Qoǵam

Армандар астанада орындалады

Нұр-Сұлтан – жастар қаласы. Арман қуған жастар легі Елордаға көптеп келеді. Осындай жастардың қатарынан табылып, мен де жас қалаға оқуға түстім. Қазіргі таңда Астана медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 1 курсын тәмамдадым.

Елордаға бұл алғаш рет атбасын бұруым емес. Бала күнімнен теледидардан әсем қаланың ғажайыптарын көре отырып, «мен де елімнің бас қаласына барсам, көрікті жерлерін тамашаласам» деп армандайтынмын. Бір күні менің бала тілегім қабыл болды. Бастауыш сыныпты үздік бітіргенім үшін ата-анам елордаға әпкеммен бірге қыдыруға жіберді. Еліміздің астанасына баратынымды естігенімде қуанышымда шек болмады. Бұл 2012 жылдың көктемі болатын.
Еліміздің жас қаласына бірінші рет келген әрбір келуші Нұр-Сұлтанның бас символы «Бәйтерек» монументіне кірмей қала ішін аралауды бастамайтыны анық. Тұрғындар мен қонақтардың назарын бірден аударатын «Бәйтеректің» ішіндегі «Елбасының алақанының ізіне қолыңды қойып, тілек тілесең орындалады» дегенді естігенім бар. Бұл кешенге кірген кезде сол алақанға қолымды қойып, арманымды іштей ойлауға кезек берілгенін күттім. Ең биік ғимараттың ішінде жүріп қаланың әсем жерлерін анық көрдім. Орталықта орналасқан қызыл-жасыл гүлзарларды, Президенттің резиденциясы – Ақорданы, ұлттық компаниялардың және министрліктің сәні келіскен ғимараттарын бала көңіліммен зер салып тамашаладым. Кешендегі алақанға қолымды қойып, арманымды іштей ойлап, қаланың басқа ғимараттарын араладым.
Шіркін, Елордамыздың көркіне көз тоймайды ғой… Тағы бір көзіңе оттай басылар ғимараттардың қатарына «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығын, «Бейбітшілік және келісім сарайын», «Думан» теңізден алыс орналасқан океанариумын жатқызар едім. Неге десеңіз, Нұр-Сұлтандағы әрбір ғимараттың өзіндік бір мән-мағынасы бар іспетті. Әр кешен еліміздің астанасына өзіндік сәнін сыйлап тұрғандай.
Балалықтың дәмі аузынан кетпеген балауса қыз бен қазіргі бойжеткен қыздың көріп жүрген елордасының айырмашылығын айтпай кетуге де болмайды. Себебі, қала бұрынғысынан да көркейіп, дамып, сәулеті мен дәулеті жарасқан шаһарға айналуда. Нұр-Сұлтан қаласы жылдан-жылға гүлденіп, жайнап келеді. Сарыарқа төсіне тағылған жақұт алқадай болып жарқырап көрінеді.
«Армандар орындалады» демекші, қаланың көрікті жерлерін аралап, демалған біздің ауылға қайтатын уақытымыз да жақындады. Қоғамдық көлікте кетіп бара жатып Бейбітшілік көшесіндегі Астана медициналық университетін көріп: «Әпке, мен осы оқу орнында оқитын боламын. Болашақта дәрігер боламын» деп бала тілегімді айтқан болатынмын. Міне, қазір арманым орындалып, өзім ойлаған оқу орнында білім нәрімен сусындаудамын. Оқу барысында елімізде қазіргі таңда балалар дәрігерінің тапшылығын білдім. Ендігі арманым – оқу орнын жақсы тәмамдап, білікті маман, яғни балалар дәрігері болу. «Басты байлық – денсаулық» дегендей, балалардың денсаулығын жақсартуға өз септігімді тигізу.
Елорданың тәуелсіз Отанымыз бен айбынды астанамыздың өсіп-өркендеуі – әрине біздің, жастардың қолында. Осы орайда алдағы уақытта мен де еліміздің дамуына өзімнің сүбелі үлесімді қосатын боламын.
Барша аудан тұрғындарын 6 шілде – Елорда күні мерекелеріңізбен құттықтаймын. Жұртымыз аман, еліміз тыныш болып, бас қаламыз жылдан-жылға көркейе беруіне тілектеспін.

Маржан АМАНҚҰЛ,
Астана медицина университеті жалпы медицина факультетінің
1 курс студенті.
Көлбастау ауылы

Таңдаулы материалдар

Close