Qoǵam

«Вакцинаның қай түріне де сұраныс бар»

дейді аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенова

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Ауруды емдегеннен алдын алған әлдеқайда оңай» деген халық мәтелдерінің дұрыстығына соңғы кездері көз жеткізе бастағандаймыз.

Жаһандық экономиканы тұралатып, азуын айға білеген алпауыт елдердің өзін шарасыз күйге түсірген пандемия ешбір мемлекетке оңайға түсіп отырған жоқ. Аты жаман індетпен күрестің алғы шебінен бұрынғысынша ақ желеңді абзал жандар табылуда.

Аудандық орталық аурухананың мәліметіне қарағанда, елімізде жаппай вакцинациялау басталған ақпан айынан бері COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны ауданның  23 102 тұрғыны салдырған. Екпе алатын мамандардың ішінде 611 медицина қызметкерінің 472-сі, білім беру саласының 3760 қызметкерінің  1621-і, санэпидқадағалау органының 13 қызметкерінің 8-і, құқық қорғау органдарының 260 қызметкері екпе алған. 3 910 тұрғынның таңдауы ресейлік «Спутник V» вакцинасына түссе, 94 азамат отандық «Qaz COVID-in» вакцинасын салдырған.

Жаңалықты жатсына қабылдайтын жұртшылықтың бойы  «Hayat-Vax» («Хаят» өмір дегенді білдіреді) атпен Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген қытайлық SARS-CoV-2 (Vero Cell) вакцинасына да үйрене бастағандай. Онымен бүгінде 1 117 адам егіліп отыр.

Аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенованың айтуына қарағанда, әзірге вакцинаға байланысты қандай да бір жағымсыз реакциялар байқалмаған. Дәрігерлер егер екпеден кейін қандай да бір жағымсыз реакциялар пайда болса, дереу емдеу мекемесіне  хабарласуды ескертуде.

Аудандық орталық аурухананың жылжымалы екпе бригадасы халыққа қолайлы болуы үшін диагностикалық медициналық кешен автобусымен елдімекендерге шығып, халық көп шоғырланатын жерлерде вакцинациялауды ұйымдастыруда.

Бригаданың құрамындағы жалпы тәжірибелі дәрігер Жұлдыз Сұлтанова, екпе егетін медбике Жазира Сұлтанова, медициналық тіркеуші Жансая Қанаева демалыс күндері халыққа қызмет көрсету орталығы, орталық базар аймағында болып, тұрғындардың екпе алуына мүмкіндік берді. Тазалық бикесі Қарлығаш Сариева кешеннің ішіндегі тазалықты қамтамасыз етумен шұғылданды. Екпе барысын аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенова, эпидемиолог дәрігерлер қадағалап отырды.

Абылайхан СӘРСЕН,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close