Basty bet
Елорда күнін атап өтті
Аудандық орталық алаңда 6 шілде – Елорда күніне орай «Көркейе бер, Нұр-Сұлтан!» атты мерекелік шара өтті. Шараға аудан жұртшылығымен қатар мемлекеттік қызметкерлер жиналды.
Мереке барысында аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Достық» мәдениет үйінің алдында №1 және №2 Балалар өнер мектебі мен «Аула клубы» мекемесі көрме жасақтаған. Көрмеге қолөнер жұмыстары мен оқушылардың қолынан шыққан көркемсурет туындылары қойылған.
Елорда күніне арналған мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
– Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, оның көрсеткен бағытымен бой көтерген бір кездегі алып құрылыстар алаңы бүгінгі күні Сарыарқаның сары белін қайыстырған шырайлы шаһарға айналды.
Елорда күні – жалпыұлттық сипатқа ие мерекеге, халықтың асыға күтетін зор қуанышына айналып үлгерді. Жастығына қарамастан еліміздің астанасының бүгінгі бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Барша қазақстандықтар үміт артып, үлгі тұтып отырған бас қаламыздың қарышты қадамы шынында да мақтан етуге лайық. Астана – еліміздің бақыты.
Қымбатты жуалылықтар!
Сіздерді 6 шілде – Елорда күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке, ынтымақ, бейбіт аспан, Тәуелсіз еліміздің күш-қуаты еселеп арта беруін тілеймін!- деді аудан әкімі.
Мерекелік іс-шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, онда аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің жезтаңдай әншісі Мадина Сыбанбаева «Айналдым, елім!», «Қазақ елі» патриоттық әндерін әуелете шырқады. Ал, әнші Салтанат Мейіржанқызы «Елім менің», «Ертеңім үшін» әндерін көпшілікке ұсынды. Аталған ансамбльдің әншісі Назерке Ахмет те «Қазақ елі осындай», «Қазағым» әндерін орындады. Мерекеде тағы да басқа мәдениет қызметкерлері өнерлерін ортаға салды.
Елорда күніне арналған мерекелік концерт «Отырардағы той» әнімен қорытындыланды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»