Basty bet
Өнертабыс өндірісті өрге бастырады
Өнертапқыш Марат Аюбаев өзінің тың жаңалықтарымен бөлісті
«Өнер алды – қызыл тіл» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, өнер мен мәдениет, ғылым мен білім болсын, адамзаттың өркениет көшін өрге бастыратын ұлы құндылықтар. Әлемде қандай халық, ел болсын, ғылым-білімсіз алға басып, дами алмайтыны анық. Осы орайда ұлы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің: «Ғылым-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызды» дейтін ой байламы қазіргі замандағы ғылым мен білімнің дамығанын алдын ала болжап кеткеніне қалай таңғалмассың. Ал ғылым мен білімді алға сүйрейтін, өндірісті өрге бастыратын кім? Әрине, олар ізденімпаз ғалымдар, білім иелері мен өнертапқыштар. Мұндай дарынды азаматтар біздің елімізде де көп. Соның бірі өнертапқыш жерлесіміз – Марат Аюбаев.
Аудан орталығымен іргелес орналасқан Диқан ауылының түлегі М.Аюбаев Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітіргеннен кейін Тараз қаласында (бұрынғы Жамбыл) бу қазандықтарында, жылыту жүйесі мекемелерінде 45 жылдай жұмыс істеген. Өндірісте өнімді еңбек ете жүріп, оны дамытуға байланысты бірқатар жаңалықтар ашып, өнертапқыш атанған жан. Біздің газетімізде бұдан бұрын да өнертапқыш азаматтың еңбегі жайында кеңінен жазылғандықтан, еңбек жолына тоқталмаймыз. Тек ашқан жаңалықтары туралы сөз қозғаймыз.
Апта ішінде облысқа белгілі өнертапқыш Марат Аюбаев ауданда болып, өзі туып-өскен Диқан ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Диқан орта мектебіндегі кездесуге ауыл тұрғындарымен қатар, төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері шақырылды. Өнертапқыш азамат өзінің өнертабыстары туралы кеңінен әңгімелеп берген еді. Оның алдында өрттің адамзатқа келтіретін зияны туралы бейнефильм көрсетілді.
-Мен өндірісте жұмыс істей жүріп көптеген жаңалықтар аштым. Қазір санамалап отырсам, немерем Нұркен екеуміз бірлесіп барлығы 25 жаңалық ашқан екенбіз. Оның барлығы күнделікті өмірге, өндіріске, апаттардың алдын алуға қажетті дүниелер. Жетеуі өртті сөндіруге байланысты жаңалық. Өздеріңіз білесіздер, өрт – тілсіз жау. Осы апаттан адамзат көп ғасырлардан бері орасан зор зиян шегіп келеді. Тілсіз жаудан үйлер өртеніп, адам шығыны да болып жатыр. Ал өртті дер кезінде ауыздықтаса, одан келетін шығынның да көлемі аз болары сөзсіз.
Бұл туралы мен көп ойландым. Не істеу керек? Қайткенде, шығынды азайтамыз? Көп жылдан бері мені осындай сұрақтар мазалаумен келеді. Немерем екеуміз өртті тез сөндіруге арналған көпсалалы автомашинаның жобасын ойлап таптық. Оның артықшылығы сол, қазіргі қолданыстағы өрт сөндіру машиналары өртті сумен және көбікпен өшірсе, бұл көлік өртті булы көбікпен сөндіруге арналған. Машинада буды жылытатын шағын қазандық орналастырылған. Бұл өртті жеті тәсілмен өшіруге арналған. Сонымен қатар, тоқтаусыз 20 сағат бойы жұмыс істей береді. Бұл жаңалығым 2014 жылы сынақтан сәтті өткізілді. Оған өрт сөндіру және ғылыми институттардан мамандар келіп қатысқан болатын. Ал қазіргі қолданыстағы өрт сөндіру көліктері 20 минуттан артық жұмыс істей алмайды. Сонда қайсысы тиімді? Бұл машинаны өндіріске қосу туралы Түркістан облысынан ұсыныс түскенімен, оған қаржылай қолдау болмай отыр. Бір өкініштісі, ашқан жаңалықтарыма тиісті патент алғаныммен, оны өндіріске енгізуге тиісті басшылар тарапынан адамның «ақылына сыймайтын» көптеген кедергілерге тап болып отырмын. Жоғары органдардан бастап, облыстық деңгейдегі әкімдерге, департамент басшыларына бұл жөнінде талай рет хат жазғанмын. Бірақ нәтиже шамалы,- дейді өнертапқыш М.Аюбаев.
Өнертапқыш азамат жанармай қоймаларында, базарлар мен жабық ғимараттарда, т.б. нысандарда өртті болдырмау және алдын алу, оның зардаптарын жою туралы тың жаңалықтарымен бөлісіп, қатысушылардан түскен сұрақтарға жауап беріп, ТЖ және өрт сөндіру құрылымдарының мамандарына ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Кездесу соңында М.Аюбаев өзінің қаламынан туған «Жуалы – жердің жайлауы», «Өнертапқышты өлтіру немесе Заң… кемшіліктері» деп аталатын кітаптарын оқырманға таныстырды. Оның бірнеше данасын Диқан орта мектебіне және аудандық орталық кітапханаға сыйға тартты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»