Basty bet
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан
Абылайхан СӘРСЕННІҢ «Журналист жолға шыққанда» эксклюзивтік жобасы – Қарасаз ауылдық округінде
Аудан орталығынан батысқа, таулы өңірге жол тартқан жолаушының алдынан Қарасаз ауылдық округі бірден ұшырысады. Әкімшілік-аумақтық бірліктің өзіндік бірқатар географиялық ерекшеліктері бар. Ауылдық округ солтүстік-батысында Жетітөбе, оңтүстігінде Шақпақ, шығысында Бауыржан Момышұлы ауылымен, Көкбастау, Нұрлыкент ауылдық округтерімен шектеседі.
Басты басымдығы аудан орталығымен іргелес орналасуында. Округ орталығы Қарасаз ауылы Бауыржан Момышұлы ауылынан таяқ тастам жерде, небәрі жеті шақырымда. Базары бір, алыс-берісі жақын, тұрғындардың тыныс-тіршілігі мен қам-қарекеті соған сай бейімделген. Дей тұрғанмен, мұнда соңғы жылдары аудан орталығымен бәсекелесе алатын көркі көз тартар дәулетті де, сәулетті ғимараттар мен сауда, қызмет көрсету орындары көптеп ашылуда. Ауылда бір супермаркет, бір шағын маркет, мейрамхана, дәріхана, мал дәрігерлік дәріхана, тіс емханасы, қосалқы бөлшектер дүкені мен автожанармай құю бекеті, көлік жөндеу шеберханасы, үш бірдей ағаш өңдеу цехы, тіптен ағылшын тілін оқыту орталығы жұмыс істейді.
Кеңестік Петровкадан бүгінгі Қарасазға дейін
Қарасаз – осындағы көк майсалы, шұрайлы саздың бағзы атауы. Аймақтың өткен тарихы ауданның тарихымен шамалас. Өткен ғасырдың басында патшалы Ресейдің министрі Столыпин реформасынан кейін іле-шала қазақ даласына ағылған орыс переселендері Жуалы үстіртіне мықтап орнығып, өз селениелерін тұрғыза бастаған. Кешегі Петровка деп аталған село осылай құрылған.
Одан беріде, кеңес заманында Петровка селосы аса бай, дәулеті тасыған Карл Маркс атындағы кеңшардың орталығы болды. Шаруашылықтың даңқы өткен ғасырдың 70-80 жылдары артып, Бүкілодақтық социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Шаруашылықтың егін алқаптарына сол тұстағы Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев екі мәрте келген. Қарапайым еңбек адамдары арасынан картоп өсіруші Антонина Манченко сынды Социалистік Еңбек Ері шықты. Бүгінгі Жүрімбай, Қарасу, Көктөбе және Ақбастау ауылдары сол кеңшардың бөлімшелері болған.
Қарасаз ауылдық округі – Тәуелсіздік алған жылдары ауданда алғаш құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктің бірі. Қарасаз ауылы ауылдық округтің орталығы болып белгіленді. Ол аудан орталығынан жеті шақырым қашықтықта орналасқан.
Тоғыз жолдың торабына орын тепкен ауылдың үстінен шығысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі басып өтсе, одан сәл әріректе қол созым жерден Түрксіб темір жолы өтіп жатыр. Ал елді мекендері арқылы облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» автомобиль жолы өтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері суғармалы, дегенмен басым бөлігі тәлімі сипатқа ие.
Ауылдық округ ауданның батыс бөлігін тұтас алып жатқан таулы аймақтың сапар картасы іспеттес. Таулы өңірге жолы түскен не ол жақтан бері жолға шыққан жолаушы осы ауылдың үстінен басып өтеді. Ағын суы мол, түгін тартсаң май шығатын жері шаруаға барынша ыңғайлы, ырыс қонып, құт тұнған мекен.
Шақпақ өңірінен басталып, батысқа қарай көсіліп жатқан әйгілі Құлантау, Бөкейтау жоталарының біршама тұсы Қарасаз жерімен де өтеді. Жайылымында желкілдеп өскен өлең шөбінің құнары мол, шұрайлы, онда оттаған малдан өндірілетін балдай сары қымыз, ет, сүт-май таңдайға татымды. Өңір қысы мен жазы жанға жайлы, жұпар ауасы тынысты сергітіп, таза суы қанып ішсең, ішкі сарайыңды ашады.
Бауыржан Тойшыбеков бірнеше жылдан бері ауылдық округтің әкімі лауазымын атқарып келеді. Осы өңірдің бел баласы Бауыржан Мырзайымұлы бүгінде бар білім-білігі мен өмірлік тәжірибесін, қабілет-қарымы мен мүмкіндігін пайдаланып, ауыл жұртшылығын жергілікті жерде мемлекет саясатын жүргізуге, өңірлік даму бағдарламаларының орындалуы мен Тұңғыш Президент-Елбасының дәстүрлі халыққа Жолдауларында белгіленген басым міндеттерді атқаруға жұмылдырып келеді.
Азаматын көріп,
ауылын таны …
Қарасаз ауылдық округінің құрамына енетін Қарасаз, Жүрімбай, Қарасу, Көктас мен Ақбастау ауылдарындағы 768 аулада 3 459 халық тұрады. Тұрғындарының этникалық құрамы 15 ұлттың өкілінен құралған. Халқының тығыздығы әр шаршы шақырымға сегіз адамнан келеді. Әкімдіктің есебіне сүйенсек, аймақта зейнеткерлер саны 387, тыл еңбеккерлері 28, Ауған соғысы ардагерлері – төртеу. Округ алтын құрсақты аналарының көптігімен ерекшеленеді. Мұнда алтыннан және күмістен Алқа таққан 82 ана бар.
Округке тиесілі барлық жер көлемі 28, 0 мың гектар, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 25, 5 мың гектар, оның 12, 0 мың гектары айдалмалы, 0,9 мың гектары суармалы, шабындығы 24 гектар, 6, 418 мың гектары жайылымдық жерлер. Бір тұрғынға шаққанда ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 8,3 гектардан келеді.
Ауылдық округте екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 230 ШҚ жұмыс істейді. Диқандардың дені масақты дәнді, майлы және техникалық дақылдар егумен шұғылданады. Ауыл еңбекккерлері 1335 гектарға күздік бидай, 3000 гектарға арпа, 3412 гектарға мақсары, 72 гектарға картоп, 65 гектарға көкөніс отырғызған. Дәл қазір дала төсінде егін жинау науқанының көрігі қызып тұр. Орташа гектар берекесі 22-24 центнерді құрауда. Шаруалар төрт түлік малдың қысқы азығының берік қорын жасау қамында.
Шаруашылықтардың машина-трактор паркінде әлі де ескі техникалар қатары басым. Мәселен, 5-10 жыл аралығында шығарылған комбайн саны біреу, арнайы техника саны – біреу, 10 жылдан асқан комбайндар саны 28, алты жылға дейінгі трактор саны алтау, 10 жылға дейінгі төртеу, 10 жылдан асқандар саны 65. Өткен жылы округ шаруалары екі дана «МТЗ-80» тракторын лизингке алған, басқа да жабдықтар алған.
Бүгінде елді мекендерде мал шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар көңіл серпілтеді. Соның нәтижесінде округтегі ірі қара мал басы 2 460 басты құраса, оның 952-сі аналық табын, 3 801 бас қой-ешкі, 645 бас жылқы, 6 650 бас құс бар. Осы мал басына байланысты әр ауылдан жұмыс қабілетіндегі азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтуда.
Төртінші деңгейлі бюджеттің жасақталуына байланысты жергілікті бюджет бүгінде бірнеше салық түрінен құралып отыр. Биылғы жыл басынан бері тұрғындардан 1 373,0 мың теңгенің салық түсімдері жиналған, бұл жоспарлы көрсеткіштен 107,0 пайызға артық. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың көлік салығы 1, 282 мың теңге, жер салығы – 60 мың теңге, орындалғаны 63,7 мың, мүлік салығы – 6,0 мың теңге.
Аймақтағы елді мекендерде екі орта мектеп, екі балабақша, бір мәдениет үйі, екі цифрландырылған ақпарат орталығы жұмыс істейді, тұрғындарға бір ауылдық дәрігерлік амбулатория, үш медпункт, бір почта байланысы бөлімшесі қызмет көрсетеді. Ауылдық округ әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, округ аумағында аз қамтылған 162 адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Ауылдық округтің ауылдары қоғамдық көлікпен қамтылмаған, жолаушыларға жекеменшік адам тасымалымен шұғылданушы кәсіпкерлер қызмет көрсетеді.
Ауылдық округ аудандағы ең таза аймақтардың бірі болып есептеледі. Қарасаздықтар елді мекендердің абаттандырылуы мен тазалығына баса мән береді. Елді мекендерден қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару арнайы кесте бойынша жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде, өткен жылы облыстағы Тараз қаласы мен он аудандағы 177 ауылдық округтер арасында өткізілген облыстық «Таза ауылдық округ, таза аула» байқауында Қарасаз ауылдық округі жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Ауыл болсаң, қауым бол…
Ағайынның ұйысқан ынтымағы мен береке-бірлігі туралы айтқанда, округте құрылған жергілікті қоғамдастық және билер алқасының маңызына тоқталмай кетпеске болмайды. Бүгінде адамдар арасында қандай да бір жанжал не даулы жағдай туындай қалса, оларды шешуге жергілікті қоғамдастық пен билер кеңесі араласатын болды. Онға тарта мүшесі бар жергілікті қоғамдастықты ішкі істер саласының ардагері Сағындық Тоқбергенов басқарса, билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров ауылда, ауданда 30 жылдан астам басшылық қызметте істеген көкірек-көзі ояу, қоғамдық белсенділігі мен тәлім-тәжірибесі жетіп артылатын, ел-жұртпен етене тіл табыса білетін азамат. Олардың табанды ұсынысымен аудан орталығына жолаушылар таситын жекеменшік көліктің жолақысы құны мен жеке сектордан қабылданатын сүттің бағасы жүйеленді.
Қоғамдастықтың қалған мүшелері де көптің талқысынан өткен, ел басқару ісінде ысылған жандар. Олардың араласуымен бүгінде ауылдарда біршама тәртіп орнығып, тұрмыс жайсыздығынан туындаған даулар да ептеп азайып келеді. Қоғам қауіпсіздігін, қылмысқа және құқық бұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз етуде басты рөлді учаскелік полиция инспекторы мен ауыл әкімі аппаратының мамандары атқарып отыр.
Қарасаз мәдениет үйінің жанында Әжелер ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль мүшелері ұмыт қалған ұлттық салт-сананы ел арасында жаңғыртып, дәстүрлер мен кәделерді қайта тірілтуде өлшеусіз еңбек етуде. Одан бөлек, көнекөз қариялардан құрылған Әжелер алқасы бар, оны ардагер ұстаз Айгүл Омарова басқарады.
Округке қарасты елді мекендер тұрғындары көгілдір газдың игілігін көптен бері пайдаланып келеді. Биыл жыл соңына дейін бұйырса, ауыз су құбыры іске қосылғалы тұр. Онымен «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұғылдануда. Серіктестік барланған су қоры мол тұстан су тарту мұнарасын орнату үстінде. Онымен қат-қабат көшелердің бойында ауыз су құбырлары жүргізілуде.
Ауыз сумен қабат ауылдағы тіршілікке қажетті инфрақұрылымдар қатары шешімін таппақ. Тақтайдай тегіс жол, қатар тартылған газ, жарық, байланыс желілері бағандары. Халықтың өркениетті, бақуатты күй кешуіне бұдан артық не қажет? Айналысатын тұрақты жұмысы бар болса, дені сау, баспанасы тұрмысқа жайлы болса, нағыз бақыт дегеніміз осы емес пе?!
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Көктас ауылының Достық көшесінің жолына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше шамдары айырбасталып, қызмет көрсетілуде. Жүрімбай ауылының жастары бос уақытында спортпен шұғылдануы үшін спорт алаңы іске қосылса, Қарасаз ауылынан таяуда бой жазу алаңы пайдалануға берілді.
Ортақ өгізден
оңаша бұзау артық …
Округте қарымы кең, дәулеті тасыған шаруашылықтың бірі болып есептелетін «Құлтай» ШҚ жұмысымен танысудың реті түсті. Қожалық басшысы Әмірқұл Мақатаевты шаруашылықтың таяуда сатып алған бұрынғы «Бірлік» ӨК базасында іс басында жолықтырдық. Ол осындағы тозығы жетіп, құлаудың аз алдында тұрған мал базаларының бірінің төбесін мен қабырғасын бұзып, жаңадан салып жатқан жұмысшылардың қимылын бақылап жүр екен.
1996 жылы құрылған шаруа қожалығы негізінен мал шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Бүгінде қарамағында 270 ірі қара бар. Сауынды сиырлар мен ересек малдар тау бөктеріндегі жайылымда бағылуда. Ал ауылда жас бұзаулар күтіп-бапталуда. Күнделікті сауылған сүтті өз көлігімен аудан орталығына апарып өткізіп келеді. Там-тұмдап болса да, науқандық жұмыстарды атқаратын әралуан техника бірліктері бар.
Шаруашылық мал азығын дайындау үстінде екен. Алқаптардағы пісіп, толысып тұрған ақ егіске бүгін-ертең орақ салмақ. Оған бір комбайны мен тасымалдайтын көліктерді дайындап отыр. Мал базасының іргесіндегі шұңқырға сүрлем тастап жатыр. Шаруашылықты әкелі-балалы шаруалардың өздері басқарып отыр. Қарамағында 10-нан астам тұрақты жұмыскер бар. Науқан кезінде одан да көп адам тартылады.
«Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қағиданы берік ұстанатын Әмірқұлдың ішкі есебі мығым. Ал, жер-жерде құрылып жатқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қатысты өз пайымы бар. Бір өзінде бір кооперативке татитындай дәулеті бар шаруашылық өз күші мен табысына сенімді болып, материалдық-техникалық базасы жетіп тұрса, басқаға тәуелді болып қайтеді?
Дәруменге бай аулалар
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы қолға алынғалы бері өңірлерде отбасының кірісін арттыруға сеп болатын қосалқы шаруашылықтарда, үй іргесіндегі бау-бақшада өнім өндіріп, табыс табуға ден қойылып келеді. Ауылдық округ әкімі Бауыржан Тойшыбековтың айтуынша, округтегі 768 аулаға тиесілі 107 гектар үй іргелік жер бар болса, оның ішінде 50 аула жерін пайдаланбай отыр. Олардың басым көпшілігі зейнеткерлер мен жалғызілікті қарттар. 653 аулада 2846 бас ірі қара мал бағылады. 1 309 бас сауынды сиырдан күнделікті орта есеппен 10 литрден сүт сауылып, өткізіледі. Ауыл тұрғындарының әлеуеті әлі де зерделенуде.
Қарасаз ауылының тұрғыны Есімхан Сеңгірбаевтың үй іргесіндегі төрт соттық жерде қияр, орамжапырақ, қызылша, асқабақ, картоп, баклажан, тәтті бұрыш, қызанақ, құлпынай, таңқурай секілді дәруменге бай көкөністер мен жеміс-жидек жайқалып тұр.
Қырық жылға жуық ауыл мектебінде шаруашылық ісінің меңгерушісі болып қызмет істеп, зейнетке шыққан Есімхан ағайдың ұқыпты тірлігіне кісі қызығарлық. Бау-бақшалық жерге ерте көктемде төрт машина қара шірік сіңірілген. Танаптарға бөлінген дақылдар уақтылы суғарылады, арасында шөп-шалам жоқ, қамқор қолмен күтім жасалатыны көрініп тұр. Мына, бақшаның бір шетінде ағашты бойлап өскен қиярдың өркен жайған көрінісі қандай керемет! 21 қатарға картоптың екі сұрыпы отырғызылыпты. Олар да жақсы түп алып тұрғаны байқалады. Ал әне бір тұсқа 10 шақты түп алма ағаштары қондырылыпты.
Ауылда ауласын табыс көзіне айналдырмаса да, отбасының қажетіне жаратып отырған Есімхан сынды отбасылар көп-ақ. Олар бақшадан алған өнімдерді ешқайда апарып өткізіп, пұл етпесе де, үй-ішінің, бала-шағасының ішім-жеміне жарайтынына сенімді, оны сатып алуға отбасы бюджетінен артық теңге шықпайды. Бүгінде үлкен бір әулеттің иесі болып отырған Есімхан ағай болса, бүгін-ертең қолдан ұзатқалы отырған немере қызының ұзату тойының дастарқанына қоятын біраз көк-сөктің өз шарбағынан шығатынына дән риза.
Табиғат байлығы қашанғы
тонала береді?
Біз ауылдық округті аралау барысында көрген-білгенімізден, сұхбаттасқан ел ағалары мен қарапайым адамдардың ой-пікірлерінен жағымды ой түйдік. Ауданның басқа өңірлерімен салыстырғанда мұнда жаңа леп, соны серпіліс бар. Дегенмен, әттеген-ай дегізетін олқы тұстар да жоқ емес. Мәселен, ауылда тартылып жатқан су құбырының құрылысы барысында ескеретін бір жайт, көше бойларында қазылған орлар үйіндісінің топырағы әрі-бері өткен көліктің желімен көтеріліп, шаңға айналуы. Сондықтан жергілікті атқарушы билік мердігерден көше бойларына су шашып, шаңды басып отыруын талап етуі тиіс.
Ауыл тұрғындарының осы мақалаға қосуымды өтінген тағы бір мәселе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қарасаз ауылы тұсына жаяу жүргіншілер көпірін салу, осы жол қиылысының қос қапталын темір шарбақтармен қоршау қажет.
Жылда қайталанатын бір үрдіс, күн жылына Теріс өзенінің табаны қазылып, қиыршық тас пен құм алына бастайды. Соның салдарынан өзеннің жағалауы опырылып, алыстап барады. Сондықтан бұл арадан қиыршық тас пен құм өндіретін заңды құқығы бар арнайы карьер ашып, табиғат байлығын халықтың керегіне жарату мәселесі күн тәртібінде тұр.
Бұл айтылған жайттарды жергілікті атқарушы биліктің шындап ескеруі тиіс.
Р.S. Аудандық газет бетіндегі «Журналист жолға шыққанда» атты эксклюзивтік жобаны біз биыл тағы да жалғастыра отырып, барлық елді мекендерге табанымызды тигізіп, арда оқырманды сол өңірдің арғы-бергі өткенімен, бүгінгі болмыс-бітімімен, табыстарымен және жетістіктерімен, басқаларға үлгі етер тың жобалармен және ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, проблемалық мәселелердің түбіне үңіліп, оған мүмкіндігінше қозғау салып көрмекпіз. Барлық сапарларымызда аймақтарда кейде уақыт талабына кереғар, тіптен парадоксті жағдайлардың жиі ұшырасып жататынын көріп жүрміз. Дәл осындай өзекті де өткір тақырыптарды мақаламызға арқау етіп, бұқараның билікке айтар батпандай базынасын, өкпе-назы мен өтініш-тілегін айна-қатесіз қағазға түсіріп, тиісті жерге жеткізуге тырыспақпыз.
Біз бүгін аудан орталығымен іргелес Қарасаз тарабындағы шаруа баққан ағайынның хал-жағдайы мен қам-қарекетін қолдан келгенше қаузадық. Бәлкім, қамтылмай қалған мәселелердің әлі де бар екеніне күмәніміз жоқ. Егер де ауданның қай өңірінен болсын, алда-жалда жобаға қолұшын беремін, айтарым бар деген азамат табылып жатса, пікірін тыңдауға, ұсыныстарын ескеруге әркез дайынбыз.
Суреттерді түсірген,
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ