Basty bet
Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Сонымен қатар, Үкімет тарапынан өзектендірілген Мемлекеттік бағдарламалар аясында бағыттар тұрғысынан функционалдық қалалық аудандарды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту міндеттерін шешу ұсынылып отырғаны туралы айтылып отыр. Сондай-ақ, халықты сумен қамтамасыз етудің ұтымды және тиімді жолдарына өтумен сумен жабдықтау жүйелерін дамытудың тетігі күшейтілмек.
Мұндай жұмыстар Жуалы ауданында да атқарылу үстінде. Атап айтқанда, биылдың өзінде ауданға қарасты Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы ауылдарына ауызсу берілмек. Айта кету керек, құбыр тарту жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Бұл жұмыстар өз кезегінде шалғай ауылдардың тұрғындарына көп жылдан бері туындап келе жатқан таза ауызсуға деген қолжетімділікті арттырмақ.
Инфрақұрылымды дамытудың ішінде тұрғындарға ең қажеттісі – сапалы жол екені белгілі. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, осы мақсатта ауданымызда 2021 жылы 14 елді мекенде ұзындығы 23,2 шақырым болатын 16 көшені жөндеу жоспарланып отырған көрінеді.
Биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында барлығы сегіз көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілмекші. Атап айтқанда, Бәйдібек батыр, Ш.Қалдаяқов, әл-Фараби көшелеріне жарықтандыру бағандары қойылу үстінде. Бұл жұмыстарды «Ауыл Береке» жеке кәсіпкерлігі жүргізуде. Одан бөлек, Бейбітшілік, Қойгелді батыр, А.Тұрысбеков, Е.Сауранбекұлы, Көктем көшелері жарықтандырылуда. Ал бұл жұмысты «Ақсай-Бәйтерек» жеке кәсіпкерлігі атқару үстінде.
Сондай-ақ, биыл аудан орталығында бір жарым шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде. Бұл жаяу жүргіншілер жолы Жанқожа батыр, Ш.Уәлиханов, Ақжол көшелерін басып өтеді. Құрылыс осыдан бір ай бұрын басталып, аяқталуға таяу.
Жалпы құрылыс жобасының құны 11 миллион теңге. Тапсырыс беруші – Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппараты. Жаяу жүргіншілер жолын салу жобасын мемлекеттік сатып алу порталынан тараздық «Арсенал» жеке кәсіпкерлігі ұтып алған. Ұзындығы бір шақырым, 300 метрді, ені бір метр, 20 сантиметрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына барлығы бес арнайы техника, оның ішінде (КаМАЗ, эксковатор, коток, жүктиегіш, т.б. техникалар, 16 жұмысшы қатысып отыр.
Құрылыс прорабы Сәкен Шубаевтың айтуынша, жол салуға бетон жолжиектер (бордюр) Тараз қаласындағы «Құрылыс кемер» зауытынан, ал топырақ аралас қиыршықтас та облыс орталығынан тасымалдануда екен.
-Жолжиектер жолдың шетіне бетон қоспамен екі жақтама отырғызылған соң, оның арасына белгілі бір қалыңдықта ПГС деп аталатын жолға қажетті тас төселеді. Ол әбден тапталған соң барып, оның үстіне ыстық асфальтты төсейміз. Асфальт та тапталудан өтеді. Құрылысқа қолданылып жатқан материалдардың сертификаты бар. Сәтін салса, жаяу жүргіншілер жолын бір аптада аяқтаймыз,- дейді прораб С.Шубаев.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»