Basty bet

Екпе алғандар өздерін жақсы сезінеді

Ақпан айының басында Жуалы аудандық орталық ауруханасында ерікті түрде вакцина салу шарасы бастау алғаны белгілі. Облыс орталығынан арнайы контейнермен жеткізілген «Спутник V» вакцинасының 50 дозасы ең алдымен COVID-ке қатысты осал топ болып есептелетін ауданның 50 медицина қызметкеріне және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына салынды.
Айта кетерлігі, екпе ерікті түрде жүргізілді. Вакцинаны қабылдау арқылы адамдарда ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Екпе салдыру ерікті түрде әрі тегін. Ең алдымен халықтың осал топтары коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруға тиіс, өйткені олар коронавирус инфекциясын жұқтырып, таратуға бейім болып келеді. Одан кейін иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылған. Бұл әлеуметтік топтарға медицина қызметкерлері, педагогтар, полициейлер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу мүшелері жағынан созылмалы аурулары бар, қант диабетіне шалдыққан адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті жатады.
Шарт бойынша, медицина ұйымы екпе салдырған еріктіні 30 минут бақылауда ұстайды, сосын иммундаудан кейін үш күн бойы тағы бақылауда болады. Егер бақылау кезінде екпе жасатқан адам өзін нашар сезінетін болса, дереу аудандық ауруханаға қоңырау шалып, учаскелік дәрігерді үйіне шақыртуы қажет.
КВИ-ға қарсы қолданылатын вакцина бүгінде екі кезеңде жасалынады. Бұл КВИ-ға қарсы вакцинациядан кейін иммунитетті қалыптастырудың міндетті шартты болып табылады. Екінші вакцинация бірінші вакцинациядан кейін 21 күннен кейін жүргізіледі.
Кез келген лицензияланған вакцина сынақтың бірнеше сатысынан мұқият тексеруден өтеді және осыдан кейін ғана пайдалануға жарамды деп танылады. Вакцинацияларды нарыққа шығарғаннан кейін олар тұрақты түрде қайта тексеру объектілеріне айналады.
Екпе салдырар алдында еріктілер міндетті түрде толық тексерістен өтеді. Медициналық қарсы көрсетілімдері болған жағдайда сауыққаннан кейін ғана екпе салдырады. Вакцина тек 18 жастан асқан адамдарға ғана салынады. Қазіргі уақытта балаларға арналған екпе жасалған жоқ.
Екпе салынғаннан кейін күнделікті өмір сүру салтын ұстанып жүрген дұрыс. Жалпы сақтық шараларын ұмытпаған да жөн, әлеуметтік ортада қашықтық сақтап, қоғамдық ортада бетперде тағып жүру қажет.
Вакцинацияны салуға болмайтын көрсеткіштерге мыналар жатады: ауыр аллергиялық реакция беретін жағдайдың болуы, жүктілік және бала емізу, 18 жасқа дейін және 65 жастан жоғары (тиімділік және қауіпсіздік туралы деректердің болмауына байланысты). II компонентті салу кезінде вакцинаның компонентін салған кезде вакцинациядан кейінгі ауыр асқынулар (анафилактикалық шок, ауыр генерализациялангған аллергиялық реакциялар, құсу синдромы, 40 С температура және т.б. ).
Қазіргі таңда екпе салынған медицина қызметкерлері қатаң бақылауда. Екпеге жауапты дәрігер мен медбике күніне екі мәрте ұялы телефон арқылы немесе «уатсап» әлеуметтік желісі арқылы қал-жағдайын біліп отырады.
Екпе алғандардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, өздерін жақсы сезінеді. Дегенмен, әр адамның жағдайына байланысты, әртүрлі әсер етуі табиғи жайт. Екпеден соң біреуі тұмауратып ауырса, енді бірінде еш әсер байқалмаған. Сәл-пәл байқалған әсер уақытша болуы мүмкін.

Гүлбақыт ЖАНДАР,
аудандық орталық аурухананың
БАҚ және қоғаммен байланыс маманы

Таңдаулы материалдар

Close