Basty bet
Конференцияда төраға сайланды, есеп қанағаттандырылды
Кеше Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының ХХІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Конференцияны «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова ашты.
Мемлекеттік Әнұранымыз ойналды.
Конференция жұмысына аудан әкімі Олжас Қаржауов және «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасын сайлау болатын. Сондықтан Мәди Мәтенұлы төрағалыққа «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының келісіміне сәйкес аудан әкімі Олжас Қаржауовтың кандидатурасын бекітуді ұсынды. Кандидаттың еңбек жолы қысқаша таныстырылды.
Конференция делегаттарының бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде Олжас Есалханұлы «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Конференция жұмысына әрі қарай Олжас Қаржауов төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы Анар Садыққызы баяндама жасады.
-Өзінің қалыптасу кезеңінде «Nur Otan» партиясы өзінің мықты құрылымдары мен берік стратегиялық мақсаттары арқасында еліміздегі ең беделді, ең ірі саяси күшке айналғаны барша қоғамға аян.
Партияның аудандық филиалы есепті мерзімде облыстық конференцияда алға қойылған басты мақсаттар мен негізгі міндеттерді толығымен орындады.
Партиялық жұмыстың негізгі қағидалары жетілдіріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік серпін берді.
Партияның қазіргі жұмысы жауапкершілік, жариялық, сапалық, есептілік және ашықтық қағидаттарына негізделгенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Соңғы жылдардағы Жамбыл облысы аумағында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде партияның Жуалы аудандық филиалына қарасты 19 бастауыш партия ұйымы, 112 партиялық топтың қатарына ерік-жігері мол, еліне адал қызмет атқарып жүрген 4564 партия мүшесі есепте тұрады.
Жыл сайын аудандық партия ұйымдарының қатары – жас партия мүшелерімен толығып келеді. 2021 жылдың бірінші тоқсанында партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партия қатары 75 ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік өкілдерімен толықты.
Қазіргі таңда аудандағы 19 бастауыш партия ұйымының барлығы да жеке жұмыс кабинетімен қамтылған.
2019 жылдың 21 тамызында Партия Төрағасының қатысуымен өткен жетекші партияның кеңейтілген Саяси кеңесі отырысында партия қызметін жаңғырту мәселесі ашық көтеріліп, қабылданды.
Партия тарихында айрықша маңызға ие болған осы кеңейтілген Саяси кеңес отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партиялық жаңғыру міндетін алға қойған бағдарлама қабылданды.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының 7 серпіні бағдарламасы аясында – партия ұйымдары қызметінің белсенділігін арттыру мен партияның жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракциялары жұмыстарын жандандыруды және әлеуметтік нысандарға бөлінген мемлекет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалануға қатаң партиялық бақылау қажеттігін ескертті.
Елбасы нақтылап берген міндеттер партия қызметін жаңғыртуда – партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бір сәтте бәсеңдетпеуді тапсырды,- дей келіп Анар Садыққызы ішкі партиялық жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, партиялық бақылау және қоғамдық кеңес, фракция жұмысы туралы баяндады.
– Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде партия Жуалы аудандық филиалы жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Бұл уақыт ішінде аудан тұрғындары өздерінің әлеуметтік, құқықтық жеке мәселелерімен партия көмегіне жүгінуде.
Қабылдау бөлмесіне түскен өтініштер Documentolog құжат айналым жүйесіне тіркеліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібіне сәйкес жүргізіледі.
Есепті мерзімде 685 өтініш түсіп, оның 345-і немесе 52% оң шешімін тапты, қалған 340 немесе 48% заң шеңберінде түсініктемелер берілген.
Сондай-ақ, партияның мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары тарапынан барлығы 34 өтініш қаралып, оның 51 проценті оң шешімін тапқан.
Бүгінде Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің тапсырмасына сәйкес елімізде коронавирустық инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған шектеу шараларын енгізуге байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап партияның барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды жеке қабылдауы уақытша тоқтатылып, азаматтардың өтініштерін ұйымдастыру үшін партияның онлайн-қызметі күшейтілді.
2020 жылы өткен Праймеризде праймериз қатысушылары елді-мекендерде сайлаушылармен кездескен тұста сайлаушылардан барлығы 94 өтініш түссе, оның 64-і партияның Жуалы ауданы бойынша жасалған Сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Қалған 30 өтінішке заң аясында түсіндірме жұмыстары жасалды.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың негізгі мәселелері жұмыссыздық, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, заңдық кеңес алу және кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау салаларына байланысты.
Сондай-ақ «Халыққа көмек» жобасы аясында көшпелі қабылдаулар, «Бірыңғай қабылау күндері» және заман талабына сай Скайп жүйесі арқылы шалғай жатқан елді-мекендердегі онлайн қабылдауларды атап айтуға болады,- деді Анар Ахметова. Сонымен бірге баяндамашы партияның сайлауалды бағдарламасы, саяси идеологиялық жұмыс, жастармен жұмыс, БАҚ пен жұмыс барысы туралы да баяндады.
Жарыссөзге «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы «Бауыржан Момышұлы» бастауыш партия ұйымының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Әбішева, «Аудандық тұтынуышылар одағы» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Жамбыл облыстық мәслихатындағы партиялық тізім резервисті Ақбота Қаңтарбаева және «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық мәслихаттағы фракция мүшесі, ең жас мәслихат депутаты Мейіржан Телеушов шықты. Жарыссөзге шыққан нұротандықтар партия жобаларының маңызы мен мақсатына кеңінен тоқтала келіп, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы Анар Садыққызының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Келесі сөз кезегі «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Мәтенге берілді. Өз кезегінде Мәди Мейірбекұлы партияның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы міндеттеріне жан-жақты тоқталды
-Құрметті конференция делегаттары!
Өздеріңіз тыңдап білгендей, партияның атқарған жұмысы қыруар. Алайда алда атқаратын жұмыстар, міндеттер одан да көп.
Партияның негізгі күші – бастауыш партия ұйымдары.
Партия мүшелері негізінен әлеуметтік сала қызметкерлері. Жуалы ауданы аграрлы аудан болғандықтан алдағы негізгі мақсаттардың бірі – аграрлық сала, кәсіпкерлік сала мамандарын да партияға мүшелікке тарту. Әрине, басты мәселе – санда емес, сапада.
Өздеріңіз білесіздер, 2019 жылы ел көлемінде пилоттық жоба ретінде Жуалы ауданында ішкі партиялық праймериз сәтті өтіп, ауданның іс-тәжірибесі республика көлемінде негізге алынды. Партияның жаңа көшбасшыларын іріктеуде праймериздің рөлі зор болды. Өткен сайлауда «Nur Otan» партиясына дауыс беру облысымызда 79,5 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы орында болдық. Сайлау нәтижесінде алтыншы шақырылыған, мәслихат депутаттары 68,8 пайызға жаңартылды.
Халықтың өз мәселелерімен «Nur Otan» партиясына келуі – партияға деген сенімнің артқанын, мәселелерінің шешімін тауып жатқанын білдіреді. Біз халықтың сеніміне селкеу түсіріп алмауымыз керек. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына үн қосып, алдыңғы қатарда болуымыз керек,- дей келіп, Мәди Мәтенұлы алдағы бірқатар мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Олжас Қаржауов партия аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасымен толық танысып шыққанын, ауданымыздың дамуы жолында бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін айтып өтті. Олар интернет, ауызсу, туризм, тұрғын үй, жайылым жер, кооперативтер құру, мал азығын дайындау, жастармен жұмыс, спорт саласын дамыту, тағы да басқа мәселелерге байланысты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер – «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекіту және «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер де өз кезегінде конференция делегаттарының дауыс беруімен ұсынылған азаматтар тізім бойынша сайланды.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»