Basty bet
Шаруаларға субсидия мәселесі түсіндірілді
Аудан әкімдігі жанынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-ағартушылық штаб құрылған. Оның мақсаты – жас ұрпақ, халық және мемлекеттік органдар арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Штабтың жұмыс жопарына сәйкес әр айда әр ауылдық округ тұрғындарымен аудан әкімдігінің бөлім басшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылады. Кездесу барысында бөлім басшылары немесе жауапты мамандары бөлім тарапынан халыққа көрсетілетін қызметтердің тәртібі, ережесі, жолдары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Жоспар бойынша кезекті жиналыс Шақпақата ауылында өтті.
Өнер мектебінің мәжіліс залында өткен жиналысқа ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Жиынды Шақпақ ауылдық округінің бас маманы Қанат Каипов ашып, жүргізді.
Сөз кезегін алған аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев субсидия мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында шаруаларға берілетін субсидия мәселесіне ерекше тоқталды. Яғни, «Соңғы бес жылдың өзінде субсидияға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр.
Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс» деп шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы қажеттігін айтқан болатын.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Әмірханұлы мал және егін шаруашылығы бойынша шаруаларға берілетін субсидия туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда техника, асыл тұқымды мал, қызылша, мақта, мақсары өніміне берілетін, минералды тыңайтқыштарға, ұңғымаға, таңқурай, алма, құлпынай үшін және сүт бағытында берілетін субсидиялардың берілу тәртібі туралы баяндады. Сонымен бірге бүгінгі таңда ауданымызда жаңашылдыққа бет бұрып, нәтижелі жұмыс істеп жатқан шаруаларды да үлгі етіп айтып өтті.
Шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»