Basty bet
Жерлесімізге ҚР «Ақпарат саласының үздігі» атағы берілді
Өзінің саналы ғұмырын журналистика саласына арнап келе жатқан елімізге танымал қаламгер Қасым Әзімханұлы көп жылдар республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бас редактордың орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші, республикалық «Заң газетінде» бас редакторлық қызметтерді атқарған. Қазіргі кезде 2003 жылы ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен ашылған республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет істеуде. Ол негізгі жұмысына қосымша көптеген жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде студенттерге дәріс оқыған және Алматы қалалық прокуратурасында қызмет атқарған.
Қ.Әзімхан Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының және бұрынғы КСРО Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық журналист, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика және заң факультеттерін бітірген, «Тұлға», «Мұстафа Өзтүрік», «Ғибратты ғұмыр» және т.б. кітаптардың авторы. Қ.Әзімхан «Құрмет» орденінің, Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы, 20 жылдығы, 25 жылдығы және ҚР Конституциясының 20 жылдығы, 25 жылдығы мерекелік медальдардың, сондай-ақ прокуратура саласында «Сүлеймен Есқараев – тұңғыш прокурор» мерекелік төсбелгісінің, сонымен қатар, көптеген грамоталар мен Алғысхаттардың иегері, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Қасым Әзімханұлы биылғы 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында еліміздің ұлттық баспасөзіне қосқан үлесі үшін ҚР «Ақпарат саласының үздігі» атағымен марапатталды. Өзінің журналистика саласындағы еңбек жолын біздің «Жаңа өмір» газетінен бастаған жерлесіміз әрі әріптесіміз, елімізге белгілі журналист-жазушы Қасым Әзімханұлын осынау үлкен марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке, жұмысына табыс тілейміз!
Құрметпен, аудандық
«Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы