыл тұрғындарының тілегі.

 

***

Біз келесі кезекте ауыл әкімінің сайлауы өтіп жатқан шалғайдағы Боралдай ауылдық округіне де барып, сайлау учаскесінің мүшелерімен және сайлаушылармен кездесіп, пікірлескен едік. Аталған округте 2428 тұрғын ресми тіркелген. Ауылдық округтің орталығы саналатын Көлтоған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте орналасқан №184 сайлау учаскесінің төрайымы Роза Ертаева сайлау учаскесінде 677 сайлаушының бар екенін айтты. Оның ішінде 24 сайлаушы үйден дауыс беретіндердің қатарында. Бес азамат індет жұқтыруға байланысты оқшауланған. Ал алыстағы мал қыстақтарында сегіз адам дауыс береді. 20 адам алғаш рет дауыс беретін азаматтардың қатарында. Учаскеге сағат 10.30 шамасында барғанымызда, сайлаушылардың ішінен 129 адам дауыс беріп үлгерген екен. Сайлау учаскесінің мүшелері сайлауға ең бірінші болып келіп, дауыс берген сайлаушыларға, сонымен қатар, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған азаматтарға да сыйлықтар берілгенін айтады.

***

Қызыларықтықтар да ауылдық округ әкімін өздері сайлады. Аталған ауылдық округте  бес сайлау учаскесі орналасқан. Оның ішінде біреуі жабық сайлау учаскесі саналады. Мұнда 1441 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде  18 алғашқы дауыс беруші болса, 30 сайлаушы үйден дауыс берді.

Сайлау учаскесі таңғы сағат 06.00-де ашылып, өз жұмысын 07.00-де бастады. Ауыл тұрғындарының ішінде ең бірінші болып №213 сайлау учаскесінен Зәуре Байменова, №209 сайлау учаскесінен Бибіхан Ысқақова дауыс берді. №214 сайлау учаскесінен алғашқы дауыс беруші Ақтоты Тұрсынбай да ең бірінші болып өз таңдауын жасады.

Жалпы саяси науқанда ауыл тұрғындары жауапкершілік танытып, белсенділігін көрсетті. Тұрғындар жаңа сайланар ауыл әкіміне зор үміт күтетіндерін айтып, жақсы көңіл күйде тарқасты.

 

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close