Basty bet

Бетпердені өз қауіпсіздігіңіз үшін тағыңыз

Қытай елінен бастау алған коронавирус індетінің біздің елді айналып өтпегені өкінішті-ақ. Індет туралы санамызда сантүрлі ойлар мен пікірлер бары жасырын емес. Десе де, талай жанды сергелдеңге салып, талай жанды өлім құштырған індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе алу екені баршамызға аян. Сондай-ақ, әлі де болса қоғамдық орындарда медициналық бетперде тағып жүргеніміз абзал.

Жұртшылыққа белгілі, өткен жылы елде коронавирус жұқтырғандар саны тіркелген күні-ақ медициналық бетперденің бағасы аспанға ұшты. Сонда жұрттың әбден әбігерге түскенін көрдік. Ол-ол ма, бір бетпердені айлап кигендерді көрдік.
Бірінде тоз-тозы шығып түтіліп кеткен болса, енді бірінің ақ медициналық бетпердесі қара түске айналған. Осындайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Әншейінде дәріхана сөрелерінде айлап, жылдап өтпей тұратын 20 теңгелік маскалардың шарықтағаны несі?! Мейлі мұны былай қойғанда, карантин режимін бақылауда ұстайтын комиссия мүшелері тексеріс жүргізгенде ғана «Бетперделеріңді тағыңдар, тексерушілер жүр дейді, айыппұл төлеп жүрмейік!» деп, саудагерлердің, жеке кәсіпкерлердің бір-біріне айтып жатқанын да естідік. Сонда медициналық бетпердені тексерушілер келгенде ғана тағу керек пе?! Сонда өз өмірлеріне бей-жай қараған саудагерлер, айыппұл төлеуден қорыққаны ма?! Бетпердені тек айыппұл төлемеу үшін таққаны ма?! Адам өмірінің, денсаулығының бәрінен де маңызды екенін неге ұмытамыз?!
Соңғы кезде екпенің екі компонентін де салдырғандардың «Мен екпе салдырып алғанмын» деп бетперде тағудан үзілді-кесілді бастартқандарды естіп те, көріп те жүрміз. Осы ретте, мұндай пікірдің қаншалықты рас екенін және медициналық бетпердені пайдалану жөнінде аудандық аурухананың БАҚ және қоғаммен байланыс маманы Гүлбақыт Жандардан сұраған едік.
-Бетперде тақпай бір жерден тұмау немесе індет жұқтырып алса, вакцинаның еш пайдасы жоқ болып шығады. Вакцина толық қорғамайды, сондықтан медициналық бетпердені тағуды тоқтатпаған жөн. Қазіргі таңда дәріханаларда бетперделердің бірнеше түрі сатылуда. Медициналық бетпердені екі сағаттан артық тағуға болмайды. Бетпердені тағар алдында және шешкеннен кейін міндетті түрде қолды антисептикпен немесе сабынмен тазалап жуу қажет.
Бетпердені қолдану шарттарына тоқталар болсақ, бетперде мұрын мен ауызды жауып тұруы қажет және саңылау болмауы шарт. Қолғап кисеңіз де, бетпердені ұстауға болмайды. Ұстап қалсаңыз, қолды антисептикпен өңдеп шығыңыз немесе сабынмен жуыңыз. Бетперде дымқылданғаннан кейін оны ауыстыру керек, бір реттік бетпердені екінші рет киюге болмайды. Ал матадан тігілген бетперденің ерекшелігі жуып, үтіктеп болған соң, екінші рет қайта таға аламыз. Егер бетперде таза әрі құрғақ болып, қайта тағуға жараса, оны таза полиэтилен пакетке салып қойған дұрыс. Одан бөлек, матадан тігілген бетпердені кемінде күніне бір рет жуғыш заттармен ыстық суға жуған жөн.
Бетке тығыз болып тұратын масканы ғана таққан дұрыс. Бірақ маска тыныс алуға кедергі келтірсе, оның орнына басқасын таңдаған жөн. Лас және ылғал масканы тағуға болмайды. Қоғамдық орындарға барғанда бір метр арақашықта адам болса, бетпердені шешуге, адам өзі тағып жүрген жеке бетпердесін басқа адамға беруіне болмайды. Жоғарыда атап өткенімдей, аз ғана талаптарды бұлжытпай орындасақ ауруды жеңеміз әрі осы індетпен ауырмаймыз, – дейді Гүлбақыт Мәуленбайқызы.
Иә, бетперде туралы ақпаратпен толық таныстық. Олай болса арқаны кеңге салмай, әлі де сақтық шараларын барынша қатаң ұстанайық!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close