Basty bet

Әкесін сағынған қаламгер

Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза 2012 жылы қаңтар айындағы жазбасының бірінде: «Мен әкемді неге сағындым? 80-ге келгенде әкені сағынады ма екен..?», – деп жазыпты. Неге желтоқсан? Өйткені 1937 жылдың қаһарлы қысында, желтоқсанның аязды түнінде НКВД-ның ұсқынсыз екі сарбазы әкесін ұстап әкеткен екен.
«…Әкейді еміс-еміс білемін. Әсіресе есте қалғаны – мектеп қышын құйып салғаны. Сірә, ол 1937 жыл. Онда мен бесте болатынмын. Жаз. Ауыл. Киіз үйлер тігіп, жайлауға шығады. Мектеп құрылысындағы әкейге шешеміз менен сусын беріп жіберген. Жолдың екі жағасы биік егін. Сары гүлдер. Сары торғай. Сірә, жаз. Сол жылы Батырхан туылды.
Қыста әкейді алып кетті. Түнде. Аязда. Анық білемін. Үнсіз екі НКВД, ұсқынсыз шұбар кісі.
Әкей содан оралмады. 40-шы жылы өлді деген хабар келді. Шешеміз отызында жесір қалды. Екі ұл, бір қыз бала жетім қалды. Ең үлкені – мен. Соғыстың алғашқы екі жылына төтеп бердік. 43-ші жылдың қысынан әрең шықтық. Көктемде қатты ашықтық. Суық күзде (44 жылы) шешейдің нағашысы Сали атай есек арбамен Жамбыл қаласының түбіндегі Бектөбе деген жерге көшіріп әкетті. Арада бір қонып жеттік. «Күйік» асуының аузында түнедік…», – деп жазады Шер-аға бір естелігінде.
Шерхан ағаның әпкесі Ұяткүл: «Мұртазаның өлімін естірткенде Айтан екеуміз бұлақтан мұздай су тасып, айранға қосып, шалап жасап, қайта-қайта Айшаға ішкіземіз. Іші күйіп кетпесін деп. Сонда Айшаның айтқан жоқтауына тебіренген, жылаған оған «қой, қоя ғой» деп айта алмаған. Әсері соншалық, тіпті Тасқожа бастық көк айғырдан түсіп, солқылдап жылаған», – деп еске алады.
Мұның алдындағы нәубеттен Мұртазаны інісі Бауыржан Момышұлы қорғап қалған болатын. Алайда 37-нің «қырғынына» қамыт сала алмады.
Мұртаза қандай кісі еді? Шер-ағаның жиен әпкесі Ұяткүл әпкенің айтуынша, Мұртаза сұлу кісі болған екен. Бауыржан Момышұлы ағасы Мұртаза хақында: «Шіркін, Мұртаза аға жігіттің төресі еді ғой. Артық сөзі жоқ. Қияқтай мұрты сұлу тартылған. Өзі атбегі болатын. «Аттың жайын сұрасаң, Мұртазадан сұра дейтін үлкендер», – деп Шерхан інісіне талай сыр айтатын.
Талаптыда Шерхан өмірге келген үй – қара шаңырақ, Мұртазаның қара қазық қаққан ордасы екен. Бірде Мәді Омар Айшаға: «Жеңеше, қатты сөз айтсам, қайырлы бол. Кешір. Олай-былай күн келсе, ескерткіш болсын. Жаңа қоныс көтеріп жатыр екенсің. Мына шыбықты шанши салайын. Есіңе ала жүр», – депті алабұртып.
– Не болды, жазған-ау?
– Түсімде ағаларымды, Мұртазаны көрдім. «Біз осы маңда қой бағып жүрміз» деді де, Мұртаза үстіме қара шекпен жаба салды, – дейді Мәді Омар.
Шер-аға бір естелігінде осы оқиғаны еске ала отырып: «Мәді Омар өткелі оншақты жыл. Әлгі шыбық дәу қара ағаш болған. Құдды Мәді Омардың өзі сияқты», – дейді. Өмір бойы Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың өмір тарихын, жүрген жолын, қайраткерлігінің шыңын паш ету жолында Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында күн, ай, жылдарын өткізген Шер-ағаның ойында Сібірге жер аударылған әкесі Мұртаза хақында тым болмаса бір дерек кездесер деген үміт басым еді. Бірақ еш дерек кездеспеді.
Жоғарыда айтып кеткендей, Мұртаза бүкіл Жуалыға, Түлкібасқа белгілі атбегі болған. Мұртазаның да жауы аз болмады. Мұртаза мінген Қозы-Күреңнің тағдыры – сол кездегі қазақ қоғамының тағдыры еді. Шер-ағаның мына жазбасына көңіл аударайықшы.
«Қайран, Қозы-Күрең! Қозы-Күрең баяғы Бердімбет байдың «Бай бәйбіше» Күнікей Ападан қалған зор дәулеттің соңғы сарқыншағы еді. Бір кездегі қора-қора қойдан, табын-табын сиырдан, үйір-үйір жылқыдан қалған соңғы тамшы. «Соңғы тамшы» болса да, мың жылқылық құны бар сирек жүйрік жануар.
Совет деген өкімет келді де ірі байларды кәмпескелеп, малдың бәрін сыпырып-сиырып, бірен-саран тұяқ пен мүйізді ғана қалдырды. Қозы-Күреңнің иесі Мұртаза бай-құлақтың баласы ретінде абақтыға да отырып шығып, сол кездегі жаңадан жарқырап-жалындап шыққан жас жеткіншек Бауыржан Момышұлының арқасында ұзаққа сотталып кетуден әупірімдеп аман қалып жүрген.
Борандының базары. Сол жердің «рестораны» – Жылқыбектің бозаханасы. Біздің Мұртаза, Сапа, Бейшен сол бозаның қызығында. Аттары сыртта қаңтарулы. Боза деген де бір желігі бар ас. Қозы-Күрең қатты кісінеп, шыңғырғандай көрінген. Бозаның уытынан масаң болған Мұртаза әлдебір түйсік түрткісімен сыртқа шығып, атына, айтулы тұлпарына жақындай берсе… О, сұмдық! Оң көзінен қан сауғалап тұр. Оң көзін ойып әкетіпті. Шыңғырғаны-ай сонда.
Баяғы Абыл мен Қабылдан қалған күншілдік. Ит қызғаныш. Содан бері Қозы-Күрең енді «Соқыр-Күрең» аталатын болған.
Ақыры Мұртазаны «халық жауы» ретінде Шығыс Сібірге, Зіл орманына айдатып жіберіп, түбіне жетті.
Дүние кімге опа берген, бәрі де өткінші.
Бір кем дүние».
Иә, Мұртазаның тағдыры – ұлы Шерханның кей әңгімелерінде осылай қысқаша баяндалып келді. Бірақ қысқаша баяндалғанымен, баласының сағынышы қартайғанша сарғаймады. Үдейе түсті ме дерсің.
– «Бақыт деген – сенің бала күндерің» деп жырлайды. Бекер. Менің бала күндерім 5 жасқа дейін. 5 жаста әкемді айдап кетті. Бақытсыздық содан басталды, – деуші еді өзегі өртенген Шер-аға!
Қолдарыңызға тигелі отырған тарихи-танымдық кітаптан бір ауыз сөз: «Менің әкем Тұрлыбек Дәуірбайұлы 1937 жылы халық жауы ретінде 12 жылға сотталып, Балқаш қаласындағы ауыр да азапты жұмысқа жегіледі. Ол кезде Жуалы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ванновканың түрмесінде қақаған суық қыста Мұртаза екеуі үш тәулік бірге отырыпты.
Әкем Ұлы Отан соғысы басталғанда Москваға хат жазып, майданға жіберуін өтінеді. Оның өтініші орындалып, генерал Рокосовский басқаратын майданның бір айыб ротасына жіберіледі. Жарықтықтың көретін қызығы бар екен, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, 1944 жылы ауыр жараланып, елге аман оралады.
1979 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде тілші болып жүргенімде бірде атағы дүркіреп тұрған жазушы Шерхан Мұртаза редакцияға келіп, кездесу өткізді. Сол кездерде Шер-ағаның «Мылтықсыз майдан» атты кітабын арнайы сатып алып, жерлес жазушы ағамнан қолтаңба алғаным әлі есімде.
Ауылға барғанымда сол кітапты 80-ге таяп қалған әкеме көрсеттім.
– «Орнында бар оңалар», – деп данышпан қазақ бекер айтпаған, – деді әкем Шер-ағаның кітабын қолына алып, – міне азамат деп Шерханды айт, арманда кеткен әкесінің атын шығарып жатыр. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы ғой! Мұртаза – жігіттің төресі еді. Қолы ашық, астындағы жалғыз атын жолдасына ойламай сыйлап тастап жүре беретін атымтай жомарт азамат болатын. Нағыз атбегі еді, оның қалай көкпар тартқанын көрсең… Сондай асыл азаматты да сыйдырмады ғой кейбіреулер…
Әкем сөзін күрсіне аяқтады.
Арада біраз жылдар өткен соң, Шер-ағамен жақынырақ танысамын, Қазақ теледидары мен радиосында бірге қызмет істеймін деп кім ойлаған?
Бірде Жамбылға келген сапарымда Шер-аға, оның қызы Алма үшеуміз Алматыға бірге қайттық. Біз мінген жүрдек пойыз Жамбылдан кеш шықты.
Ағамыз шаршаған болу керек, тез ұйықтап қалды. Вагонның сықырынан таңертең ерте оянып кеттім.
Төменгі орынға жайғасқан Шерхан аға да ерте ояныпты, ойға шолынып кетіпті. Мен төмен түсіп, ағамен амандасып, жанына жайғастым.
– Сен де ояндың ба, батыр? Кел, жол қысқарсын, әңгіме айт, – деді Шер-аға.
Алматыға дейін әлі үш сағаттай жол жүруіміз керек. Біраз әңгіме шертілді. Сөзден сөз шығып, әкемнің ел ардақтысы Мұртазамен таныс болғанын, Ванновканың түрмесінде үш тәулік бірге отырғанын айттым.
– Әй, Доқтырхан, әңгіменің көкесі сенде жатыр екен ғой! – деп жаны нәзік қаламгер елең ете қалды.
Әкем, оның тағдыры туралы жүрек жарды әңгімемді Шер-аға ерекше ықылас қойып, үнсіз тыңдады.
– Ой, жарықтық-ай! Түрменің азабынан, оқ пен оттың ортасынан елге аман-есен келген екен-ау! Сен бақытты екенсің, інім! Маған ондай бақыт бұйырмады. Әкемді ұстап алып кеткені еміс-еміс көз алдымда… Ол кезде мен бес жастағы кішкентай бала едім…
Шер-аға сөзін үзіп, үнсіз қалды. Оның жасаураған қос жанарында әкеге деген сағыныш тұнып тұр еді…
Әкесін сағынып, мұңайған сексендегі қаламгерді қалай жұбатарымды білмедім. Мына жалған дүниеде төрт құбыласы тең адам кем де кем шығар. Әй, бір кем дүние десеңші!

Доқтырхан Тұрлыбек,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы

Таңдаулы материалдар

Close