Basty bet

Ел игілігіне айналған жобалар

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – Жаңа Қазақстанды құрудың нақты жолдарын белгілеп берген құжат екендігі даусыз. Мемлекет басшысы осы және алдыңғы Жолдауларында Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту жайын назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.

Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет екендігін қадап айтқан-ды.
Соңғы жылдары ауданда елдімекендерді таза ауызсумен, табиғи отынмен және жайлы автомобиль жолымен қамту бағытында жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінгі таңда таза ауызсумен қамтылған елдімекендердің үлесі 63, көгілдір отынмен – 85, қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамту 97,7 пайызға жетіп отыр.
Биыл ауызсу және табиғи газ құбырын тарту, сонымен қатар автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттен 3611764 мың теңгеге қаралған. Оның 2845904 мың теңгесі тиісті мақсаттағы жобалардың жүзеге асырылуына бағытталса, қалған 765860 мың теңгесі құрылысы өтпелі нысандардың еншісінде.
Автомобиль жолдары бойынша айтатын болсақ, биыл ауданда жалпы құны 1084583 мың теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалар аясында 45,987 километр автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде аудандық мәндегі 26,49 километрді құрайтын үш жол бар. Атап айтсақ, біріншісі, Шыңбұлақ ауылына кіре-берістегі 7,6 километр автомобиль жолы. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Екіншісі, «Күйік-Теріс Ащыбұлақ» арасындағы 10,63 километр жол, үшіншісі, «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автожолы. Оның ұзындығы 8,26 километр. Осы қос жолда орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрамақ.
Биыл 19,497 километрді құрайтын ауыл ішілік жолдарды жөндеу бойынша 14 жоба қаралған. Көше саны 18. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақбастау ауылындағы Төле би, Қойгелді көшелері мен Береке тұйығы орта жөндеуден өткізілуде. Ал Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерін жөндеуге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 239042 мың теңгеге 13,8 километр жолды жөндеу үшін 12 жоба бойынша қаржы бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бүгінгі таңда конкурсқа қатысып, ұтып алған мердігерлер құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Жыл қортындысымен ауылішілік автомобиль жолының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрамақ.
Аудан бойынша жол қауіпсіздігіне қатысты техникалық құралдарды орнатуға, күтіп ұстауға және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге биыл аудан бюджетінен қомақты қаржы қаралған. Бұл қаражат бағдаршамды күтіп ұстауға, бейне бақылау камералары мен бағдаршамның электр энергиясына, бейне бақылау камераларының антеннасының жалдауына, одан бөлек, 31 жол белгісін орнатып, 27-і жол белгісі жаңартуға жұмысалмақ. Сонымен қатар аудандық мәндегі 46,7 километрді құрайтын 13 автомобиль жолы бойындағы орман жолақтарын жырту және жол жиегін тегістеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Табиғи газ бойынша айтатын болсақ, биыл Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған, Қошқарата, Ақтасты ауылдарына кварталішілік газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде Қошқарата ауылына газ тарту өтпелі болып тұр. Осының нәтижесінде жыл соңына қарай табиғи газбен қамтудың үлесі 91,8 пайызға артпақ. Сонымен қатар қалған 4 елдімекенге, атап айтсақ, Қарабасатау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылды. Аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендер 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазір таза ауызсумен қамтылған елдімекендер саны едәуір артқан. Атап айтсақ, ауданда орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған елдімекендер саны – 31. Ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда. Қазіргі таңда таза ауызсу құбыры Қоңыртөбе ауылында тартылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Жаңарту» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек, 6 елді мекенге, атап айтқанда, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарына таза ауызсу кіргізу жоспарлануда, бүгінгі таңда Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарындағы таза ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кетті.
Биыл 4 елді мекен таза ауызсуға қосылып (Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап, Ақтоған) көрсеткіш бойынша 35 елді мекеннің тұрғыны орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, ол 71,4 пайызды құрамақ. Бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады. Сондай-ақ 7 елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модулдерін орнату жоспарлануда. Бұл санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
Елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету және кәріз су жүйелерін күтіп-баптау, алып кету қызметтерін «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқаруда. Бүгінгі таңда барлық 29 елді мекенде 18 нысан мекеме қызметін пайдаланады, тұтынушылардың (абонент) жалпы саны 6390. Мекеме 396,6 километр су тарату желісін, 5,88 километр кәріз су желісін, 66 су тарту нысанын, 1 кәріз су айдау стансасын, 4,8 гектар аумақты алып жатқан сүзгі алаңын күтіп-баптау және пайдалану жұмысымен айналысады.
Жыл басынан бері мекеме тарапынан келесідей жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Қайрат ауылы Ә.Молдағұлова көшесінде жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес ұзындығы 1,8 километрді құрайтын ауызсу құбыры жүргізілді. Қошқарата ауылдық округі Ақтасты ауылындағы орталық ауызсу жүйесінде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылында су тарту нысанында технологиялық су жүйесімен ауызсуды залалсыздандыратын бактерицидтік қондырғы орналастыратын ғимарат соғылуда. Ақсай ауылдық округі Диқан ауылы аймағындағы коммуналдық қалдықтарды көму және полигонды күтіп баптау жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасына сай жұмыстар жалғасын табуда.
Кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен Б.Момышұлы ауылы темір жолдың астыңғы бөлігіндегі көшелердегі тұтынушыларды үздіксіз таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін (Қойбақов, Көктем, Сейітбеков, Абай және Алтынсарин көш.) орталық ауызсу жүйесіндегі құдықтарда 10 дана ф100 милиметрлік бұранда (задвижка) қойылды. Б.Момышұлы, Көлбастау, Қайрат ауылдарындағы су жүйесіндегі құдықтарда істен шыққан 8 өртке қарсы гидрант жаңасына ауыстырылды. Сондай-ақ Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Талапты, Диқан, Нұрлыкент, Қарабастау, Ақбастау және Теріс елдімекендерінің таза ауызсу жүйесінде орын алған 84 ақау жөнделіп, қалпына келтірілді.
Алдағы уақытта мекеме қаржыға байланысты Диқан ауылында су тарту нысанында сыйымдылығы 50 текше метр су жинақтау мұнарасын орнату, бұдан бөлек Қызыларық, Сұрым мен Б.Момышұлы ауылындағы үш көшенің орталық ауызсу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Өткен жылы 18 көшеге көше жарығы орнатылып, жыл қорытындысымен ауылішілік жолдардың жарықтандырылуы 186 көше немесе 68 пайызды құрады. Биыл 6 ауылішілік көшеге жарық жүйесін жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде 192 ауылішілік көше немесе 70 пайызы жарықтандырылатын болады.
Электр желілерінің жалпы ұзындығы 863,38 шақырымды құраса 2022 жылға 837 шқ электр желілерін ағымды және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 388 бағана, 5 трансформаторды ауыстырылуда.

Роза ҚҰРМАШЕВА,
аудан әкімдігі тұрғын
үй коммуналдық шаруашылығы,
жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімі басшысының
міндетін атқарушы

Таңдаулы материалдар

Close