Basty bet

Дәл қазір маңыздысы – әділ сайлау өткізу

облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы Айдапкеловпен сұхбат

-Алдағы уақытта дүниежүзілік сайлау күні келе жатқаны белгілі, сол күннің жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз…
Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде барлық елдерде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген және Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Биыл мереке 3 ақпанға сәйкес келіп отыр.
Дүниежүзілік сайлау күні халықтың назарын азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерістерін жетілдіру мәселесіне аударуға арналған. Бұл күн азаматтардың сайлауға жалпы дауыс беру құқығын атап өтеді және жаһандық демократия үдерісін нығайтуға, сайлау туралы білімді арттыруға және сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын ынталандыруға бағытталған.
Бұл бағытта облыстың аумақтық сайлау комиссиялары дүниежүзілік сайлау күніне орай іс-шаралар даярлап түрлі фоматтарда өткізуді жоспарлап отыр .
Іс-шаралар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты елдің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыруға, сайлаушылардың электораттық белсенділігін арттыруға және жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарды ұстануын қалыптастыруға бағытталған.
-Елімізде мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу туралы ұсыныстар да айтылуда. Бұл ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?
-Қазақстан Республикасы 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан бастап осы күнге дейін демократияландыру үрдісін жүргізіп келеді: демократиялық дамыған елдерге сай, Конститутция қабылданып,биліктің үщ тармағы орнатылды, сөз бостандығы жарияланды, цензураға тиым салынды,жалпыға бірдей сайлау құқы енгізілді.
30 жылдан астам уақыт ішінде елімізде Парламент депутаттарын депутаттарын сайлау бірнеше рет өзгертілді.
Ең алғашқы болып можаритарлы жүйе қолданылса,одан кейін аралас жүйе енгізілді.
Можаритарлы жүйе бойынша,бір мандатты округтен көшілік дауысқа ие болған үміткер сайланады.
Аралас сайлау жүйесіде бүкіл мандаттардың тек бір бөлігі партиялық тізіммен, қалған бір бөлігі жекелеген үміткерлерге дауыс беру арқылы анықталады.
Жоғарыда айтылған сайлаудың екі жүйесіде елімізде қолданыста болған.
2007 жылы Ата заңымыза өзгертулермен толықтырулар енгізіліп, қазіргі кезде Парламент Мәжілісі депутаттарын және маслихат депутаттарын сайлауда пропорционалды сайлау жүйесі қолданылып,сайлаушылар сайлауға қатысқан саяси партияларға дауыс береді.
Жеңіске жеткен партиялар өздерінің алдын ала жоғарғы органдарында депутаттыққа кандидат етіп бекіткен партия мүшелеріне депутаттық мандат тапсырады.
Жалпы, берілген сұраққа берер жауабым, Қазақстан Республикасының азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет басқаруға қатысуға құқығы бар екендігі Қазақстан Республикасының Конститутциясының 33-бабында айқындалғанын ескерсек, жоғарыда атап көрсетілген сайлау жүйелерінің барлығында азаматтарымыздың құқығының сақталғанын көреміз.
Сондықтан, Парламенттің қоғам талаптарына сай жұмыс істеуі түптеп келгенде сайлау жүйесінеде байланысты емес, саяси партиялардың депутаттықа кандидаттарды іріктеуінде болып тұр.
Ал Парламент депутаттарының кәсіби деңгейін, қабылдаған заңдардың үнемі өзгеріске ұшырауынан көруге болады.
– Былтыр ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Алдағы уақытта аудан әкімдері де сайланады деп күтілуде. Осы науқан еліміз үшін не берді? Халық өзінің таңдаулыларын іріктей алды ма? Жұрт арасында «осы сайлау руаралық тартысты өршітті» деген қауесеттер де бар.
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асырудың ұлттық жоспарына сәйкес, салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесін пайдалана отырып, 2021 жылы 24 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарына ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін азаматтар тікелей сайлау көзделген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі.
Осыған орай, 2021 жылдың ІІ жарты жылдығында Жамбыл облысы бойынша 53сайлау округінде(оның ішінде Талас ауданы Қаратау қаласы, Шу ауданы Шу қаласы) “Ашық есік күні” аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Жалпы үстіміздегі жылдың екінші жартысында облыстағы ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің 33,97% тікелей сайлауға түсіп сайланды.
Облыс бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің өткізілген сайлау қортындысы бойынша;сайлау учаскелерінде сайлаудың қортындысын жарамсыз деп тану туралы негіз болмағанын, сайлау бюллетеньдерін қайталап санау фактісінің тіркелмегенін, сондай-ақ, соттарға, жоғары тұрған комиссияға жекелеген учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдардан басқа байқаушылармен сайлаушылар тарапынан арыз-шағымдардың түспегендігін ескерсек, халық өзінің таңдаулыларын жасай алды және олардың ойынан шықты деуге болады.
Сондай-ақ әкімдерді сайлау елімізде кенже дамып кележатқан азаматтық қоғамды қалыптастырудың басты көрсеткіші ретінде көрініс тауып жоғарыда сіз айтып отырған «рулық-туыстық! байланыстар сыналып, оның қоғамда мемлекеттік сана қалыптастыра отырып, азаматтық ұлтқа ұласуымызға жол ашты деп айтуымызға болады.
Мәселен, бізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті осыдан он жыл бұрын жоқ еді. Халықтың бойында мұндай әлеуметтік иммунитет қалыптаспаған болатын. Ал қазір жұрт жемқорлықты, оған жол беруі мүмкін кез келген жағдайды айыптайды. Ауыл әкімдерін сайлау кезінде де халықтың басым көпшілігі осы ұстаным төңірегіне шоғырланып отыр.
Дәл қазір маңыздысы – әділ сайлау өткізу, халықтың тікелей дауыс беруі және сайланған тұлғаның атқарған қызметін бақылай алуы, сол арқылы мемлекет басқаруға қатысуы, әрбір қоғам мүшесінің дара тұлға екендігіне кепілдік беруде.
Әкімдерді тікелей халықтың сайлауы, халықтың саяси мәдениетінде әсер етуде.
Бұл – саяси реформа деп атауға тұрарлық айтарлықтай өзгеріс. Ал енді халық сайлаған әкімдердің атқарып жүрген қызметі көпшіліктің ойынан шығадыма жоқ па оны келешек көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында 2024 жылы аудан әкімдерін тікелей сайлаудың пилоттық жобасы енгізіледі деді.
Бұл саяси науқан алдағы тұрған жылдардың еншісінде.
– Биылдан бастап сайлау процесесін бақылайтын еріктілерді оқыту қолға алынуда. Бұл қалай жүзеге асады, мұның берер қандай пайдасы бар? Соның жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз…
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың объективті процестерімен және жергілікті әкімдерді тікелей сайлаумен толықтырылған осы күн тәртібі, сайлау процесінің барлық субъектілерін сайлауды өткізудің заңнамалық және ұйымдық-технологиялық негіздерінің, оның ішінде қазіргі заманғы әлемдік практиканы ескере отырып,сайлауды байқау жүйесін сайлау процесінің дербес және тәуелсіз сегментіне айналдыру.
Сондықтан,байқау институтын кәсібилендіру жөніндегі одан арғы жұмыс халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнамада қолданылатын байқау регламенттеріне байқаушыларды оқытуды жоспарлы ұйымдастырудың қажеттілігі туындауда.
Осыған орай,Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №19/434 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар кешені қабылданды. Оның мақсаты Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесіне білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ сайлау процесіне басқа да қатысушыларының кәсіби деңгейін көтеру болып табылады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыстық сайлау комиссиясы өзінің отырысында облысымызда сайлау процессіне қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында оқу жоспарын қабылдады. Оқыту процесі екінші тоқсаннан жүргізілетін болады.
– Күні кеше Мәжіліс депутаттарының аузымен облыс әкімдерін де тікелей сайлау керек деген мәселе көтерілді. Қазақ қоғамы бұған дайын ба? Жалпы шет мемлекеттерде бұл тәжірибе қалай жүзеге асырылуда?
– Әрине құқықтық мемлекет пен әділ азаматтық қоғам құруды демократиялық сайлау процесінсіз елестету мүмкін емес.Сондықтан сайлау институтының қазіргі заманғы демократиядағы маңыздылығын ескере отырып, елімізде жоғарыда айтып өткенімдей демократиялық сайлау процесі іске асырылуда.
Облыс әкімдерін тікелей сайлау туралы мәселе көтермес бұрын, өткен жылғы тікелей сайланған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің есепті жылда атқарған жұмыстарын зерделеп, ол сайлау жүйесі қоғамның әлеументтік-экономикалық дамуына қаншалықты оң үрдіс бергендігін айқындап алуымыз керек деп ойлаймын.
Одан кейін алдымызда аудан әкімдерінің сайлауы тұрған жоқ па…
Менің айтайын дегенім мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару орғандарының құрылымдарын өзгерту оңай, ал оларды заман талаптарына сай кәсіби деңгейі жоғары кадрлармен сайлау жүйесімен бе әлде жоғарғы органдардың бекітуімен жасақтау үлкен саяси және ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді.
Сондықтан екі жағдайдада мемлекет кадр даярлауды күн тәртібінен алмағаны абзал.
Ал,жергілікті басқарудың қазіргі заманғы шетелдік тәжірибесі континенталдық модельді көбірек таңдайды, мұнда муниципалдық мэрі сайланбалы жергілікті кеңестің төрағасы және мемлекеттің өкілі болып табылады. Модельдің артықшылығы – басқару рәсімдерін жеңілдету және қызметкерлер құрамын оңтайландыру.
Көптеген шет елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы орган басшысының өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігі оның жұмысының нәтижелеріне оң әсерін тигізеді.
Сондықтан шет мемлекеттер тікелей сайлау жүйесін таңдайды.
– Аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қандай критерийлер бойынша сайланады? Сайлау процессі кезінде сайлау комиссиясы мүшелерімен БАҚ өкілдерінің арасында бірін-бірі түсінбеушілік жағдайы фактілері болды ма?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конститутциялық Заңының 10-бабының 3-тармағына сәйкес сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Сайлау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады.
Ал сайлау процессі кезінде БАҚ ролі ерекше.
Олар Конститутциялық заңда белгіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы және сайлау күнгі, сайлаудан кейін сайлау қортындысын ақпарат құралдарында обьективті жазып-көрсетуді жүзеге асырады және сайлау процессін байқауға қатысады.
Сайлау комиссия мүшелерімен жұмыс істеу барысында кейбір түсінбеушіліктер орын алған жағдайлар болды. Мысалы, падемия кезінде өткен сайлауларда БАҚ өкілдерінің кейбіреулерінде ПТР-тесттен өткендігі туралы анықтаманың болмауы, санитарлық талаптарға байланысты олардың сайлау процесіне қатысуына мүмкіндік бермейді.
Сайлау процессіне қатысушы БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген оқу жоспарына сәйкес сайлау барысында қалай жұмыс жасау керектігі туралы семинарлар, тренингтер облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен ұйымдастырылып тұрады. Біздің облысымызда сайлау науқаны кезінде дәл осы тақырыпқа ешқандай наразылық түскен жоқ.
– Алдыңғы жылдары «Партиялар туралы», «Сайлау туралы» Заңдарға біршама өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер қандай нәтиже берді?
– Елімізде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына 2019 жылдан бастап 8 рет, ал Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңына 3 рет өзгерістер енгізілген екен.
Олар: мәслихаттардың депутаттарын пропорционалды сайлау жүйесі, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруы, Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін сайлауы, Сайлау бюллетенiне “Бәріне қарсымын” деген жол енгiзiлуі туралы және тағыда басқалар.
Жоғарыдағы заңға енгізілген өзгерістер елімізде азаматтық қоғамды қалыптастырудың басты көрсеткіштерінің бірі деп айтуға болады.
– Елімізде тіркелген 6-7 партия бар. Бірақ олардың басым көпшілігі тек сайлау кезінде ғана «ояна бастайды». Сіздің ойыңызша бұл біздегі партияаралық бәсекелестіктің жоқтығын білдіре ме? Мұның себебі неде?
-Қазақстанда алты саяси партия тіркелгенмен,біздің облысымызда сайлауға қатысуға ниет білдерген 5 саяси партияның филиалдары сайлау науқандарға қатысуда. Олар:«Nur Otan» партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы», «ADAL»саяси партиясы, Қазақстан халық партиясы.
Парламент Мәжілісі депутаттарын және маслихат депутаттарын сайлауда пропорционалды сайлау жүйесің қолданылуы, барлық саяси партиялар үшін үлкен сынақ болды, себебі сайлаушылар сайлауға қатысқан саяси партияларға дауыс береді.
Жеңіске жеткен партиялар Парламент Мәжілісінде және маслихаттарда депутаттық мандаттарға ие болады. Өткен сайлаулардағы саяси партиялардың атқарған жұмыстарын саралайтын болсақ партиялық-саяси активтің кәсібилігін арттыру мәселесі үнемі назарда болуы керектігі байқалды.
Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған шаралар кешенінің негізінде саяси партиялардың өкілдерінде оқыту жоспарланған.
– Біздегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін қандай шараларға барған жөн?
– Сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Ортсайлауком бастамасымен Қазақстан аумағында сайлау институтын қалыптастырудың тарихи-құжаттық негіздері бойынша бірегей ғылыми зерттеу жүргізілді, қорытындылары бойынша «Қазақстандағы сайлау тарихы» монографиясы жарық көрді, оның 3 мың данасы еліміздің кітапханаларына таратылды. Қазақстан Республикасында сайлау жүйесін дамытудың қазіргі заманғы кезеңін одан әрі зерттеудің екінші шығарылымын дайындау жүргізілуде.
Болашақ және жас сайлаушыларды электораттық-құқықтық ағарту іс-шараларын ұйымдастыру үшін жалпы республикалық деңгейде құжаттардың әдістемелік кешені: мектеп Президентін және қалалық мектептегі өзін-өзі басқару көшбасшысын сайлау, ЖОО студенттері арасындағы олимпиада, жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы конкурс, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау халықаралық институты (бұдан әрі-ТМД ПАА ДДМХИ) бірлесіп халықаралық студенттік ғылыми пікірталастар әзірленді және енгізілді.
Орталық сайлау комиссиясы қалыптастырған Сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша тақырыптар тізбесі еліміздің жоғары оқу орындарына студенттердің, магистранттар мен докторанттардың курстық және дипломдық жұмыстары ретінде ұсынылды.
– Осы қаралы оқиға кезінде көптеген әкімдердің, басшылардың халық алдына шығудан қашқанын білеміз. Өзіңіз де бір заманның қиын кезеңінде осындай қызметті атқардыңыз? Сіздің пікіріңізше, бүгінгі күннің әкімі қандай болуы керек немесе қазіргі әкімдерге қандай қасиет жетіспей жатыр?
– Олар стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешім қабылдау секілді қабілеттерге ие болуы тиіс.
Жасыратыны жоқ, бізде кейде өз мамандығы бойынша кәсіби деңгейі төмен, өмірлік тәжірибесі мүлде аз, халықпен сөйлесуді білмейтін қабілеті шектеулі жастар жоғары лауазымдарға қабылданады. Міне, қателіктер осындай кадрлардан шығып жатады. Оның деңгейін көрген халықтың да, бағыныштыларының да жұмысқа деген ынтасы азаяды.
Кадрлар үлкен басқарушылыққа жету үшін барлық сатылардан өтуі керек. Өзінің қабілетін сол сатыларда көрсеткен адамға ғана сенім біл-діруге болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Құрбанәлі Шахабай,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close