Basty bet

Ауылдарымызды көркейтуге атсалысу – әркімнің парызы

Облыс әкімінің өкімімен бекітілген аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудан орталығымен іргелес жатқан Шақпақ ауылдық округіне барды.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын Т.Дүйсебайұлы ауылындағы ауылдық клуб пен кітапханадан бастады.
Нарбай Әбілқасымұлы клуб меңгерушісі мен кітапханашыдан қандай жұмыстар атқарып жатқанын сұрады. Ауылда клубта интернет ұстайтындықтан ауыл жастарының біразы, яғни студенттер осында жиналып, телефонмен қашықтан оқуда екен.
-Ауылдық клубта санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, түрлі іс-шаралар өткізу керек. Тек қана мектеп оқушыларымен емес, ауыл тұрғындарын да тарту керек.
Былтыр кітапханадан цифрландырылған орталық ашылды. Ауыл тұрғындары қажетті анықтамаларды орталығына сабылмай-ақ осы жерден алулары керек. Ол үшін сіздер сапалы қызмет көрсетулеріңіз тиіс. Осының бәрі үкіметтен қаржы бөлініп не үшін істелді? Барлығы халық үшін. Барлығы жай жарқыратып қойып қою үшін істелген жоқ. Сондықтан халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсетіңіздер. Егер проблемалар болса, айтып, орындалуын талап етіңіздер.
Ауыл мәдениеті осы шаңырақтан басталады. Сондықтан клубтың ауласы гүлденіп тұруы қажет. Жұмыс істеймін деген адамға судың аздығы сылтау емес. Шын ниет болса, адамның қолынан барлығы келеді,- деді аудан әкімі.
Нарбай Әбілқасымұлы бұдан соң Амангелді атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Бірінші кезекте санитарлық талаптардың қатаң сақталуына мән берді. Оқу кабинеттерін аралады.
Мектеп 2008 жылы салынған. Алайда кезінде құрылыс жүргізген азаматтың жауапсыздығынан бүгінде мектеп қабырғалары жарылып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Аймақ басшысы аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорына тиісті мамандарды шақыртып, зерделеу жұмыстарын жүргізтіп, тексеру қорытындысы бойынша тезірек құжаттарын дайындауды тапсырды. Сонымен бірге аудан әкімі білім сапасы мен мамандардың біліктілігі жайлы да сөз қозғады.
Ауылдық медициналық пунктке аялдаған аудан әкімі меңгерушіден індеттің екінші толқынына дайындығын сұрады. Медициналық пункт меңгерушісі бүгінгі таңда мектеп оқушылары мен диспансерлік есепте тұрған тұрғындарға тұмауға қарсы екпе салынып жатқанын айтты.
Келесі кезекте аудан әкімі Шақпақата ауылындағы өнер мектебіне атбасын бұрып, мектеп директорынан мектептің проблемаларын сұрады. Өнер мектебіндегі мәселе ғимараттың сыртын жөндеу. Сонымен бірге ауласын абаттандыру, ауласына өрнектас төсеу. Аудан әкімі бұл жұмысты келесі жылдың жоспарына кіргізу үшін тиісті құжаттарын тездетіп тапсыруын ескертті.
Ауылдықтардың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі жекенің қолындағы ауылдық мәдениет үйін сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, халыққа пайдалануға беру еді. Аудан әкімі бұл мәселені шешуді аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына тапсырған болатын. Мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болады. Аудан әкімі ауылдық мәдениет үйіне де кіріп, мән-жайды тағы да бір пысықтап шықты.
Сонымен бірге «Шақпақата» балабақшасының ғимаратының сыртын қаптау қажет болатын. Сондықтан ауылдық округ әкімі Затыбек Пашенов пен балабақша меңгерушісіне бұл мәселені де тездетіп шешуді тапсырды. Және алдағы уақытта қосымша қазандық жасауды жоспарлауды ескертті.
Бұл ауылдағы өзекті мәселенің бірі Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу. Бұл мәселе бойынша сараптамалық құжаттары жасалса, қаржы бөлінетіні айтылды.
Аудан әкімі ауылдық округ әкімі Затыбек Пашеновке жалпы ауылдық округтегі барлық мекемелердің жұмысына тұрақты бақылау жасауды, орын алған мәселелерді дер кезінде тиісті орындарға жеткізіп, шешілуіне жауапкершілікпен атсалысуды тапсырды.
Аудан әкімі жұмыс сапарының соңында Ынтымақ негізгі мектебінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауылдық округтегі биылғы жылға жоспарланып, алайда белгілі себептермен орындалмай қалған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Ауылда ауызсу құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс жақын арада аяқталуы керек. Бірақ, мердігердің жауапсыздығынан бұл жұмыстың орындалу барысында ауыл тұрғындарының мазасын алған біраз келеңсіз іс-әрекеттер орын алғаны рас. Ауыл тұрғындары мердігерден жұмысын сапалы аяқтауын сұрады. Құдықтардың бетін бекітіп, қазылған жерлерді қалпына келтіруін айтты. Аудан әкімі мердігерді халықтың алдына шақырып, тұрғындар айтқан мәселелердің сапалы орындауды тапсырды.
-Сен өз пайдаңды ойлайсың. Ал халық үшін әрбір уақыт қымбат. Неге құдықтардың беті өз уақытында жабылмайды? Егер ол жерге бір бала түсіп кетіп, жазым болса не болады? Біз үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ,- деді аудан әкімі.
Ауылда жолдар жөнделді. Дәл қазіргі таңда жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ендігі жерде көп жылдан бері күткен мәселе мектеп жанынан спортзал соғу мәселесі еді. Ауылдықтар оқушылар мен ауыл жастарына аса қажет спортзалдың қашан салынатынын сұрады. Аудан әкімі бұл мәселе облыстық білім басқармасымен бірлесіп, шешілетіні және бұл мәселе басты назарда болатынын жеткізді.
-Құрметті ағайын, бүгінгі айтқан мәселелеріңіздің барлығы орынды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сондықтан бар мәселені ашып айтыңыздар. Барлығы бір күнде шешілмейді. Бірақ, назарда болады, ретімен шешімін табады. Халықтың жағдайының көтерілуіне, ауылдарымыздың көркеюіне сіз болып, біз болып атсалысайық. Әрқайсымыз өз жұмысымызды сапалы, жоғары жауапкершілікпен орындайық. Бұл біздің қоғам алдындағы парызымыз,- деп қорытындылады сөзін аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.

Таңдаулы материалдар

Close