Адамның өмірі және оның амандығынан қымбат байлық жоқ. Мемлекеттің де басты байлығы мен капиталы адам екені белгілі. «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Қауіп қайдан демеңіз? Осы орайда мініп жүрген көлігіңіз немесе күнделікті жүріп жүрген жолыңыз сіздің өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Аудан аумағының елеулі бөлігінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық мәндегі автожолы өтіп жатыр. Жол – экономиканың күретамыры. Оның көлік қатынасын реттеумен қатар сауда айналымын жақсартып, ел экономикасына орасан зор пайда әкеліп жатса да қауіпсіздік жағын да терең ескергеніміз абзал.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізімен біздің ауданның тұсынан күніне 15 мыңға жуық көлік қатынайды екен. Оның 50-60 пайызы жүк көліктері саналады. Жолдағы көлік қозғалысы болған соң апат болмай тұрмайды. Бұрыннан-ақ қауіпті саналатын Күйік және Шақпақ асуларында, сонымен бірге Нұрлыкент ауылының тұсында жол-көлік оқиғалары жиі-жиі орын алып отырады. Мұндай қайғылы оқиғалардың саны жыл сайын артпаса кемімей отырғанын да ешкімнен жасыра алмаймыз. Қайғылы жағдайлардың бетін ары қылсын. Адамның өмірін сақтау, жолда олардың қозғалысына жағдай жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды.
Жақында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында жол қауіпсіздігі саласында 2019 жылдың алты айындағы атқарылған жұмыстар туралы комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев, сонымен қатар аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашты. Отырыстың күн тәртібінде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстарды талқылай отырып, жол-көлік оқиғаларын азайту жөнінде ұсыныстар қаралды.
Алғаш болып аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы баяндама жасады.
– Ағымдағы жылдың сәуір айында жол қозғалысы саласында аудандық комиссияның құрамы бекітілген болатын. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі комиссияның жұмысшы органы болып табылады. Жыл басына бөлім тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үш рет комиссия отырысы өткізілді. Онда ағымдағы жылы аудандағы автомобиль жолдарындағы апаттық жағдай және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы мәселелер қаралып, қабылданған нақты шешімдер бойынша бірқатар тапсырмалар орындалды. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімі жол-көлік апаты оқиғаларын төмендету бойынша шара қолдану және көлік апаттары көп орын алатын жолдарды үнемі бақылауда ұстау үшін рейдтер ұйымдастырып отырады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзған жүргізушілерге барлығы 9 миллион 448 мың 550 теңге айыппұл салынып, оның 5 миллион 722 мың 913 теңгесі өндірілген.
2018-2019 оқу жылында аудан әкімдігінің білім беру мен полиция бөлімдерімен бірлескен жылдық, айлық іс-шаралар жоспары жасалып, білім беретін мекемелерге жолданды. Одан бөлек, ауыл әкімдері мен аудандық полиция бөлімі аудандағы барлық деңгейдегі жолдардағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін тиімді ұйымдастыру мақсатында жолдардың өту бөлігінде жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдар мен қондырғыларды зерделеп, аудан әкімдігіне ұйғарымдар ұсынылды. Бұл мақсатта жол қауіпсіздігіне қатысты техникалық құралдарды орнатуға, күтіп ұстауға және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 2019 жылға аудандық бюджеттен барлығы 8 миллион 759 мың теңге қаралған болатын. Ағымдағы жылға қаралған қаржының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға артып отыр.
Аудан аумағынан өтетін республикалық мәндегі автомобиль жолындағы жол көлік оқиғалары өткен жылдың қорытындысы бойынша едәуір өскен. Осыған орай аудан тарапынан құзырлы мекеме «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалына жол-көлік оқиғаларын төмендету жөнінде бірнеше ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, апат көп орын алатын Күйік асуы, сондай-ақ Нұрлыкент, Шақпақата ауылына кіреберіс бұрылыстарды кеңейту, кіреберіс пен шығаберістерге ауа райын және жолдың жағдайын, қажет жағдайда жылдамдықты шектеуді көрсетіп тұратын электронды таблолар орнату т.б. мәселелер бойынша хаттар жолданды. Үлкен жолға жауапты мекеме осы бағыттағы жұмыстарды тездетіп атқарулары керек. Сонда ғана біз жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз,- деді Асхат Базарбайұлы.
Келесі кезекте аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев жол-көлік оқиғаларына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды атап көрсетіп берді.
– Аудан аумағына өтетін республикалық маңызы бар үлкен жолда жол көлік оқиғаларының саны артып барады,- деді ол. – Өткен жылдың алты айының қорытындысында жол-көлік оқиғасына байланысты алты қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 150 пайызға немесе 15-ке өсіп отыр. Мұның жетеуі қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға қажетті құм мен тұздың себілмеуі салдарынан орын алған. Аталған тас жолда өткен жылы үш адам қайтыс болса, ағымдағы жылы бес адам қаза тапқан. Сонымен қатар ауданға қарасты Нұрлыкент және Теріс ауылдарының қиысатын тұстары қауіпті деп танылғанымен ол жерлерге қажетті жарықтандыру, билбордтар орнату жұмыстары әлі күнге жүргізілмеген. 2018 жылы Нұрлыкент ауылының тұсында «Мерседес» маркалы автокөлік жолдың жиегіндегі темір қоршауға соғылып, салдарынан үш адам қайтыс болды. Тек аталған қиылыста өткен жылы бес адам қаза тапқан. Бұл – аталған қиылыста көлік жүргізушілерге арналған ескерту белгілері мен жарықтандырудың жоқтығынан орын алып отырған кемшілік. Жол бойындағы осындай кемшіліктер мен олқылықтар дер кезінде реттелмесе, адам шығыны мен көлік апатын азайта алмаймыз.
Үлкен жолда орын алып отырған жол- көлік оқиғаларына кім кінәлі? Қайткенде апат санын азайта аламыз? Бұл жөнінде сөз сөйлеген «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев та мардымды жауап айта алмады. Құзырлы мекеменің өкілі өз сөзінде Жуалы ауданының қатал климаттық аймақ саналатынын, жол бойындағы үш бұрылысқа жарықтандыру жұмыстары алдағы тамыз айында жасалатынын, одан басқа да үлкен жолдың бірқатар тұстары орта жөндеуден өтетінін хабарлады. Негізгі жұмыстарға қажетті қаржы бөлу келесі жылға жоспарланып отырғанын да жеткізді.
Алайда бұл уәжге аудан әкімі Нарбай Ергебеков қанағаттанбай, адам өмірінің маңыздылығын, жол апаттары негізінен 815 метр аумақта орын алып отырғанын алға тарта отырып, мәселенің шешімін тезірек қарастыру керектігін баса айтты.
-Үлкен жол – үлкен проблема. Біз әрбір көлік апатының себептерін анықтап, керек болса зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті органдарға ұсыныс беруіміз қажет. Өзім де үлкен жолдың бойынан өтіп бара жатып, жол- көлік оқиғасына екі мәрте куә болдым. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны халықаралық мәндегі көлік дәлізі болған соң жергілікті деңгейде ештеңе шеше алмаймыз. Дегенмен, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Бұл жолдың жағдайы мен қауіпсіздігіне жауапты тиісті мекеме бар. Жолаушылардың қауіпсіздігіне солар тікелей жауапты,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Облыс аумағын басып өтетін осынау күре жолдың проблемалары туралы тұрғындар тарапынан осы уақытқа дейін айтылып та, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, көтеріліп жүр. Біздің ауданда да бірқатар жайсыздықтар бар. Аудан орталығына кіреберіске жолайрық немесе арнайы көпірдің салынбауы салдарынан қаншама адам әлі күнге зардап шегіп отыр. Әманда жолаушының сапар жолының оң болуы қатынайтын жолына да тікелей байланысты екені анық. Қауіпсіздік жайын ойласақ, үлкен жолдың бойында туындап отырған үлкен проблемалар әлі де терең зерделеуді қажет етеді…
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»