Basty bet

Шаруалардың қысқа дайындығы назарға алынды

Аудан әкімі Олжас Қаржауов Ақтөбе ауылдық округі шаруаларымен кездесіп, қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Алдымен аудан басшысы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысын назарға алды. Жалпы Ақтөбе ауылдық округінің шаруалары қысқы мал азығы үшін 1400 тоннадан астам сүрлем дайындағаны белгілі болды.

Аудан басшысын аталған кооперативтің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов күтіп алып, АШӨК-да атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы кооперативіне 207 адам мүшелікке тіркелгенін және бұл азаматтарға 370 гектар жайылым жер және 120 гектар егістік жер берілгенін айтты. Одан бөлек, несие алған кооператив мүшелері алдағы уақытта малға арзандатылған бағада жем шөп дайындаумен айналысуды көздеп отырғанын да жеткізді. Биыл мұнда 50 гектар сүрлемдік жүгері егіліп, нәтижесінде 400 тонна сүрлем бастырылып, қалған өнімдер кооператив мүшелеріне үлестіріліп берілген.
Сауынды сиыр бағытында несие алған кооператив мүшелері сүт өнімін молайту мақсатында жүгері сүрлемін басып отырғанын және осының арқасында сүт сауу көлемі өткен жылмен салыстырғанда үлкен нәтиже көрсеткені де мәлім болды. Сонымен қатар, АШӨК басшысы кооперативтің жанынан кішігірім сүт өңдеу цехын ашып, тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстарды жүргізу жөніндегі жоспарымен де бөлісті.
Кооператив төрағасы Зайырбек Жақсыбекұлы кооператив жұмысын ілгерілетуде жайылым жерлер мен егістікке су тапшылығы кедергі болып отырғанын, соның салдарынан және биыл орын алған қуаңшылықтың кесірінен қыстық жем шөптің аз дайындалғанын, сол себепті кооперативке мүше болып кірген ауыл тұрғындарының біразы малдарын сатып жібергені туралы да сөз етті.
Өз кезегінде аймақ басшысы Олжас Есалханұлы, ауданда ауыл шаруашылығы саласының жұмысын жандандыру мақсатында бірқатар жұмыстардың ретке келтірілгенін айтып, кооператив төрағасының қойған сауалдарына нақты жауап берді. Сондай-ақ, кооператив төрағасына аталған мәселелерді сұраныс ретінде хатқа түсіріп, аудан әкімінің атына жіберу керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан басшысы Б.Момышұлы ауылында салынып жатқан әлеуметтік дүкеннің құрылысы аяқталуға таяу екенін және бұл тұрғындар үшін пайдалы дүкен болатынын қуанышпен жеткізді.
Өңір басшысының айтуына қарағанда, мұнда азық-түлік арзан бағада сатылатын болады. Ал, су тапшылығы бойынша, биыл сегіз бірдей каналдың құжаттары дайындалып жатқанын, көп ұзамай бұл мәселе де өз шешімін табатынын айтып, одан басқа да бірқатар мәселелерді сөз етті. Одан бөлек, аудан әкімі О.Қаржауов жер конкурстарының уақытша тоқтатылғанын, сырттағы адамдарға жер берілмейтінін, жерді тек жергілікті тұрғындар пайдалану керектігін де қадап айтты.
Бұдан соң аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылындағы «Мұхиддин» және «Абзал» шаруа қожалықтарының қыс мезгіліне дайындық жұмыстарымен танысты.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандарының мәліметінше, Жуалы ауданында мүйізді ірі қара малы бойынша сүт бағытында 20 820 бас аналық бар. Аудан шаруашылықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар сүт өнімін өндіруге бейімделген. Себебі, жұмыс істеп тұрған және жаңадан ашылған барлығы 7 сүт өңдеу цехтарының арқасында сүт өткізу мәселесі толығымен шешімін тапқан. Ендігі мақсат сүт өнімін көбейтіп, осы цехтардың жүктелімін арттырып, аудан экономикасын көтеру.
Осы орайда сапалы мал азығын (пішендеме, сүрлемдік жүгері) дайындау үшін 5 кооператив құрылып, 127 гектар сүрлемдік жүгері дақылдары егілді. Басқа да шаруашылықтарды қосқанда 15 шаруашылық (2020 жылы 4 шаруашылық) барлығы 750 гектар сүрлемдік жүгері егіп, нәтижесінде 11 210 тонна сүрлем басылды.
Тұрғындарды сүрлемдік жүгерімен қамтамасыз ету бағдарламасын қолға алған Ақтөбе ауылдық окугінде 6 шаруашылық 145 гектар жерге сүрлемдік жүгері егіп, 1400 тонна көлемінде сүрлем бастырды.
2022 жылы әр ауылдық округте кооператив құрып, сүрлемдік жүгері егістігін көбейту жоспарланып отыр. Бұл жоспарлы жұмыс нәтижесінде бір сиырдан алынатын сүт көлемі көбейеді, сүт зауыттарының жүктелімі мен ауыл тұрғындарының экономикалық жағдайы артады және жоғары өнімге қол жеткізу үшін су үнемдеу технологиялары көптеп қолданылатын болады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close