Qoǵam
Адамдар өмірін құтқару – жауапты жұмыс
Биыл Қазақстан Төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 26 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Құтқарушылар азаматтық қорғаныс саласының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервтерді қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құрылымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – бұл жоғары және жауапты жұмыс. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.
Еліміздің әр өңіріндегі департаменттерде төтенше жағдайлар бөлімдері, жедел құтқару жасақтары, өрт сөндіру бөлімдері, өрт сөндіру бекеттері, апаттық медицина және судан құтқару қызметі секілді құрылымдар жұмыс істейді.
Жуалы ауданы өртке қарсы қызмет гарнизонының құрамына Төтенше жағдайлар бөлімі, №7 өрт сөндіру бөлімі және №14 өрт сөндіру бекеті кіреді. Гарнизонда барлығы 42 құтқарушы еңбек етуде.
– Құтқарушы – өте қиын әрі қауіпті мамандық. Сонымен қатар құтқарушылар ерекше адамдар, себебі күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып және оларды жою жолдарын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптігі сонша, оның әр басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Олар үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау ең бірінші кезектегі міндеттер болып табылады.
Бүгінде Қазақстан ТЖМ қызметкерінің беделі жоғары екеніне дау жоқ. Осы жұмыстың нәтижесі – мыңдаған құтқарылған өмірлер.
Бүгінгі жастардың міндеті ардагерлер салып берген жолды одан әрі заманауи тұрғыда жалғастыру болып табылады. Ендеше, біз де өз тарапымыздан ел игілігі үшін еңбек еткен ерлерге әрдайым қолдау көрсетіп, еліміздің дамуы жолында бірлесе еңбек атқарайық, – дейді. Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»