Basty bet
Жер-су атауларына байыппен қарайық
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Ономастика: Ұлттық танымға бетбұрыс» атты семинар-тренинг өтті. Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Семинар-тренингтің мақсаты – ономастика саласында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өңірдегі объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне (көше) атау беру және оларды қайта атау барысында басшылыққа алынатын негізгі нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізуді үйрету.
Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Набира Сүйманова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Лингвистикалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы Елерке Төрехан, ҚР Мәдениет қайраткері, облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі Тәкен Молдақынов, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Набира Сүйманова ашып беріп, алғашқы сөзді ҚР Мәдениет қайраткері, облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі Тәкен Молдақыновқа берді. Ол атау қоюда тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерешеліктерді ескеру жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Оның айтуы бойынша елімізде тарихи маңызы бар атау берілген жер-су атауларының қатары көбеюде. Ұлттық болмысымызға, ұлттық құндылықтарға, тарихымызға сай атаулар берілуде. Қазіргі таңда жер-су атауларына кісі есімдерінің берілуі белгілі себептермен тоқтатылып тұрғанын айта келе, ендігі жерде оларға қазақ тарихы мен мәдениетіне еңбегі сіңген 150 тарихи тұлғаның ғана есімі берілетінін баса айтты. Сонымен қатар, ол ең бастысы, ана тіліміздің дамуында жер-су атауларының алар орны мен маңыздылығын атап өтті.
Басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Лингвистикалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы Елерке Әдепханқызы ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық актілер туралы сөз қозғады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Бүгінгі таңда ономастика саласы бойынша Жамбыл өңірінде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Маңызы мен мәні зор басқосуымыз бүгін киелі Жуалы жерінде өтіп жатқан жайы бар. Қасиетті Жуалы ауданының аймақтарының атаулары бәрі дерлік қазақ тіліне ауыстырылған. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап республика көлемінде біраз жұмыстар атқарылды. Еліміздің кейбір өңірлеріне тарихи атаулары қайтарылды. Тарихи тұлғалардың есімдері ұлықталды. Бұл дегеніміз – тіл саласындағы, оның ішінде ономастика саласындағы екі жақты жұмыстардың арқасында жеткен нәтижеміз көрініс табуда деген сөз.
2007-2013 жылдар аралығында қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты мораторий жарияланған болатын. Бұның басты себебі, осы уақыттағы нормативтік-құқықтық актілерде аудандық, облыстық, республикалық комиссиялар құрамы жасақталып, олардың атау беруде өз құзіреттілігі өздерінде болды. Міне, осы құзіреттіліктерді пайдаланып, жергілікті әкімнің қаулысымен, шешімімен атаулар беріліп жатты. Нәтижесінде көп жергілікті жерлерде өңірге ғана танымал, республика деңгейінде есімі белгілі емес тұлғалардың есімі беріліп кетті. Мұндай есімдердің берілуі туралы бұқаралық ақпарат құралдары сыни материалдар жариялап, біраз сынға ұшырады. Орын алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жарияланған мораторий аясында жұмыстар атқардық. Ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге біраз өзгерістер енгізілді. Кейбір заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы әзірленіп, қабылданды, – деді ол өз сөзінде.
Жиында Елерке Әдепханқызы Заңның бірінші ерекшелігі комиссия жұмысын күшейту мақсатында облыстық, республикалық ономастика комиссиясы жұмыс істейтінін баса айтты. Яғни, аудан деңгейіндегі атау берілуді облыстық комиссия, облыс көлеміндегі мәселелерді республикалық комиссия шешімімен жүзеге асырылатын болады. Үшіншіден шет ел тәжірибелерін зерттей отырып, нақты критерийлер белгіленгенін айта келе, бұл критерийлер ҚР «Тіл туралы» Заңына сүйене отырып жазылғанын айтты. Төртіншіден қандай да бір атау берілерде халықтың пікірін ескеру керектігі енгізілгеніне тоқталды.
Семинар-тренингке қатысушылар белсенділік танытып, көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Алғашқы болып Аманжол қажы Дүрәліұлы сөз алып, бұл бастамалардың дұрыс екенін айта келе, өз ұсыныс-тілегін жеткізді. Ал, Алатау ауылының тұрғыны Дәулет Қапалбеков ауданның соғыс және еңбек ардагері Есіркеп Дауылбаевтың есімін Алатау ауылындағы Орталық көшесіне берілмей келе жатқанын айтты. Бақалы ауылының тұрғыны Болатбек Қайыпбеков Қызыларық ауылының атауын Тайыр Тастандиев деп өзгерту қажеттігін және Бақалы ауылындағы Қызылдиқан көшесін өзгерту керектігін ұсынды. Қарасаздық Нұртаза Омаров «Павлодар, Петропавл қалаларының атаулары өзгертіледі ме? Берілген атауды өзгертуге болады ма?» деген сауалдарын жолдады. Ал, Бақыткүл Жексекеева еліміздегі кейбір қалалардағы орысша атауларды атап өтіп, жарнаманың қазақ тілінде жүргізілу керектігін жеткізді. Себебі, келер ұрпаққа ұлттық құндылықтарды еш өзгеріссіз жеткізу басты парыз екенін айтты.
Жолданған сауалдарға сөз алған қонақтар жауап берді. Олар республика көлемінде кісі есімдеріне шектеу қойылғанын айтып, ҚР 1993 8 желтоқсандағы №2572-ХІІ Заңы, ҚР 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» №151 Заңы, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 және ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулылары негізінде жұмыс жасайтындарын атап өтті.
Жиынды аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов қорытындылады.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»