Basty bet

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – жауапты әрі күрделі іс

«Білім – бақтың жібермейтін қазығы,
Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы»,-деп Мұхтар Әуезов айтқандай, барлық жетістіктің бастауы – білім. 16 тамыз күні еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Білім және ғылым» атты республикалық Тамыз конференциясы өтті. Оған біздің ауданнан аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Айжанов Мәжит Мамытұлы, білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев және Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектептің директоры Нұрмахан Тыныбеков, қатысып қайтты.
Жақында білім бөлімінің басшысы Мәжит Мамытұлымен республикалық Тамыз конференциясынан алған әсері аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жайлы сұхбаттасқан едік.
-Мәжит Мамытұлы, республикалық Тамыз конференциясынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
-Конференциядан бір күн бұрын секциялық жұмыстар жүргізілді. Онда білім саласына қатысты барлық мәселелер талқыланды. Білікті, тәжірибелі мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Екінші күні таңертең сағат сегізде Тәуелсіздік сарайына жиналдық. Конференция 11-де басталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса делегат қатысты.
Конференцияда білім саласындағы негізгі бағыт-бағдарлар айқындалып, осыған дейінгі жұмыстар қорытындыланды, алдағы күнге жоспарлар жасалды. Президентіміз Қ.Тоқаев саладағы қордаланған мәселелерді шешу бойынша Үкімет пен әкімдерге, сонымен бірге тиісті министрліктерге бірқатар міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру жүйесінің бір орнында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін атап айтты. Президенттің айтуынша, бәсекеге қабілетті балаларды қалыптастыруда басты үміт мұғалімдерге артылады. Педагогтардың, әлбетте ата-аналардың да міндеті – еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу. Сонымен бірге Мемлекет басшысы жаңа ұрпақты алдағы сын-қатерлерге дайындау қажеттігін, бұл ретте балалар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс екенін баса айтты.
Президент өз сөзінен кейін бір қатар педагогтарды түрлі дәрежедегі наградалармен марапаттады. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова да өзінің ұстаздар қауымына деген игі тілегені жеткізіп, бірқатар педагогтарды марапаттады.
Тамыз кеңесіне жиналған жұрт жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістер мен болашақтағы жаңалықтарды, сондай-ақ мемлекет басшысының берген тапсырмалары қай бағытта орындалатынын баяндайтын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты асыға күтті. Асхат Қанатұлы өз толғанысын жеткізді. Әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, өзінің білімділігін көрсетті. Сайып келгенде барлық әңгіменің мақсаты –сапаға барынша қатты көңіл бөлу. Еліміздің болашағы тек қана дені сау, білімді, дарынды жастардың қолында сондықтан, білім саласында әрбір мәселеге терең мән беру керек.
-Біздің ауданда Тамыз кеңесі қай күні өтеді?
-27 тамыз күні «Достық» мәдениет үйінде «Келешекке кемел біліммен!» деген тақырыппен өтеді деп жоспарлануда. 23 тамыз күні орталықта төрт мектепте секциялық жұмыстар өтті. Секциялық жұмыста мұғалімдерге қажетті жадынамалар таратылды.
Тамыз кеңесінде республикалық Тамыз конференциясында айтылған тапсырмалар, алдағы уақытта орындалатын жаңалықтар айтылады. Білімі мен жеткен жетістігімен ерекшеленген ұстаздар марапатталатын болады.
-Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар күтір тұр?
-Өткен оқу жылында ауданымыздағы 40 мектепте 11 130 оқушыға 1700 мұғалім білім берді. Биыл нақты саны әлі белгісіз, бірақ осы шамада болуы керек.
Биыл 1 сыныпқа оқушылар автоматтандырылған жүйемен қабылданды. Оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылады. Сонымен бірге биылғы оқу жылында бизнес инкубатор бағытында сабақтар өтілуі мүмкін.
Өткен оқу жылында бір IT сынып ашылса, биыл тағы да үш сынып ашылатын болады.
Сондай-ақ әр мұғалімде компьютер болуы керек деген талап бойынша оқу жылының алғашқы айында бірыңғай ұйымдастыру жобасы аясында компьютерлер алынады.
Жазғы демалыс кезінде С.Бәйтіков және Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді және А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің спорт залының едені жөнделді.
Қысқы жылыту маусымына қатты отындар түсірілуде. Жалпы мектептердің жылыту қазандықтары қысқы жылыту маусымына дайын.
-Жаңа оқу жылына әріптестеріңізге деген игі тілегіңіз.
-Барлық әріптестеріме қажымас қайрат, мол табыс, абырой тілеймін.

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close