Basty bet

Сапалы өнімге сұраныс жоғары

аудан орталығында шағын сүт өңдеу цехы іске қосылды

 

Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының жаңа жағдайдағы экономикалық даму бөлімінде: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ»,- деп атап өтілген.
Шынында, орта және шағын кәсіпкерліктің бәсі биік екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осыған байланысты, жыл өткен сайын біздің ауданда да кәсіпкерлік нысандары көбейіп, бұл ортада бәсекелестік артып келеді. Әсіресе, сүт өңдеу саласында кейінгі жылдары жаңа кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде топырағы құнарлы, шөбі шүйгін таулы ауданда өндірілген сүтті өзімізде терең өңдеуге мүмкіндік бермек.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінің екінші күні аудан орталығында жаңадан салынған сүт өңдеу цехы ашылып, пайдалануға берілді. Цехтың иесі жергілікті жеке кәсіпкер – Мұратбек Нысанов. Шағын сүт өңдеу цехын ашудағы мақсат – сүтті өз ауданымызда тереңдетіп өңдеу және кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту.
Сүт өңдеу кәсіпорнының жұмысы туралы кеңінен тарқатып айтатын болсақ, бұдан бұрын цех аумағында сүт қабылдау пункті болған екен. Жеке кәсіпкер М.Нысанов аудан шаруашылықтарынан сүт қабылдап, оны аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на және облыс орталығындағы цехтарға жіберіп отырған. Енді, биыл дайын сүтті өз цехында өңдеуге қол жеткізіп отыр.
Жобаның құны – 20 миллион теңге. Кәсіпкер осыншама қаражатқа сүт өңдеуге арналған шағын ғимарат, оның ішінде, лаборатория, т.б. қосалқы бөлмелердің құрылысын жүргізіп, сонымен қоса, өндіріске ең қажетті сүт өңдейтін қондырғылар сатып алып, осында әкеліп орналастырған. Қондырғылар Ресей Федерациясының Ижевск қаласынан жеткізіліпті. Оның ішінде сүтті мұздатқыш, зарарсыздандырғыш, (қаймақ пен сүзбеге арналған екі дана пастеризатор), сепаратор, т.б. қосалқы құрал-жабдықтар алынған. Цехта күніне екі тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Әзірге мұнда күніне жарты тоннадай сүт қабылданып, одан сары май және сүзбе дайындалуда.
-Жалпы кәсіпкерлік саласы маған таңсық сала емес. Дегенмен, 2013 жылдан бастап кәсіпкерлікке шындап ден қоя бастадым. Біраз жыл бұрын Б.Момышұлы ауылының маңынан техника жөндеу орталығын ашып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп жатырмын. Сүт өңдеу цехын ашу жоспары бұрыннан ойымда жүрген. Алғашқыда сүт қабылдап, осындағы сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізіп жүрдім. Бұл салада біршама тәжірибем бар деп айтуға болады. Міне, Алла нәсіп етіп, тынбай ізденіп, еңбектенгенімнің арқасында осы шағын сүт өңдеу цехын ашып отырмын. Цехқа қажетті сүтті негізінен аудандағы шаруа қожалықтар және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері осында әкеліп өткізеді. Әзірге тәулігіне жарты тоннадай сүт қабылдап, өңдеп жатырмыз. Бұдан былай қарай өндірістің жүктемесін арттыру ойда бар. Алға қойған жоспарларымыз көп. Аудан жұртшылығына пайдалы кәсіпті игеріп, ашып жатқаныма өз басым қуаныштымын,- дейді «Нысанов Мұратбек» жеке кәсіпкерлігінің иесі Мұратбек Нысанов.
Цехта өндірілген экологиялық таза өнімдер ауданның және облыс орталығындағы сауда нүктелеріне өткеріледі. Бұл салада арнайы қызметкерлер жұмыс істеу үстінде. Жеке кәсіпкердің әзірше сары май және сүзбе өндіріп отырғанын сөз басында айтқанбыз. Сәтін салса, жыл соңына дейін цехта қатты ірімшік шығарылады деген жоспар бар.
Айта кету керек, шағын сүт өңдеу цехының салтанатты ашылуына қатысқан қауым жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік пен береке тіледі. Атап айтқанда, жиналған жұртшылықтың атынан қаржы саласының ардагері, Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жарас Мұратай сөз сөйлеп, жеке кәсіпкер Мұратбек Нысановтың ашып отырған өндіріс ошағының аудан экономикасына пайдасы бар екенін, осы кәсіпкерлікті ашу арқылы бірнеше адамды жұмыспен қамтуға болатынын баса айтып, кәсіпкер азаматқа табыс тіледі. Салтанатты түрде лента қиылып, шашу шашылды. Цехтың ашылуына құтты болсын айтқан тілектес жақын-жуық азаматтар цехта шығарылған алғашқы дайын өнімдерден ауыз тиіп, тарқасты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close