El іshі

“Қазақтың жерін, елін сүйемін”

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Тәуелсіз елімізде қазақ халқымен бірге түрлі ұлт өкілдері де Отанымыздың бірлігінің нығайып, берекесінің еселенуі жолында еңбек етіп келеді.

Ол азаматтардың жақсы ниеті мен игі істерін бала кезімізден көріп өстік. Мәселен, біз Ақтасты ауылында Наташа есімді орыс апа мен Абидат есімді шешен апалармен көрші болдық. Наташа апамыз мен ес білгенше ауылдан көшіп кетіпті. Бірақ, әкем мен анам ол кісінің жақсылықтары туралы жиі айтатын. Ал, Абидат апа жайлы жақсы білемін. Өте еңбекқор, мейірімді кісі еді.
Жалпы, ауылдардағы санаулы ғана түрлі ұлт өкілдері қазақ халқымен бірге өсіп-өніп, ағайын-туыстай жақсы қарым-қатынаста өмір сүріп, ауылымыздың, ауданның дамуына үлкен үлес қосып келеді. Қайырымдылық шараларына да белсене араласады.
Олар қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы біледі. Ұлттық тағамдарын да жақсы дайындайды.
Ауылдардағы түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынасын көріп, іштей риза боласың.
Билікөл ауылдық округіне арнаған іссапарымызда ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары Қарабастау ауылының тұрғыны Кретов Валерий туралы мақала жазуымызды ұсынды.
Кретов Валерий Викторович Қарабастау ауылында туып-өскен. Қазақшаға судай.
Ол Мәскеуде екі жыл әскери борышын өтеп, Түркістандағы педагогикалық техникумда білім алады. Жеті жылдай ауылдағы орта мектепте еңбек, сызу пәнінен сабақ береді.
Бүгінгі таңда Жамбыл ГРЭС мекемесінде ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істейді. Жұбайы Ирина Николаевна да Тараз қаласында жұмыс істейді.
Ерлі-зайыптылар ауылдағы еңбекқор, ынтымақшыл жандардың бірі.
-Қазақ жерін, елін сүйемін. Осы ауылда туып-өстім. Ауыл тұрғындары бір-бірімізбен татумыз. Бір-бірімізге көмектесеміз.
Көршілерімді жақсы көремін. Мерекелерде бас қосып, кәуап пісіріп, бір дастарқан басында жиналамыз.
Менің бос уақытым жоқ. Техника жөндеймін. Жеміс ағаштарын, бау-бақша өнімдерін егемін. Жаз бойы оларды күтіп-баптау жұмысымен айналысамыз. Ирина екеуміз үй іргесіндегі жерімізге картоп, қызанақ, қияр, қырыққабат, асқабақ, құлпынай егеміз. Өзімізге қажеттінің бәрі бақшамызда бар. Жер Анаға рақмет! Бізді мол өнімімен қуантып, қолымызды бос қайтарған емес. “Еңбек түбі – береке”, – дейді Валерий Викторович.
Еңбекқор жандардың бау-бақшасы шынында жайқалып тұр. Артық жатқан ешнәрсе жоқ. Түп-түзу жүйектер.
Берекеміз бен бірлігіміздің, бар жақсылықтың бастауы болған ауылдарымыз гүлдене берсін! Елдің ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close