Basty bet
Көптен күткен қуаныш
Алатау ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынуда
Болашақ бүгіннен басталады. Тіпті, ойлап қарасаң, ертегі ма дерсің кейде?! Ақ бас Алатаудың етегінде орналасқан, малға да, жанға да жайлы қасиетті Жуалының құйқалы бір елді мекені – Алатау ауылына жаңа мектеп салынады дегелі арада қаншама жылдар өтіп кетті. Ауыл тұрғындары мен ақсақалдар, мектептің ұстаздары, оқушылар көптен зарығып күткен жаңа мектептің құрылысы биыл басталды. «Сабақты ине сәтімен» демекші, осыдан бірер апта бұрын ауылдың орталығынан 100 орындық жаңа мектеп салынуда.
Шыны керек, жаңа мектептің жобасы көпшіліктің көңілін күпті еткені рас. Не дейсіз, “мектепті соғайын деп жатыр, біресе салынбайтын болыпты, жобалық-сметалық құжат бойынша жаңа мектептің құрылысын есептегенде қаржысы тым көп екен, ауылда баланың саны тіпті жетпейді екен, жоспардан алынып тасталыпты” деген сияқты әйтеуір ұзын-сонар әңгімелерге биыл біржолата нүкте қойылды. Сонымен 2021 жылдың наурыз айында көптен күткен №23 Алатау орта мектебінің 100 орындық жаңа ғимараты салынатын болып шешілді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. “Мектеп салынады” деген ақжолтай хабарды естіген ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Мектеп қабырғасынан әне-міне түлеп ұшқалы отырған 10-11 сынып оқушыларының да қуанышы қойнына сыймай жүр. Олар да мәз-мейрам. Өйткені, онда өздерінен кейін жаңа мектепте олардың іні-қарындастары мен сіңлілері білім алатын болады. Жаңа мектептен жаңа заманауи тәрбие мен білім дағдыларын үйренеді.
Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, жол көрсетіп, аталық ақ баталарын беріп, әрдайым тілекші болып жүрген ауыл ақсақалдарының орны бөлек. Жаңа мектептің салынуына қариялардың сіңірген еңбектері мол деп білеміз. Атап айтар болсам, еңбек ардагері Мұстахан Байдосов, Тоқтағұл Құдайқұлов (мектептің бұрынғы директоры), зейнеткерлер Бегасыл Қадіров, Алтынбек сияқты аталар бастаған кісілердің үлкен бастарын кішірейтіп, кірмеген есіктері жоқ. Аты аталған ақсақалдар ауылда жаңа мектептің салынуы үшін көп еңбек сіңірді.
Иә, сонымен сәтін салса, жыл аяғына дейін жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл қуаныш өз кезегінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына үлкен тарту болатынын да айта кеткен жөн. Әлемге тараған мынадай пандемияға қарамастан құрылысты қолға алып, жүргізіп жатқан ел Үкіметіне мектеп ұстаздарының атынан алғысымызды білдіреміз. Облыс, аудан басшыларына ұстаздар мен оқушы балаларға жағдай жасап бергеніне үлкен рақмет. Ауылымыздың оқушылары білім аламыз деп қайда барып оқымады. Қайтсек білімімізді көтереміз деп тірек ресурстық мектептерді жағалады. Тіпті, аға-апаларымыз интернат жағалап оқыған кездері де болған екен. Енді, міне, асқар Алатаудың етегінен орнын ойып тұрып алатын ғимарат балалардың қуанышы үлкен бір білім ошағы салыну үстінде. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған рухани жаңғыру бағдарламасының бір көрінісі бәлкім осы болар…
Жамбыл облысы әкімдігінің Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова мен мектеп қазіргі директорының міндетін атқарушы Ұзақбай Төлбайұлының да мектептің салынуына қосып отырған үлестерін қомақты деп білеміз.
Айта кетерлігі, №23 Алатау орта мектебінен түлеп ұшқан жастар еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті жұмыс жасап жатыр. Мамыр айының соңында мектебімізде «Жомарт түлек» акциясы ұйымдастырылмақшы. Аталған акцияға бүгінде еліміздің мемлекеттік кірістер саласында басшылық қызметтер атқарып келе жатқан Құлмұхамбет Исақов бастаған түлектер мектепке демеушілік жасамақ ниетте. Бұл іс-шараның ауыл үшін де, жас ұрпақ үшін үлгі-өнегесі мол деп білеміз. Аға-әпкелерінің жолын қуып осыдан төрт жыл бұрын мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарында оқып жатқан 12 түлек келер жылы білімдерін жетілдіріп, дипломдарын қолдарына алмақшы. Ал, осы оқушыларға еңбегін сіңіріп, білім беру ісінде көз майын тауысқан мұғалімдердің аты-жөнін атап өткенді жөн көріп отырмын. Оларды атап өтпеу – үлкен қателік болар.
Атап айтсам, бастауыш сынып мұғалімдері Сәрсенкүл Оспанова, Гүлзира Жаманқұлова, жоғары сыныптың ұстаздары Жансая Жаманғараева, Ақбара Исмайлова, Раушан Бөтеева, Жеңіс Әділов, Ербосын Ысқақов, Әлима Байдешова, психолог Шекеркүл Амангелдиева, Күмила Орынғалиева сынды ұстаздардың еңбегі жана берсін. Бұл тізімге директордың оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Индира Мұраталиева мен Ақмарал Кішкенбаеваны қосуға болады.
Елмира Байболатова,
№23 Алатау орта мектебінің әлеуметтік педагогы.
Алатау ауылы