El іshі
Еңбекпен өрілген қырық жыл
«Еңбек – тіршілік бұлағы». Жұмыс адамды үш нәрседен құтқарады екен: кедейшіліктен, аурудан, жалқаулықтан.
Жақсылық Тілешов ғұмыры еңбекпен өрілген жан. Ол жастайынан еңбекке араласып, бойындағы күш-жігерін, жинаған мол тәжірибесін халық игілігіне арнады.
Үлкен өмірдің ұлы көшінде еңбекпен есейіп, нардың жүгін арқалай білген атамыз еңбек жолында ортасына, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, еңбегіне лайық марапаттарға ие болды.
Еңбек ардагері Жақсылық Тілешұлы 1944 жылы Шұбарағаш деп аталатын елді мекенде өмірге келген.
Әкесі соғысқа аттанып, із-түссіз кеткен. Ауылда анасы, ағасы, әпкесі төртеуі қалады. 1950 жылы әкесінің інісі Сапарбек Рысбек батыр ауылына көшіріп алып келеді. Сапарбек колхозда парторг болып еңбек еткен екен.
Ауылда жеті жылдық мектепті бітіріп, әрі қарай колхоздың жұмысына араласады.
Еңбек жолын шопанның көмекшісі болып бастайды. Өсе келе трактордың тілін үйреніп, колхозда механизатор болып жұмыс істейді. 40 жыл механизатор, комбайнер болып еңбек етеді.
-Еңбек жолымда үш жыл партия ұйымының хатшысы болдым.
Белорус тракторын, комбайн айдадым.
Таңның атысы, күннің батысы егіс алқабында жүрдік. Ол кезде бәрімізге жоспар береді. Жоспарды орындау үшін түнгі үш-төртке дейін жұмыс істейміз. Таңертең бес-алтыда қайта жұмысқа кірісеміз. Жұмысқа берілгеніміз соншалық, шаршау дегенді білмейміз.
Озат механизатор болдым. Еңбегімді насихаттау мақсатында мені Алматыға теледидарға түсуге екі рет жіберді. Мәскеуге 12 күнге барып, Жетістіктер мен халық шаруашылығы көрмесіне қатыстым. Марапатталып, сый-құрметке бөлендім.
Уақытпен санаспадық. Жұмыстың басында жатып үй бетін көрмей жұмыс істеген кездеріміз де болды. Тек механизатор болып қана қоймай, басқа да тапсырылған жұмыстарды істедім. Қой қырықтым, қарауыл болдым.
Ол кезде адамдардың жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары еді.
Жолдасымның есімі Жақсыкүл болды. Ол да осы ауылдың қызы еді. Екеуміз төрт-бес жыл қыз бен жігіт болып жүріп, бір-бірімізді қалап бас қостық. Аллаға шүкір, екеуміз екі қыз, бес ұл сүйдік. Қазір төрт ұлым осы ауылда. Менің жолымды қуып, механизатор болды. Ортадан «Жалғас» шаруа қожалығын құрып, қазір де қожалықтың жұмысын бірлесіп атқаруда. 17 немерем бар.
Жолдасым өте ұқыпты, тазалықты жаны сүйетін жан еді. Жолдасымның сабырлығының, еңбекқорлығының арқасында алаңсыз еңбек еттім. Үйге кеш келемін, ерте кетемін. Балалардың тәрбиесімен, үйдегі бар шаруамен өзі айналысты.
Жақсыкүл Алланың жазуымен өмірден ерте озды.
Қазір ұлым Бекнұр мен келінім Алтынаймен бірге тұрамын.
Өмірден көрген, білгенімді балаларыма, немерелеріме айтып отырамын.
Еңбек қана адамға шын бақыт сыйлайды. Абыройыңды асыратын да – еңбек. Сондықтан ерінбей еңбек ету керек. Еңбектенген жанның еңбегін Алла жемейді,- дейді қария.
«Қиындық біреуді жүдетеді, біреуді ширатады». Жақсылық Тілешов өмірден көрген қиындығынан ширап, өзін дұрыс бағытпен дамыта білген жан.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, халқымыздың бастан кешкендерін көнекөз қарияларымыздың әңгімесі арқылы білеміз.
«Қарты бар үй – қазына». Береке үлкендермен бірге жүреді.
Жақсылық Тілешұлы туралы қарашаңырақтағы келіні Алтынай да өзінің тілегін білдірген еді.
-Атамыз өте сабырлы, байсалды мінезді кісі. Ешқашан ашуға бой алдырмайды. Қандай жағдай болсын жаймен түсіндіреді. Барлығымызға бір-бірімізді сыйлауды, ағайыннан қол үзбеуді айтып отырады.
Мен бұл шаңыраққа 2010 жылы келін болып түстім. Мен енемді көрмедім. Бірақ, естуімше адамгершілігі жоғары, өте жақсы кісі болған екен.
Бұл отбасының маған қатты ұнайтын ортақ қасиеті – бір-бірін сыйлай білуі. Осыдан-ақ ата-енеміздің қандай жандар екенін білуге болады. Бауырларымыз үлкен-кішісі барлығының ауызбіршілігі жақсы. Бір-бірінің қас-қабағына қарап түсіне біледі. Кейбір отбасылар ұқсап, ұрысып-керіскендерін көрген жоқпын. Осындай бауырмалдықты, сыйластықты көріп өскен біздің де ұрпақтарымыз жақсы азамат болып өседі деп ойлаймын,- дейді келіні Алтынай.
Жақсылықтың диқаншысы болып отырған Жақсылық қариядай жандар, еңбек адамы қандай құрметке болсын лайық.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»