Basty bet
Қазақ білімі мен ғылымының алтын ордасы
Құрылғанына 87 жыл болған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – еліміздің жетекші көппрофилді университеті болып табылады. Ұлттық университетте студенттер жан-жақты білім алып, өз саласының білікті маманы болып шығу үшін, сонымен қатар қоғамдық өмірге белсене араласып, спортта, өнер, білім, ғылым сайыстарына қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Аумағы, ауқымы жағынан еліміздегі ең үлкен университеттің қабырғасында Отанымыздың және шетелдік 18 мыңнан астам студенті дәріс алуда. Оқу орнында 15 факультет бар, олардың әрқайсында еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының даму мәселелерін шешуге бағытталған жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буыны қалыптасуда.
Қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағынан түлеп ұшқан студенттер еліміздің қаржы және есеп, сонымен қатар, ел экономикасының барлық салаларында табысты қызмет етіп, ұлттық университеттің бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда үздік екендігін дәлелдеуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған және Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген 2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде екі қазақстандық ЖОО-ның кіруі міндетін абыроймен орындап шықты. Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, феноменалды серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің әлемдік көшбасшы университеттер қатарында екендігін дәлелдеді.Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы нәтижелерін жариялады. QS аналитикалық есебінде атап өтілгендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды. Әлемдік рейтингте жеткен биік жетістікте университет ректоры, академик Ғалым Мұтановтың басшылығымен ҚазҰУ-дың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша университет ұжымы атқарған қыруар жұмыстар тұр. Кластерлік тұрғыдан кешенді құрылымдық модернизациялау жүзеге асырылып, нәтижеге бағытталған басқару жүйесі енгізілді. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттермен бірлесе қос диплом бағдарламасы және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда, соның нәтижесінде Қазақстанда ең көп шетелдік студенттер ҚазҰУ-де білім алуда. Тек соңғы жылдың өзінде олардың саны 15 есеге өсті.
«Майкрософт» компаниясы ҚазҰУ цифрлық моделін ең озық тәжірибелердің бірі ретінде таныды. Университетте «ғылыми идеядан бастап оны коммерциализациялауға дейінгі» технологиялық дәліз құрылған. Оны тиімді пайдаланудың арқасында университетте бес жыл ішінде ғылыми жобалар көлемі 2,5 есеге артты. Халықаралық рейтингі жоғарғы журналдардағы қазақстандық авторлардың әрбір бесінші жарияланымы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Соңғы бес жылда университет инфрақұрылымның жалпы аумағы 50% дейін өсті.
ҚазҰУ әлемдегі үздік 200 экологиялық және ең озық технологиялық университеттердің үздік 50 тобына кіреді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы рейтингінде ҚазҰУ «АА+» бағасын иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Барлық осы жетістіктер арқасында ҚазҰУ түркі және ислам әлеміндегі ең үздік университет ретінде танылды. Ұлттық университеттің халықаралық және ұлттық деңгейдегі абыройы, білім сапасы еліміздің барлық талапкерлерін қызықтыруда. Оған дәлел, еліміздің үздік оқушыларының осы университетті таңдауы, бөлінетін білім гранттарының көбісін ҚазҰУ-ін таңдаған талапкерлер алуда. Білім мен ғылымның сапасына айналған, ұлы ойшыл әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидың атын иеленген жоғарғы оқу орны атына заты сай университетке айналуда.
Ж.К.Жорабаева, Э.Б.Жаумытбай