Basty bet
Ірілендіру арқылы ілгері басамыз
Ауыл шаруашылығы саласы – еліміздің экономикасының негізгі саласы. Ауылдағы ағайын атакәсіпті дамытумен қатар, егін шаруашылығын да қолға мықтап алған. Олар өнімді еңбегінің арқасында ел дамуына өз үлестерін қосып, күнкөріс деңгейінің де артуына да септігін тигізуде. Жалпы, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін төрт түлік өсіріп отырғандар оның күтімі мен азығын да жақсартуы тиіс. Бұл туралы кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында кеңінен талқыланды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Олжас Қаржауовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында өңірдегі шаруа қожалық жетекшілерімен және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер басшыларымен кездесу өтті. Жиынға сонымен қатар, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде егістік алқаптағы жерлерді тамшылатып суғару жүйесін қалыптастырып, алынатын жемшөп көлемін және мал азығының құнарлығын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы өндірістік кәсіпорындары арқылы пішендеме мен сүрлем өнімдерін өндіру мәселесі қойылды.
Жиынды аудан әкімі Олжас Есалханұлы ашып, сөз кезегін аудандағы ірі шаруашылықтың бірі Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС-ның басшысы Егор Кохқа берді. Аталған серіктестік ауыл шаруашылығының бірнеше түрімен айналысады. Бастысы, ол жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтыған. Шаруа қожалықта асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен шошқа өсіріледі. Сондай-ақ, егістік жерін заманауи тамшылатып суару технологиясымен ылғалдандырады. Міне, ол осы замануи техниканы қалай пайдалану және мал азығының құнарлығын қалай арттыру жөнінде сөз қозғады.
-«Гамбург» серіктестігінің тыныс-тіршілігі баршаңызға таныс. Иә, біз бұл жағдайға оңайлықпен жеткен жоқпыз. Мал басын ұстап тұру, шаруаңды алға дамыту оңай процесс емес. Оның азығын дайындау да ұзақ уақытты, көп күшті талап етеді. Әрі оны құнарлығына қарай әзірлеу жауапты дүние. Бүгінгі жиында мал азығының құнарлығын арттыру сөз болғалы отыр. Әрине, заманауи техниканың да пайдасы көл-көсір. Ол техниканың да тілін білетін маман керек. Егер де ол болмаса, шаруаң да техникаң да бір сәтте жоқ болады. Қолыңдағы бар техниканы бір жыл, болмаса он жыл жұмыс істету ол сіздің маманыңызға тікелей байланысты.
Енді, міне, ауданымызда әр ауылдық округтен бір-бір кооператив құру қолға алынғалы тұр. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Бірігу болмаса, ірілену болмайды. Өзара ауызбіршілікте, келісіммен жұмыс жасалуы тиіс. Кооперативтер құрмас бұрын ол жерде кім жұмыс істейтінін анықтап алу керек. Бір адам мүшелікке кіріп, ертеңгі күні оны тастап кетпеуі тиіс. Өйткені, кооператив жұмысының алға басуы оның мүшелеріне тікелей байланысты болады. Ешкім техникасын тегіннен тегін ешкімге бермейді.
Ал, тамшылатып, болмаса жаңбырлатып суғаруды қолға алу үшін егістік жерлері бір жерде болуы керек. Ылғалды үнемдеу техникасымен суды үнемдеп, өнімнің сапасын арттыруға болады. Оның пайдасын өзімнің шаруа қожалығымнан көріп отырмын, – дейді шаруашылық басшысы.
Одан кейін аудан әкімі кооператив құру арқылы ауданымызға керекті техникаларды мемлекет тарапынан берілетін субсидиямен алуға болатынын тілге тиек етті. Оның шарттарымен аудандағы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, мал азығын да құнарлы етуге болатындығын баса айтты.
-Көп елді мекендерде тұрғындар жайылым жердің жоқтығын айтып шағымданады. Енді жайылым жер тарылмаса, кеңеймейді. Шүкір, ауданда атакәсіпке бет бұрған жандар көп. Міне, осы тұрғындар қорасындағы малынан шығынға батпай, өзіне пайда көруі керек. Біз жеке адамның пайдасы үшін емес, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеуіміз керек. Жерімізден алған өнімнің сапасына, құнарлығына мән беруіміз қажет.
Ылғалды үнемдеу техникасын меңгеріп алатын болсақ, онда тұқым жақсаратын болады. Ауылдардағы арықтарды тазалағанмен, мәселе шешілмейді. Бірігу арқылы жаңа, шаруаларға пайдалы техникаларды алайық, бір-бірлеріңізге көмектеріңіз тисін, – деді аудан басшысы Олжас Есалханұлы.
Жиында шаруа қожалық төрағалары түрлі сауалдар қойып, өзара пікір алмасты. Еркін пікір алмасу кезінде Мұхамеджан Әсемов сөз алып, кооператив құру ниеті бар екен айтып өтті. Ол бірнеше шаруа қожалықты біріктіріп, техникаларды да жаңартып, аудандағы шаруаларға көмектесіп жатқандарын жеткізді. Дегенмен де әлі жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алу қажеттігін айтты. Ал, Дидар Кенжебеков «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруға ниеттеніп, құрамына 105 мүше, 25 шаруа қожалық тіркегенін, иелігінде 400 гектар егістік жері, 21 техникасы барын, әлі де жаңа техника алуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, «Қанат-Болашақ» кооперативі, «Ахмет» шаруа қожалығының жетекшілері, тағы басқалар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Жиынды аудан басшысы Олжас Қаржауов «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген ойымен қорытындылады.
Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»