Basty bet

Бірқатар қызметтер электронды форматқа көшіріледі

Кеше «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Кеңес отырысының күн тәртібінде аудан бойынша коронавирус пандемиясы кезінде бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы туралы бір мәселе қаралды. Кеңес отырысын аталған кеңестің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айгүл Айтбаеваның есептік баяндамасы тыңдалды.
-Құрметті жиналысқа қатысушылар!
Жуалы аудандық орталық ауруханасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы шілде айында бұрынғы аурухана басшылығы тарапынан коронавирус пандемиясына қарсы жұмыстарды атқарғаны үшін медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақы толығымен берілмеген. Осы себеппен ауруханада сыбайлас жемқорлық сипатындағы жағдай орын алып, бұл бойынша тиісті құзыретті органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл іс сот органдарының қарауында.
«COVID-19» пандемиясымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі №-28/2020 бұйрығы негізінде коронавируспен күресуге тартылған аудандық аурухана қызметкерлеріне үстемақыларды тағайындау ай сайын бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Әр айдың соңында инфекциялық стационарда, тәуліктік фильтрде жұмыс атқаратын медицина қызметкерлерінің тізімін, жұмыс жасау кестесін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары бас дәрігерге ұсынады. Бас дәрігер өз тарапынан кестедегі медицина қызметкерлерін бұйрықпен бекітеді. Ағымдағы ай аяқталған соң атқарған жұмыс уақтысы есептеліп, табель арқылы басшымен бекітіліп, есеп бөліміне жолданады. Осы іс-шаралар атқарылғаннан кейін қазіргі таңда медицина қызметкерлері тиісті үстемақыларын толығымен алып отыр.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасы бойынша және азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы негізінде аудандық орталық аурухананың медицина қызметкерлерінің 2020-2021 жылдардағы орта еңбек жалақысы едәуір өсуде. Атап айтқанда, дәрігерлердің жалақысы 33%, орта буынды медқызметкерлердің жалақы көлемі 20%-ке өсіп отыр.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап республикалық және облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға пациенттерге жолдама беру қызметі аудандық аурухана басшылығының бастамасымен электронды форматқа көшірілді. Бұған дейін жолдама алу үшін аудан тұрғындары үш кабинеттен қағаз жолдама алып, үш мөр басу міндетті болатын. Ал қазір бұл іс адамның қатысуынсыз атқарылады. Бұл жағдай да мекемеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып есептеледі. Осыған орай тағы бір айта кететін жайт, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілуіне байланысты осы жүйеде сақтандырылған азаматтардың көптеген консультациялық-диагностикалық қызметтер қолжетімді бола түсті. Алдағы уақытта медициналық ақпараттық жүйенің еңгізілуіне орай бірқатар қызметтер электронды форматқа ауыстырылатын болады.
Одан бөлек, аудандық аурухананың бірінші басшысы және орынбасарларының жұмыс орындары «Ореn space» форматына ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Аурухана басшылығы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қауіп-қатері бар қызметтер тұрақты бақылауда,- деді Айгүл Қалдыбайқызы.
Баяндаман соң кезек сұрақ-жауап бөліміне беріліп, онда кеңес мүшелері К.Айтқұлова, К.Бегалиев, Н.Тыныбековтың індетке байланысты ауруханадағы ахуал, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының қоры, ауданда денсаулық сақтау ұйымдарының санын арттыру, эндокринолог дәрігердің тапшылығы, арнайы есепте тұрған науқастардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жайы, т.б. сұрақтарына бас дәрігер жан-жақты жауап берді.
Кеңес отырысының соңында күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close