Basty bet
«Әрбір отбасының тұрмыс жағдайын жақсарту маңызды»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайының арттырылуы басты назарға алынғаны белгілі. Осыған орай бүгінгі күнге дейін ел деңгейінде бірқатар бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Алайда мемлекет тарапынан қолдау шаралары негізінде берілетін қаржыға қарап отырмай халықтың қолдағы бар мүмкіндікті пайдалануы, отбасылық шағын кәсіпті дамыту арқылы тұрмыс жағдайын түзеу жұмыстары аса маңызға ие болып отыр.
Жақында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың Жуалы ауданына жасаған сапары барысында осындай мәселердің жай-жапсары кеңінен қаралып, істің көзін ашу тетіктері сөз болды. Облыс әкімінің іссапары Нұрлыкент ауылынан бастау алды.
М.Ломоносов атындағы орта мектептің акт залында өткен басқосуға облыстың кәсіпкерлік саласына жауапты тұлғалармен қатар ауыл тұрғындары, кәсіпкерлік және шаруа қожалық басшылары шақырылды. Екі елдімекеннен тұратын ауылдық округтегі 846 аулада 4446 тұрғын тіркелген. Тұрғындарының саны жағынан аудан орталығынан кейінгі ауылдық округтің халқы негізінен мал, егін шаруашылығымен және бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне, сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» жобасына сәйкес округ әкімі өзіне қарасты ауылдарды аралап, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, округтің жер жағдайы ескеріліп, пайдаланылмай отырған жерлер анықталған. Нақтырақ айтқанда, 216 гектар жердің 6 гектары игерілмей отыр. Округ тұрғындары 109 гектар алқапқа бақша дақылдарын егеді. Ерте көктемнен басталған жұмыстар қара күзде бір-ақ аяқталады. Одан түсіп отырған табыс та шамалы. Бұл жөнінде Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов өңір басшысының алдында есеп беріп, туындаған сұрақтарға жауап берді.
-Кәсіпкерліктің өмір өзегі екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Қазіргі заманның талабы бойынша кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің, қала берді отбасылық шағын кәсіптің өзі маңызға ие болып отыр. Халықтың жағдайын осы салалар бойынша көтеруге болады, – деді Асқар Исабекұлы. -Осы орайда менің тапсырмам бойынша облыста арнайы жұмысшы топтар құрылып, өңірдегі барлық аудандарды аралап, ел ішіндегі жағдайды зерделеп шықтық. Мақсат – біреу. Ол – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Оның ішінде әрбір отбасының тұрмыс жағдайын жақсарту – бәрінен маңызды. Облыс көлемінде 1 миллион 130 мың адам тұратын болса, оның 670 мыңға жуығы ауылдық жерлерде қоныстанған. Олар сол ауылда мал ұстап, егін егіп, басқа да ауыл шаруашылығының салалары арқылы нәсібін тауып отыр. Алайда кейбір ауылдарда жағдай төмен. Бұл жағдай тұрғындардың өз иелігіндегі жерлерін, тіпті, өз аулаларындағы шағын соттық жерлерін тиімді пайдаланбай отырғанын көрсетіп отыр. Әлбетте, бұл мәселе бойынша қарапайым тұрғындарға қолдау көрсету, ақыл-кеңестер беру, мәселелерін тыңдау маңызды болмақ.
Біз ең алдымен қосалқы шаруашылықтарды барынша дамытып, қолдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Мен облыс аудандарын аралау барысында бірқатар аудандарда қосалқы шаруашылықты дамытып отырған ауылдарды көрдім. Мысалы, Меркі, Қордай аудандарында жылыжай бизнесі, құс шаруашылығымен айналысып, көкөніс өсіріп, одан мол пайдаға кенеліп отырған отбасылар баршылық. Ал өңірдегі үлкен аудан саналатын Шуда сүт өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Бұл да қосалқы шаруашылықтың дамуына қолбайлау. Мен бұл мәселені жайдан-жай көтеріп отырған жоқпын. Өйткені, мұның артында мемлекеттік саясат тұр. Отбасылық қосалқы шаруашылық жолға қойылатын болса, біріншіден өндірістің көлемі артады, мұның төңірегінде қалыптасып отырған бірқатар мәселелер шешімін қарастырып, импорттық азық-түліктердің үлесін барынша азайта аламыз. Біз мұнымен қатар жайылым мәселесін шешуді де қолға алып отырмыз. Осы жұмыстар жолға қойылатын болса, өңірдің әлеуеті біршама арта түседі деп сенемін.
Ал Нұрлыкент ауылдық округінде төрт жарым мыңға жуық тұрғын бар. Олардың жартысы жұмысқа қабілетті ересек адамдар дейтін болсақ, біз осынша тұрғынды жұмыспен қамти алмайтынымыз анық. Қосалқы шаруашылықты дамыту мәселесі осыдан туындап отыр. Осы ретте ауыл әкімінің біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Әкім ауыл басшысы ретінде барлық жағдайды саралап, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне зерделеу жүргізіп отырса көп мәселелер дер кезінде шешімін табады. Бұл жұмыстар ауыл әкімінен іскерлік пен жан-жақтылықты талап етеді.
Осы мәселелердің бірден-бір шешімі ретінде ауылдардағы кооперативтердің жұмысын жандандыруды тапсырамын. Бұл – қолға алып отырған осынау жобаларды жүзеге асыруға бағытталған негізгі тетік болмақ. Тек істің көзін тауып, жоспарлы нақты қадамдармен жұмыс жасауымыз қажет,- деді Асқар Исабекұлы.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде «Злиха» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, округ тұрғындары Айдарбек Сейдалиев, Алмагүл Тілешова, Заманбек Қошаев тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Бағалағанға бау-бақша да – байлық көзі
Мыңбұлақ өңірінің тұрғындары үй іргелік жерде құлпынай өсіріп, табыс табу ниетінде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына ресми кірісу салтанатында елдің тұрмысын түзеу үшін алда атқарылатын он басым міндеттің бірі ретінде өңірлерде «қарапайым заттар экономикасы» саясатын қалыптастыруды тапсырған-ды. Сондай-ақ Президент атқарушы органдарға тұрғындарды жұмыспен қамтуды, тұрмыс сапасын жақсартуды міндеттеп, халықтың азық-түлігін, киім-кешегі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндіруге баса назар аударды.
Жамбыл облысы осы аталған бағдарламаны іске асыруда қанатқақты өңір болып таңдалып, аймақ экономикасын көтерудің бірден-бір жолы есептелетін осы бағытқа басымдық беріліп, нақты жоспарлар түзілуде.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі бас болып, орынбасарлары мен басқармалар басшылары бір ай бойына облыстағы барлық елді мекендерді көктей өтіп, әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына жеке талдау жүргізіп, әлеуетін анықтап алды. Ауыл тұрғындары көп тұтынатын өнімдер мен қажет ететін қызмет түрлері зерделеніп, соған орай мұнда өндіріс ошақтары, шағын цехтар, монша, шаштараз, аяқ киім жөндеу, тігін шеберханасы секілді қызмет көрсету орындарын ашудың тиімділігі қарастырылуда. Бұл жобаларды дайындауға аудан, ауылдық округ әкімдері жұмыла кіріскенін атап көрсету ләзім. Осылайша, ендігі жерде елді мекендерде шағын кәсіпорындар ашуға, кооперативтер құру арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге басымдық берілмек.
Осы мақсатта өткен аптаның аяғында облыстан ауданға бірнеше жұмыс тобы келген болатын. Бір жұмыс тобын бастап келген облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аудан орталығымен жапсарлас Мыңбұлақ ауылдық округіндегі халықтың әлеуетімен танысты. Алдымен Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің акт залында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, олардың жоспар-жобаларына, ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
– Бүгінде өңірлердегі халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында үлкен жоба қолға алынып отыр. Облыстағы тұрғындардың 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың көпшілігі жұмыспен қамтылмаған. Сондықтан да басты мақсат, жұмысымыздың өзегі әр ауылдық округте жан-жақты бағытта жұмыс істейтін бір кооператив құруға күш-жігер жұмсау болып отыр. Мемлекет тұрғындарға осы кооперативтер арқылы қолдау көрсететін болады. Әр адам қорасындағы бір-екі сиырынан артылған сүтін, малының еті мен жүнін, үй іргесіндегі бау-бақшасынан жинаған өнімін осы кооперативке өткізуге жағдай жасалады. Қазірдің өзінде кооперативтерге 25 пайыздық субсидия бар, ал ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар алғанда 50 пайызға дейін жеңілдік беру мүмкіндігі қарастырылуда. Сондықтан ауылдықтар осы кооперативтердің төңірегіне топтасуы қажет. – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Ауылдық округ әкімі Ғабит Үмбетәлиевтің айтуына қарағанда, округтегі 808 аулада 4536 тұрғын тұрады. Қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында бөлінген 277 гектар жердің 107-сы үй іргелік телім, яғни бау-бақша мен қора-қопсылық жер болып есептеледі. Тұрғындардың нақты пайдаланып отырғаны – 64 гектар, яғни 448 аула ғана шарбағына көк-сөк егіп, пайдаға асырып отыр. Ал қалған ауланың жерлері тиімді игерілмеуде. Сонымен қатар 87 аулада мал бағылса, 485 аула 924 сиырдан сауған 7,4 тонна сүтті күнделікті сүт өңдеу зауыттарына өткеруде. Ол округтегі 55 адамның 550 гектар жерге құлпынай өсіруге жоспар-жоба жасап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар мал басын көбейтуге, жылыжай ашуға ниетті екенін білдірді. 204 аулада әлеуметтік көмек алады. Дегенмен, әлеуметтік жәрдемақыны малданып, халықтың масылдыққа ұрынуына жол бермеу қажет.
Бұл сандар көп пе, әлде аз ба? Мұратхан Шүкеевтің пайымдауынша, аулалардың өндіріс әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Егер, ауласында мал ұстап, бау-бақшалық жерде көкөніс өсіріп, өнімін өткеріп, нәпақа айырғысы келетін тұрғындарды қаржы мәселесі қинаса, оны шешуге көмек-қолдау көрсету қажет. Ауылдардан құрылатын кооперативтер нақ осы мәселемен шұғылданатын болады. Ол үшін алдымен әр округтің әлеуетімен, ұсынылған жоспар-жобалармен танысу қажет.
Жиында тұрғындар тарапынан бақша суының жоқтығы, мал жайылымының тарлығы және т.т. өзекті проблемалар көтерілді. Мұратхан Жүнісәліұлы бұл проблемалардың барлығы зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
Жұмыс тобы Көлбастау ауылындағы жеке кәсіпкер Байрам Аллахбердиевтің ауласына аялдап, оның автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Кеңес Одағы тұсында автокөлік мекемесінде қарапайым слесарь болып жұмыс істеген Байрам Аллахбердиев үйінен жеке техникалық қызмет көрсету станциясын ашып, автокөлік жөндеумен шұғылданған. Жаңа кәсіп бастау оңай болмаған. Металл жонатын, тесетін станоктарды қолдан құрастыруға тура келген. Жасы сексенді алқымдаған кәсіпкер әлі де жұмыс бабында. Үш ұлын төңірегіне алып, оларға да мамандықтың қыр-сырын үйреткен. Олар қазір де осы кәсіптің нәсібін теріп жүр. Сонымен бірге әкелі-балалы шеберлер үй іргесіндегі жерде түрлі жеміс ағаштары мен жидектер өсіріп, тиімді пайдалануда.
Ауылдың басқа тұрғыны Александр Пивкин орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Жұмыс тобы келгенде ол білек сыбанып, тайланған шөптерді жинау үстінде екен. Отағасы бал ара ұстайды екен, омартасы ауыл сыртындағы шабындықта. Ол өзінің егістік және шабындық жерлерін тиімді пайдаланудың арқасында жинаған өнімдерді қолындағы азын-аулақ ұсақ малдың азығына жаратып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлына отбасының тұрмыс жағдайы мен табысы туралы әңгімелеп берді.
Жұмыс тобының сапары ауылдық округ әкімдігінде түйінделіп, өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижелері сараланды.
Табыс көзін табу үшін не қажет?
Көкбастау ауылдық округінің құрамына төрт елді мекен, яғни Көктөбе, Қосбөлтек,Теріс, Бақалы ауылдары кіреді. Жалпы округте адам саны – 3155, аула 530 болса, үй жанындағы жер телімі 87,8 гектарды құрайды. Оның 62 гектары игерілуде. Мұндағы сауынды сиырлар саны – 451. Олардан күнделікті 6,8 тонна сүт өндіріліп отыр.
Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Сәбитхан Қожанов, ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Қосбөлтек ауылдық клубында өткен жиынды Нұржан Сәбитұлы ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті жиынға қатысушылар! Бүгінгі сіздермен кездесудегі мақсатымыз – облысқа қарасты барлық ауданды, оның ішінде елді мекенді аралап, тұрғындармен ашық әңгіме өрбіту болып табылады. Облыс көлемінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың нақты тапсырмасы барысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының негізгі мақсатын түсіндіруді қолға алдық. Әр ауылдың тұрғындарымен жеке кездесіп, кімнің қандай кәсіпке икемі бар, қандай қосалқы шаруашылықпен айналысуға ниетті, міне осындай мәліметтерді жинап, есебін шығаруымыз керек. Әр аймақтың өздеріне тән ерекшелігі бар. Сол ерекшелігіне қарай әрбір аулада өздері айналысатын шаруасы бар. Үйдегі қосалқы шаруашылықты күнделікті табыс көзіне айналдыру үшін мемлекеттен қандай көмек керек? Табыс көзін табу үшін не қажет? Міне, осындай сұрақтардың жауабын табуға көмектесу үшін келіп отырмыз. Ауылдық округте 530 аула болса, соның ішінде сегіз ғана жоба ұсынылып отыр. Бұл дегеніміз өте аз, – деп бағдарламаның іске асырылу, кәсіппен айналысу жайында өмірлік мысалдар келтіре отырып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында ауыл тұрғындарына кезек беріліп, олар бағдарлама аясында туындаған сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді.
Алғашқы сөзді Қосбөлтек ауылынан Базарбек Сұлтанбеков алып, округ тұрғындарының көбісі егін шаруашылығымен айналысатынын, оның ішінде картопты күтіп-баптайтынын, күздігүні картопты қазу жұмыстары аяқталғаннан соң оны қайда өткізерін білмей қалатынын айтты. Сол себепті, өңірге қарасты басқа ауданмен келісімшарт жасасып, картопты сол аймақтарға барып сатуды ұсынды. Сөз соңында ол жасалып жатқан бағдарламаның дұрыстығын, ауыл тұрғындары үшін тиімді екенін баса айтты. Жиынға қатысушы тұрғындарға ауыл шаруашылығы кооперативіне кіріп, бірлесіп жұмыс жасауға шақырып, оның жем-шөп базасын ашу жоспары бар екенін жеткізді.
Ал, Көктөбе ауылының тұрғыны Жапар Қасаболатов ауданда ұн шығаратын диірмен жоқтығынын және жүн өңдейтін цех ашу қажеттігін көтерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адал еңбек етіп, күнкөріс деңгейін көтеруге болатынын айтты. Сонымен қатар, ол құм тас шығаратын карьер туралы әңгіме қозғады. Осы уақытқа дейін осы жұмыстың бастағанын, алайда оны ашудың жолы қиындығы мен мерзімінің ұзақтығын тілге тиек етті.
Жиында сөз алған Теріс ауылының тұрғыны Қаламқас Жұмабекова «Мен өз ауламда құлпынайды күтіп-баптап өсіремін. Оның денсаулыққа пайдалы екенін білесіздер. Сондай-ақ, бір отбасына түсетін табыс көзі етіп жасауға да болады. Алайда, үй ауласындағы жерімнің тарлығына байланысты шаруамды кеңейте алмай отырған жайым бар. Мұның жолын қалай шешуге болады? Егер маған басқа да қосалқы жерлер берілсе, құлпынайды егуді кеңейтер едім» деді.
Кездесуде туындаған сұрақтарға Нұржан Календеров жауап беріп, ауыл әкімі Ержан Серкебаевқа тапсырмалар берді.
Басқосудан соң облыс әкімінің орынбасары жұмыс тобымен сапары ауылдық округтің әкімдігінде түйінделіп, аймақта жүргізілген жұмыстар зерделенді.
Кәсіп түбі – береке
Жалпы, аудандағы елді мекендерді аралаған жұмысшы топ мүшелері ауыл-аймақтың ажарын ашып, жалпақ жұртты байытатын бастаманың мақсатын халыққа түсіндіріп, тірліктің көзін тауып еңбек етіп жатқан бірнеше еңбекқор отбасыларды да аралап, жұмысымен танысты. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекованың отбасына барды. Ауласына үй құстарының түр-түрін асырап отырған кәсіпкер тауықтарынан тәулігіне 200-ден астам жұмыртқа жинайды екен. Сонымен бірге құс еті бағытында да тауық асырайды. Айнагүл Ахмедбекованың жолдасы екеуінің бұл кәсіппен айналысқанына үш жылдан асыпты. Табыстары да жаман емес. Олар айына бес тонна құс етін өндіріп отыр. Әр тауық кемінде үш келі ет береді екен. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие алып, жұмысын бастаған кәсіпкер ендігі кезекте кәсібімізді кеңейтсек деп жоспарлауда себебі, табиғи таза өнімге деген сұраныс көбейген.
Сұрым ауылының тұрғыны Үмбеталиев Дидарбек ата да қартайдым деп қарап отырмай үйінің жанындағы 15 соттық жеріне алма тал егіп, қолдан жасалған бұғазда балық асырап, ұрпақтарын еңбекке баулып, үлгі-өнеге көрсетуде.
Көлбастау ауылының тұрғыны еңбекқор азамат Адақ Мұңзатовтың қияр өсіретін жылыжайына, үйінің жанындағы 25 соттық жерінің екі соттығына құлпынай егіп, табыс тауып отырған Гүлсім Мұсабекованың бақшасын да аралап көріп, кәсіпкерлердің мәселелерімен де танысты.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы түстен кейін аудандық «Достық» мәдениет үйінде ауданымыздағы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмінің және «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қарау мақсатында жиын өткізді. Оған аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандары қатысты.
Мыңбұлақ ауылдық округіне барған жұмысшы топ жетекшісі облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ауылдық округтегі жағдай туралы мәлімдеді. Яғни, ауылдық округтің әлеуметтік паспортына тоқталды.
Асқар Мырзахметов Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімін орнынан тұрғызып, әрбір цифрды, ауылдағы шынайы жағдайды сұрады.
Көкбастау ауылдық округіне барған жұмысшы топ жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров та облыс әкіміне ауылдағы жағдай туралы баяндады. Өңір басшысы Көкбастау ауылдық округінің әкімінен ауыл тұрғындарының мәселелерін сұрады.
Шақпақ ауылдық округінің әкімі өзі басшылық ететін аймақтағы халықтың жағдайымен таныстырды. Дегенмен Асқар Исабекұлы ауыл әкімдерінің «Қарапайым заттар экономикасының» негізгі мақсатын әлі жете түсінбегендерін айтты.
-«Қарапайым заттар экономикасы» мәселелері бойынша бүгінге дейін біз барлық ауданды аралап шықтық.
Ел экономикасын көтеру – ең алдымен ауылдар мен елді мекендердің жағдайын жақсартудан басталады. «Қарапайым заттар экономикасы» бұл – ауыл халқының белсенділігін арттырып, үй жанындағы қосалқы шаруашылықты жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын үйлестіре отырып, ауыл жұртының әл-ауқатын арттыруды көздейді.
Яғни, әрине бірінші кезекте жағдайы төмен отбасылар, бірақ, негізгі мақсат – жаппай халықтың жағдайын көтеру, әрбір отбасына осыны түсіндіру. Отбасының айналысып отырған шаруасының тиімділігі қандай? Олардың қандай ұсыныстары бар, қандай көмек қажет.
Нұрлыкент ауылдық округінде болғанда ондағы отбасылардың үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтардың табысын есептеп көрдік. Айына табатын табысы – 40 мың теңге. Бұл табыс әрине аз. Қай отбасы болмасын жылына табатын табысы 3-5 миллионның арасында болған да ғана оның жағдайы көтеріледі. Ауылдық округ әкімдері сіздер осы жұмысты үйлестіретін, ұйымдастыратын жауапты мамансыздар. Сондықтан ауылдық округтегі әрбір отбасының жағдайымен жете танысып, оның қайткенде жағдайын көтеруге болады, жалпы қанша қаржы керек осыны жақсылап зерттеп, есептеп аудан әкіміне тез арада өткізулеріңіз қажет.
Халықтың өндіріп отырған өнімдерінің тиімді жолмен сату жағын да ұйымдастыруларыңыз тиіс,- дей келіп жиынның қорытындысында тиісті аудан басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тапсырма жүктеді.
Нұржан Манасұлы,
Абылайхан Сәметұлы,
Айгүл Қалымханқызы,
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»