Qoǵam

Балабақшада Санитариялық талаптар қатаң сақталады

Жер-жаһанда коронавирус пандемиясы үстемдік құрып, адамзат баласына қатер төнген осынау шырғалаң шақ бірлігіміз бен елдігіміздің сыналған кезеңі болғаны анық. Адамзатқа зор зардабын тигізген бұл ортақ «жаумен» бүкіл әлем болып бірігіп күресіп жатқанымызға да бір жылға жуықтады.

Қазақстанның нағыз патриот азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп, ол – балабақша. Бүгінде балабақшаларда санитарлық талаптар сақталып, тәрбиеленушілерімен қауышып, өз жұмыстарына кіріскеніне біраз болды. Осы ретте, біз бүгін аудан орталығындағы 145 балаға арналған №1 бөбекжай-балабақшасындағы бүгінгі ахуал жайлы айтпақпыз. Мұнда төрт қазақ тобы мен екі орыс тобы, барлығы алты топ жұмыс істейді. 47 қызметкер бар, оның 21-і педагог болса, қалғаны персоналды кіші қызметкерлер.
-Былтыр көктемде елде төтенше жағдай режимі жарияланған кезде балабақшалар да үш ай бойы жабылып қалды. Бәріміз үйімізде оқшауланып, жағдайдың түзелгенін күттік. Оның есесіне карантин кезінде тәрбиешілер онлайн курстар оқып, білімдерін арттырды. Түрлі сертификат алып, тәжірибе алмасты. Пандемияның пайдалы тұстары осы болды.
Карантин кезінде көп адам жұмысынан, яғни жалақысынан айырылды. Бірақ балабақша қызметкерлері жалақысын толық алып отырды. Себебі, балабақша карантин кезінде де балалармен онлайн түрде жұмыс істеді. Балалармен онлайн-сабақтар өткізіп, тапсырмалар жіберді. Ата-аналар тәрбиешілерге кері байланысқа шығып, жіберген тапсырмаларды, тақпақтарды балаларға жаттатып, орындатып отырды. Өйткені, балалардың мектепке дейінгі білімі өте маңызды.
Балабақша қыркүйек айының басында толық санитариялық нормаларды орындап, арнайы тексерістен өтіп және ата-аналардың өтініштері негізінде қайтадан ашылды. Бірақ балалардың бәрін емес, тек жартысын ғана қабылдауға рұқсат берілді.
Яғни, бұрын бала саны 145 болса, сол кезде 90 бала, яғни 6 кезекші топ 15 баладан қабылдап, жұмыс істедік. Пандемиядан жұмыс қиындап кеткен жоқ, бәрі бұрынғыдай болды. Күн сайын танертең балалардың дене қызуын тексереміз. Бала ауырмай, дені сау болып келсе ғана қабылдаймыз.
Топтағы бүкіл заттарды 15 балаға арнап, арақашықтықты сақтап қайтадан жасақтадық. Әр бөлмеге антисептік қойылды, жабық жәшіктер орнатылды. Балалардың жатын бөлмелері, ойын залы, тамақ ішетін орындары желдетіліп, күніне екі рет кварц шамы қойылды. Балалардың қолданылатын мата сүлгілерінің орнына қағаз қол сүрткіштер пайдаланылды. Асханада да бүкіл санитарлық талаптар сақталып, аспаздар медициналық бетперде мен медициналық қолғап киіп тамақ дайындайды.
Алғаш балалар балабақшаға келгенде оларға бәрі таңсық болып көрінетіні анық. Дене қызуын өлшейтін құралдан қорқып жылаған бала қаншама. Бірақ уақыт өте бәрі үйреніп, қазір өздері өлшетуге барып тұрады. Топтағы балалар қолдарын сабынмен жуып, антисептік себуді әдетке айналдырды. Жабық жәшіктерге қолданылған қағаз қол сүрткіштерін өздері тастап, тазалықты, санитарлық талаптардың барлығын сақтауды үйренді.
Балалардың дене қызуын тәжірибелі медбике Ақмарал Рахманқұлова өлшеп, тексереді. Балабақшада балалардың дене тазалығын, таңертеңгі желдету, кварц қою, балаларды қабылдау журналдары бар. Біз қызметкерлердің де денсаулығын жіті бақылауда ұстаймыз. Өйткені олар балалармен көп қарым-қатынаста болады.
Біз балалардың бір күндік уақытын тиімді өткізуге тырысамыз. Олармен тәрбиешілер, педагогтар түрлі сабақтар, ойындар өткізеді. Таңғы ас ішіп болған соң күн ашық болса балаларды сыртқа серуендеуге алып шығамыз.
Міне, осылай балаларымыз бақшаға оралып, сәніміз кіріп қалды. Олардың у-шуының өзі қандай керемет естіледі.
Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 5 наурызда шыққан №10 қаулысы негізінде және өзіміздің аудандық санитариялық дәрігердің рұқсатымен балабақшадағы топтарды толық 25 баламен ашуға рұқсат етілді. Топтарды 25 балаға арнап дайындадық. Топтар толық ашылғанымен, балабақшада бұрынғыдай барлық санитариялық талаптар сақтала береді, – дейді №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Даниярова.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close